Салауат

Эстетикалық остеопатия. Сұлулық остеопаттың қолында

Эстетикалық остеопатия дегеніміз не?

Эстетикалық остеопатия – хирургиялық көмексіз-ақ табиғи сұлулықты сақтауға, жас көрінуге мүмкіндік беретін остеопатияның бір түрі. Остеопатияның пайда болғанына 140 жылдан асты. АҚШ-та және басқа еуропалық мемлекеттерде остеопатияға деген көзқарас түзу. Остеопат-дәрігер қан айналымның бұзылуымен, дене мүшелері мен терінің орталық жүйке жүйесімен байланысының нашарлауымен, қандай да бір қимыл-қозғалыс жасауда туындайтын жайсыздықпен күресетін маман.

«Бет терісінің күтімі мен сұлулықтың сақталуына остеопатияның қатысы қанша?» деген сұрақ сізде туындайды. Ендеше мануальді медицина докторы Мади Алдабергенов остеопатия мен әдемілік арасындағы байланыс яғни эстетикалық остеопатия туралы Balbal.kz мотивациялық сайтының оқырмандары үшін жауап беруге дайын. Мади Алдабергенов эстетикалық остеопатияны оқытатын семинарлар өткізетінін де ескерткіміз келеді.

Мади Алдабергенов:

Алматы-Киев

Жекеменшік медициналық орталықта жұмыс істеп жүрген кезім. Қасымдағы кабинетте клиенттерге лимфодренажды костюм кигізетін. Ең қызығы, бұл костюм тек денеге арналатын. «Бетке неге лимфодренаж жасамайсыздар?» деп сұрадым. Олар мұның қауіпті екендігін алға тартты. Себебі денемен жұмыс істеу оңай. Ал лимфодренаж бетке дұрыс жасалмаса, бет-мұрын ісіп кетіп, клиент ыңғайсыз жағдайға тап болуы мүмкін екен. Міне, осы кезде «бет-әлпетпен жұмыс істеу бәсекелесі жоқ сала екендігін» ұқтым. Алайда бет жасалатын массаждан қарағанда мына тәсілдің он есе тиімді, пайдалы болатындығына көзім жетті. Білімімен бөлісетін мамандарды іздестірдім. Сөйтіп Киевке жол тарттым. Украиналық остеопат-дәрігердің  «эстетикалық остеопатия» бойынша жеке сабағын алдым.

Фасция – жейде

Украиналық маман беттің әдемілігін қалпына келтіру мақсатында бірден төрт бағытта жұмыс істейтін. Біріншісі – ол фасция. Қарапайым тілмен түсіндірейін. Фасция дегеніміз бұлшықеттің үстіне кигізілетін жейде. Тамаққа ет турап жатқанда шандырға көзіңіз түседі ғой. Міне, сол шандыр – фасция. Сіздің өлшеміңіз «M» бола отырып, сіз «XS» өлшеміндегі жейде кисеңіз, өзіңізді жайсыз сезінесіз ғой. Демек фасция тартылса, бұлшықет те қауқарсыз болып, тартыла бастайды. Бұлшықет тартылмас үшін алдымен фасциямен жұмыс істеу міндетті. Массажистер бетке массаж жасағанда фасцияға мән бермей бетті оңға-солға тарта бастайды.

Анатомиялық реттілік – жазылмаған заң

Екіншіден, ол лимфолық түйіндермен жұмыс істейтін. Ең маңыздысы, анатомиялық реттілікті сақтайтын. Мысалы, көздің лимфолық түйіндерін босатуымыз керек делік. Ал көздің лимфолық түйіндері төмен қарай ағады. Сондықтан кеуде, мойын, мұрын, құлақ лимфолық түйіндерін тарқатып болған соң ғана көзге көшеміз.

«Ауызбен жұмыс істеу» техникасы

6 жыл бұрын мен осы техниканы Қазақстанға алып келген едім. Соңғы 2-3 жылда ғана бұл техника қолданысқа енді. «Ауызбен жұмыс істеу» деген не? Мұны интраоральды техника дейміз. Эстетикалық остеопат қолына арнайы медициналық қолғап киіп, түкірікті тудыратын ауыз қуысындағы бездердің жұмысын реттейді. Мысалы, екінші иектің пайда болуы осы бездің жұмысының нашарлауымен байланысты. «Ауызбен жұмыс істеу» техникасының арқасында екінші иекті азайтуға, кейде мүлдем кетіруге болады.

Сүйек «дем алуы» керек

Алдымен сізге адамның бет-жүзінің сүйектері бетіңізде әжім бола ма, жоқ па, екінші иегіңіз шыға ма, жоқ па, тікелей жауап беретіндігін айтқым келеді. Себебі сүйек «дем алады». Сүйек арқылы кинетикалық энергия тарайды. Ал тісіңізге имплант салынып не физикалық жарақат алып, сүйегіңізге зақым келсе, сүйек дұрыс «демала алмай» қалады. Нәтижесінде ісік пайда бола бастайды. Ол әртүрлі жағдайға, мысалы, әжімнің түсуіне, бет терісінің қартаюына алып келеді.

Эстетикалық остеопатия ғажайыбы

мимикалық әжімді азайтады;

көз айналысындағы әжімді азайтады;

бет-әлпеттің сопақтығын қалпына келтіреді;

беттің деформациясымен яки қисаюымен «күреседі»;

тонусты қалпына келтіреді;

табиғи жасару процесін іске қосады.

Пластикалық отаға бармас бұрын

Бір күні пластикалық отадан соң алдыма бір пациент келді. Оның бір беті ісіп кетіпті. Пластикалық ота жасаған дәрігеріне барып шағымданса, «уақыт керек, күтейік, кейде осындай жағдай болады» депті. Екі сеанстан кейін бетінің бір жағындағы ісік толық кетті. Неге? Пластикалық хирургтер эстетикалық остеопатияның қағидаларына сәйкес әрекет жасамайды. Олар кесудің, тігудің шеберлері. Кез келген пациент отаға жатпас бұрын остеопатқа көрінсе, отадан кейін мұндай жағдайлар туындамайтын еді. Мен мұны жақсы түсінгендіктен отандық хирургтерді аралап шығып, бірге жұмыс істеуге ұсыныс тастадым. Өкінішке қарай, «жоқ, сіз бізге керек емессіз» деген жауап қана естідім. Бірақ кейін олар өз жақындарын менің қабылдауыма жіберіп отырды. Ресейде беделді клиникаларда пациент пышақтың астына жатпас бұрын эстетикалық остеопаттың қабылдауында болады. Нәтижесінде асқыну болмайды.

Хондрозы бар әйелдің оқиғасы

Сіздерге түсінікті болсын, бір мысал келтірейін. Алдыма кеудесіне пластикалық ота жасаған бір әйел келді. Омырауға имплант салатын ота жасалып болған соң шарт бойынша қатты корсет кигізілетіндігін білгейсіз. Ал ол әйелде хондроз болған. Сондықтан арқамен жатып ұйықтай алмайтын. Ал мұны дәрігерлер білмеген, сұрастырмаған. Кеудеге жасалған пластикалық отадан соң ішпен жатуға тыйым салады. Арқасы ауыратын әйел не арқамен, не ішпен жата алмай, ақыр аяғында бір жақ бүйірімен ұйықтауды жөн санайды. Енді, міне, бір кеудесі үлкен, біреуі кішкентай болып жыларман халде хирургіне барады. Ол болса, «Біз сізге арқамен жатуыңыз керек деп айттық қой. Неге тіл алмадыңыз? Мен өз жұмысымды атқардым» деп бой бермейді. Қайталап айтамын, пациент алдымен остеопатқа көрініп, содан соң отаға кірсе, мұндай оқиғалар болмас еді.

Клиенттікі әркез дұрыс!   

Бәріміз бұл жазылмаған ережені білетіндейміз. Алайда «клиенттікі әркез дұрыс!» деген ұран нені білдіреді? Денсаулық саласында жұмыс істегендіктен, мен үшін бұл клиенттің денсаулығы. Кез келген болуы мүмкін асқынуды алдын-ала ескерту, жасалуы керек ем-домды да тәптіштеп түсіндіру де міндет. Айналып келгенде, бұл көрсетілуі тиіс сапалы сервис. Алайда мұнымен бәрі бітпейді. Кеудесіне пластикалық ота жасатқан әйел денсаулығына емес, сұлулығына мән бергенін білесіз. Ол бал-бұл жайнаған беті үшін хондрозын екінші орынға ысырып қойды. Демек адам үшін оның түрінің әдемі болуы аса маңызды. Ал бейқам пластикалық хирургтер есебінен бір беті ісіп, қисайып, екі кеудесі екі түрлі болып қалған әйелдер қандай қиын жағдайға душар болып қалады? Олардың қаншалықты қатты стресс алатындықтарын болжау қиын. Сондықтан пластикалық ота жасатпас бұрын эстетикалық остеопатқа көріну қай жағынан алсаң да ең дұрыс шешім.

Эмоциялық фоннан әжім түседі

Эстетикалық остеопаттың сеансынан кейін маңдайдағы әжіміңіз кетеді. Бірақ бұл нәтиже ұзақ сақтала ма, жоқ па, қуанышыңызға орай/өкінішіңізге қарай тек сізге байланысты. Әртүрлі уақыт бұрын екі әйел маңдайдағы әжіміне налып, қабылдауыма келді. Екеуі де сеанс алды. Әжімдері кетті. Бүгінгі таңда біреуінде әжім әлі жоқ, ал екіншісі әжім түсіріп үлгерді. Неліктен? Көп ренжіп, іштей қарсылық танытып, маңдайын шытып жүретін адамға қайтадан әжім түсуі заңдылық. Ал өз көңіл-күйін өзі бақылап, ештеңе қарамастан өзін жайбарақат әрі бақытты сезінетін адамның беті де бал-бұл жайнап тұрады. Сондықтан эстетикалық остеопатқа барғаннан соң «бар мәселем шешілді» деп қуану ерте. Ары қарай сіз сұлу әрі сымбатты болғыңыз келсе, эмоцияңызды бақылап үйрену керек.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close