Австриялық Леопольд Моцарт пен Анна Мария Петрльдің отбасында жеті бала дүниеге келген. Алайда, тағдыр тәлкегімен олардың тек екеуі ғана тірі қалған. Бірі — Мария Анна Моцарт, екіншісі — Вольфанг Амадей Моцарт. Әлем музыкасына елеулі үлес қосқан Вольфанг Амадей Моцарттың тағдыры көпшілікке белгілі. Біз бүгін сіздерге өз заманында Еуропаның үздік музыканттарының қатарына кіріп, бірақ кейіннен сахнадан кетуге мәжбүр болған Мария Анна Моцарт туралы мәлімет бермекпіз.
Мария Аннаны бала кезден жақындары Наннерль деп атаған екен. Вольфанг Амадейден 4 жасқа үлкен болған ол 1751 жылы 30 шілдеде Зальцбург қаласында дүниеге келген. Әкесі Леопольд композитор болғандықтан қызына 7 жасынан музыка дәрістерін бере бастайды. Мария Анна алдымен клавесин аспабында ойнауды үйренеді. Әпкесіне қарап, Волфанг Амадейдің де музыкаға қызығушылығы оянады. Нәтижесінде, ол клавесинға 3 жасында отырады.
Мария Анна әуенді бір естігеннен жаттап алып, қайталап ойнап бере алған. Сол қасиетінің арқасында әкесінен бірнеше жыл дәріс алғаннан кейін Наннерль Еуропаны аралап концерт береді. Сөйтіп, өз заманының үздік пианистерінің қатарына енеді.
1764 жылы жазған бір хатында Леопольд Моцарт былай дейді: «Менің кішкентай қызым ең күрделі саналатын композицияларды ғажап дәлдікпен ойнай алады. Мария Анна небәрі 12 жаста болса да Еуропадағы озат пианистердің бірі екеніне шүбә жоқ».
«Басқа Моцарт» пьесасын жазған және Моцарттың әпкесінің тағдырын зерттеген маман Сильвия Майло “Huffington Post”-қа берген сұхбатында Мария Анна інісінің көлеңкесінде қалып қойған кемеңгер екенін айтты: «Ұлы композиторлардың ең күрделі туындыларын еш қатесіз жеңіл әрі әдемі орындайтын он бір жасар қызды елестетіп көріңіздерші»,- дейді зерттеуші.
Болашағынан зор үміт күттірсе де Мария Анна Моцарттың өнердегі жолы 1769 жылы аяқталды. Себебі, осы жылы кәмелетке толған оған інісімен бірге бір сахнада өнер көрсетуге тыйым салынды. Тұрмысқа шығатын жасқа жеткен қыз Зальцбургтегі анасының жанына көшуге мәжбүр болып, содан бері сахнаға қайта оралмады.
Мария Анна бойжеткен шағында Франц Арманд д»Иппольд есімді сарай қызметшісіне ғашық болады. Алайда, әкесі олардың отасуына қарсы болып, қызын магистрат Иоганн Баптист фон Зонненбургке тұрмысқа шығуға көндіреді. Өзінен он бес жас үлкен және қайтыс болған екі әйелінен бес баласы бар күйеуіне Мария Анна үш бала туып береді. Оның кейінірек бірнеше музыкалық композиция жазғаны белгілі. Алайда, туындылар біздің күнге дейін сақталмаған. Вольфанг Амадей Моцарт сол шығармаларды көргенде әпкесіне қатты таңғалғанын жеткізген екен.
Мария Анна Моцарт 1829 жылдың 29 қазанында 79 жасқа қараған шағында қайтыс болған.