Салауат
Арай Әміре, диетолог: Кез келген адам арықтай алады
Арай Әміре диета мен дұрыс тамақтану жайлы
Арай Әміре – диетолог, биохакер. «Жыл диетологы – 2018» номинациясының иегері. Халықаралық Диета ассоциациясының мүшесі. Арай Әміре сонымен қатар «Диетология» курсының авторы.
Арай Әміре:
Артық салмақ – аурудың бастауы
Кез келген артық салмақ организмде ауру тудырады. Адамда артық салмақ болса, жүрек қан тамырында мәселе бар, метоболизмі дұрыс емес, гормондық ауытқулары бар деген сөз. Артық салмақ қалқанша безі, артрит, артроз секілді ауруларға алып келеді. 2,3 дәрежедегі артық салмағы бар адамдар белгілі бір бастапқы деңгейде созылмалы ауруларға ұшырайды.
Артық салмақты қалай анықтайды?
Дене массасының индексі – адамның салмағы мен бойының сәйкестік дәрежесін анықтауға көмектесетін формула. Ол салмақтың жеткіліксіз, қалыпты немесе артық екендігін бағалайды.
Дене массасы индексін есептейік:
Мысалы, адам массасы = 80 келі, бойы = 160см. Бұл жағдайда дене массасының индексі:
ДМИ = 80:(1,60×1,60) = 31,25
Қорытынды: бірінші дәрежелі семіздік.
Дене массасы индексі:
16 және одан кем – массаның дефициті.
16-18,5 – дене массасының жеткіліксіздігі.
18,5 – 25 – қалыпты.
25 – 30 — Дене массасының артықтығы
30 – 35 – Бірінші дәрежелі семіздік.
35 – 40 – Екінші дәрежелі семіздік.
40 және одан көбірек – Үшінші дәрежелі семіздік
Диета мен дұрыс тамақтанудың айырмашылығы
Диета – отадан шыққан соң немесе белгілі бір аурумен ауырған кезде өзінің нормасына сай тамақтан шектеп, ұсталатын ем-дом түрі. Ал, дұрыс тамақтану күнделікті өмір салтымызға айналуы керек. Дұрыс тамақтануда көбіне жеміс-жидекті, көкөністі, көк шөпті, қара ұннан жасалған тағамды қолданамыз. Әр адам өзінің күнделікті жұмысына, тұтынатын энергиясына байланысты калориясын есептеп, тамақтанады.
Артық салмақ қайдан пайда болады?
Артық салмақ болсын, жалпы, кез келген ауру үш түрлі фактордың әсерінен пайда болады: психологиялық, анатомиялық (физикалық), химиялық (сыртқы фактордың әсерінен, еркінен тыс). Кез келген адам өзімен жұмыс істеп бастағанда осы 3 факторды ескеріп, үшеуімен де қатар жұмыс істеуі керек. Қазіргі таңда артық салмақтың жиналуына психологиялық фактор жиі әсер етеді. Телефонды шектен тыс қолдану, үнемі интернет қосылып, ақпаратты фильтрден өткізбей қабылдау, дұрыс ұйықтамау да стресске алып келеді. Ал, бұл өз кезегінде адамның салмақ жинауына тікелей әсер етеді.
Режимді бұзып қоймас үшін…
Артық салмақпен күрес барысында ерік-жігер сыр беріп, режимді бұзып алмау үшін «cheat meal» енгізу керек. Бұл дегеніміз аптасына бір рет өзі қалаған тағамды тұтынуына болады. Сонымен қатар аптасына бір рет «разгрузочный день» жасап отыру керек. Сонда ерік-жігер де төтеп береді. Адамның сүйікті ісі, хоббиі болғаны дұрыс. Дұрыс тамақтанудың не екенін зерттеп, саналы түрде шешім қабылдап келу керек. Егер адам саналы түрде дұрыс тамақтануға көшпесе, бәрібір де режимді бұзып қояды.
Вакуум жаттығуы теріс нәтиже беруі мүмкін
Вакуум жаттығуын жүкті әйелдерге, босанғаннан соң 3 айға дейін, кесір тілігімен босанса, 6 айға дейін және қандай да бір гинекологиялық өзгерістері мен аурулары барларға жасауға болмайды. Жаттығудың арнайы техникасы бар. Егер дұрыс жасалмаса, керісінше теріс нәтиже беріп, денсаулыққа қауіп тудырады.
Интервалды ашығу туралы…
Интервалды ашығу 20/4; 16/8; 18/6 режимдері бойынша әртүрлі болып келеді. Сондықтан бұл режимге дайындықпен кіріп, дұрыс шыға білу керек. 16 сағат тамақтанбайсыз, 8 сағатта бір тәулікке жетерлік калориямен ас ішесіз. Бастапқы кезде салмақ тастау үшін инсулин жоғары болған кезде гармондарды реттеп отыру үшін интервалды ашығуды қолдануға болады.
Қосымша процедуралар
Адам арықтамас бұрын денсаулығын толықтай тексеруден өткізу керек. Барлық анализ бен гармонды тексертіп, дефициттің орнын толтырып барып, арықтауды бастау керек. Артық салмақтан арылып жатқан адамның өзінің салмағына байланысты қосымша процедуралар тағайындалады. Йога, физикалық жаттығулармен айналысып, белгілі бір витаминдер қабылдау керек.
Кез келген адам арықтай алады
“Генім сондай”, “Отбасымызда барлығы толық”, “Сүйегім ірі” деген дүниенің бәрі – сылтау. Егер себебін анықтап, денсаулыққа көңіл бөлінсе, кез келген адам арықтай алады. Ал, жоғарыдағы сылтаулардың бәрін ерек-жігері аз, өзін-өзі қолға алғысы келмейтін жандар ойдан шығарып алған.
Сұхбаттасқан: Сымбат Еркімбек