Салауат

Ми демалысы: Пайдасы және іске асырудың әдістері

Ми демалысы сізге қалай көмектеседі?

Ми демалысы қай жастағы болмасын, барлық адамдарға қажет. Бір күннің ішінде миымыз тоқтаусыз ақпаратты өңдеп, сақтап отырады. Егер оған демалыс беріп, бір уақыт сергітіп алмасақ, көңіл-күйіңіз бен денсаулығыңызға кері әсер етіп, жұмыста табысқа жетуге кедергі болады. Сол себепті белгілі уақыт аралығында миыңызға демалыс сыйлауды ұмытып кетпеңіз.

Миды сергітудің пайдасы қандай?

«Адамдар өздеріне көлікке қарағандай қарайды. Ауыр жұмыстарды жүктеп, шамадан тыс шаршайды», — дейді Флорида циркадты медицина орталығының директоры Мэтью Эдланд. Ауыр жұмыс күнінен соң немесе ұзақ жиналыстан кейінгі өзіңіздің жағдайыңызды еске түсіріп көріңіз. Миыңыз қатты шудан немесе өте көп ақпараттан шаршаған кезде ештеңе қабылдамайды. Маңызды дүниелерді ұмытып, көп қателіктер жасайсыз. Күнделікті қарбаласта өтетін өмір салты сіздің жетістікке жетуіңізге, шығармашылық дамуыңызға кері әсерін тигізеді.

Кейде бізге үлкен жетістіктерге жету үшін көп жұмыс істеу қажет секілді болып көрінеді. Алайда мұндай әрекет кері нәтижеге апарып соғуы мүмкін.

Стюарт Фридман ми жұмысы жайлы былай дейді: «Миға демалыс қажет. Аздаған үзілістен соң сізде шығармашылық ойлау жүйесі жақсы жұмыс істейді. Шешім қабылдау оңайға түсіп, өз ісіңізден ләззат аласыз».

         Мидың қалпына келуіне мүмкіндік бермейміз

Біздің миымыз екі режимде жұмыс істейді. Біріншісі іс-әрекеттерге бағытталған. Осының арқасында маңызды нәрселерге назар салып, мәселелерді шешеміз. Сырттан келген ақпараттарды өңдейміз. Әрі мұндай режим теледидар көру барысында, әлеуметтік желіде отырған кезде де жұмысын жалғастыра береді.

Екінші режим – мидың пассивті жұмыс уақыты. Бұл біз ешнәрсе жасамай отырған кезде іске қосылады. Мысалы, кітап оқып отырып, соңғы екі бетінде не айтылғанын ұмытып қалуыңыз мүмкін. Дәл сол уақытта сіздің миыңыз пассивті жұмыс режиміне көшті. Түрлі нәрселерді ойлап, өзіңізді еркін сезінесіз.

Мидың пассивті жұмысы өміріңізде болып жатқан оқиғаларды бір ретке келтіруге септігін тигізеді.. Әрі аяқ астынан бұрыннан шешілмей келген мәселенің шешімін табуыңыз да мүмкін. Миға пассивті жұмыс істеуге мүмкіндік берген жөн. Өйткені бұл уақытта сіздің миыңыз қайта қалпына келеді.

         Миды тынықтырудың жолдары және оны ұйымдастыру

Ойлануды қажет етпейтін іспен шұғылданыңыз

         Ыдыс жуу, үй шаруасымен айналысу, бақта серуендеу және өзге де істер мидың пассивті жұмыс режиміне көшуіне көмектеседі.

Телефонды ысырып қойыңыз

         Кей адамдар іші пысқанда не бос отырғанда телефонды серік еткенді ұнатады. Алайда бұл сіздің демалуыңызға мүмкіндік бермейді. Ұялы телефоныңызды шетке қойып, оған алаңдамауға тырысыңыз. Бастапқы уақытта өзіңізді жайсыз сезінуіңіз мүмкін. Бірақ біраз уақыт өткен соң айналаға көз жүгіртіп, ойлануға мүмкіндік аласыз.

         Көп серуендеңіз

         Саябақта серуендеу қала ішінде қыдырғанға қарағанда көбірек көмектеседі. Қала ортасында көліктің дауысы, адамдар ойлануыңызға кедергі келтіреді. Ал құстардың дауысы, жапырақтардың сыбдыры және өзге де табиғат дыбыстары сізді тыныштандырады. Ми демалысы үшін табиғат таптырмас орын.

         Өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз

         Мидың пассивті жұмыс істеуі миыңызға демалыс сыйлаудың жалғыз жолы емес. Зейін мен назарды қажет етсе де, сүйікті ісіңізбен айналысу да үлкен көмегін тигізеді. Теннис, кітап оқу, музыкалық аспапта ойнау, концертке бару жұмыс уақытында жоғалтқан күш-қуатыңызды қалпына келтіреді. Сол себепті сізге қуат беретін істерді анықтап алыңыз.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!