Біліп жүр
Әкемтеатры Түркияның Адана қаласына гастрольдік сапармен аттанады
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Түркия мемлекетінің Адана қаласында өтіп жатқан V халықаралық театр фестиваліне қарашаның 4-6 жұлдызы аралығында қатысады.
Осы уақытқа дейін театр ұжымы Түркия елінде өткен түрлі халықаралық фестивальдерге қатысып, жоғары баға алған болатын. Бұл жолғы сапарында М.Әуезов театры Түркияға түркі халықтарына ортақ — түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист, Сырдария бойында өмір сүрген, оғыз-қыпшақ тайпалық бірлестігінде Х ғасырдың басында дүниеге келген Қорқыт Ата жайындағы қойылыммен барады.
«Қорқыттың көрі» қойылымы Қорқыт бабамыздың запырандай ащы аңыз өміріне арнап қойылған сахналық түйсіктің бейне тұжырымы. Ол өркениеттің, мәдениеттің, өнердің, күйдің қасиетті де киелі рухани ұғымның жаназа-реквиемі.
Жалпы, Әкемтеатрында тәуелсіздік жылдары республикадан және алыс-жақын шетелдерден режиссерлер шақырып отыру дәстүрі қалыптасқан. Жазушы-драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымын сахналаған КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал Литвалық режиссер — Йонас Вайткус. Бұл қойылымда театрымыздың 15 артисі өнер көрсетпек.