Компас
Әлемнің жаңа жеті кереметі
Тарихшылар соңғы нұсқа Ескендір Зұлқарнайын патша заманында жасалғанын айтады.
Әлемнің жеті кереметі деген топтама шыққалы бірнеше мың жыл өтті. Тізім алғашында өзгеріске жиі ұшырағанымен, кейіннен тұрақталып, Жер бетіне бір нұсқада тараған. Тарихшылар соңғы нұсқа Ескендір Зұлқарнайын патша заманында жасалғанын айтады. Кереметтердің ішінен біздің күнімізге дейін тек Мысыр пирамидалары ғана сақталған.
Осы және басқа да себептер адамзатты әлемнің жаңа жеті кереметін анықтауға итермеледі. Сөйтіп, 2007 жылы Бернар Вебердің бастауымен New Open World Corporation (NOWC) ұйымы бүкіләлемдік сауалнама жүргізіп, әлемнің жаңа жеті кереметі деген топтама жасап шықты. Ол топтамаға сәулет өнерінің мынандай ғажаптары енді:
- Колизей
- Ұлы Қытай қорғаны
- Мачу-Пикчу
- Петра
- Тәж Махал
- Құтқарушы Иса Мәсіх мүсіні
- Чичен-Ица
Колизей. Италия астанасы Рим қаласындағы архитектуралық ескерткіш. Антика дәуірінің ең ірі амфитеатры саналады. Құрылысы біздің заманымыздың 72 жылында император Тит Флавий Веспасиан кезінде басталып, біздің заманымыздың 80 жылында толықтай аяқталған. Алғашында нысан «Флавийлар амфитеатры» деп аталып жүрген, тек VIII ғасырда оған Colosseum атауы берілді. Бұл атау латыншадан аударғанда «өте үлкен», «алып» деген мағына береді. Колизейге 50 мыңға жуық адам сыйған. Оны Рим билігі гладиаторлар шайқасы, жыртқыштардың айқасы сынды түрлі көңіл көтеретін шараларға пайдаланған.Император Марк Опеллий Макрин билігі кезінде Колизей өрттен қатты зардап шеккен. Кейіннен Марк Аврелий Север Александр императордың шағында ол қайтадан қалпына келтірілді. Ал, 248 жылы император Марк Юлий Филипп Колизейде Римнің мың жылдығын атап өтті. Флавий Гонорий Август кезінде Римде христиан діні таралып, гладиаторлар шайқасына шектеу қойылған. Сол себепті Колизейде тек аңдар айқасын өткізуге тура келді. Бұл алып ғимараттың біртіндеп қирауы Рим империясының құлдырауымен тікелей байланысты. Қазіргі күні ескерткіш Италияның негізгі туристік нысандарыны қатарына енеді және мемлекет қорғауына алынған.
Ұлы Қытай қорғаны. Ұзындығы 8851,9 шақырымға созылған Қытай Халық Республикасының солтүстігіндегі қорғаныс қабырғасы. Егер нысанның түрлі бұрылыстары мен қосымша құрылыстарын есептесе, оның ұзындығы 21 196 шақырымды құрайды. Қабырғалардың қалыңдығы 5-8 метр, биіктігі 6-7 метр, кей тұстарында 10 метрге дейін жетеді. Қорған Иньшань тауының бойына салынған. Оның атауы ғасырлар бойы ауысып тұрған. Алғашында «бөгет», «қамал», кейіннен «қызылкүрең шекара», «айдаһарлар алқабы» деген секілді атаулар қолданылған. Ал, қазіргі атауын қытай тілінен тікелей аударса, «ұзын қабырға» деген мағына береді. «Ұлы Қытай қорғаны» деген тіркес тек XIX ғасырдан бастап қолданысқа енген. Айта кетерлігі, нысан құрылысы б.з.б. III ғасырда басталған. Деректер бойынша, ол Қытай мемлекетін хунну тайпаларының шабуылынан қорғау үшін ондаған жылдар бойы, миллионнан астам адамның күшімен салынған. Десе де, тарихшылар қабырға өзінің негізгі міндетін дұрыс атқара алмады деген ойда. Тіпті, көне заманда да қытай жылнамашылары қорғанды сан мәрте сынаған. Себебі, көшпенділер үшін биік қабырғаны айналып өту немесе осал жерін тауып, күзетшілерді сатып алу қиынға соқпаған.
Мачу-Пикчу. Қазіргі Перу жерінде 2450 метр биіктікте тұрған көне қала. Оның атауы кечуа тілінен аударғанда «кәрі шың» деген мағына береді. Одан бөлек, Мачу-Пикчудың «қираған қала», «бұлт арасындаға қала» немесе «инктердің жоғалған қаласы» деген атаулары да бар. Ғалымдар бұл қаланың негізін 1440 жылдары инктердің ұлы көсемі Пачакутек қалады деген пікірде. Қала инктер мемлекетіне испаниялық басқыншылар келгенше тіршілік еткен. Бір қызығы, 1532 жылы оның барлық тұрғындары құпия жағдайда жоқ болып кеткен. Құрылыс нысандарына қарап, мұнда шамамен 1200-дей адам өмір сүргені және ғимараттардың дені ғибадатханалар мен азық-түлік сақтайтын қоймалар болғаны анықталған. Айта кетерлігі, қаланы тұрғындары тастап кеткеннен кейін оның бар екенін 400 жыл бойы ешкім білмеген. Тек 1911 жылы осы маңнан ұшып бара жатқан ұшқыштар байқап қойғаннан соң ғана Иель университетінің проффессоры Хайрам Бингем арнайы сапар жасап, Мачу-Пикчуды ғылыми зерттеу басталған. Қазіргі күні бұл таңғажайып қаланы көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристердің саны көп. Бұл қаржылай пайда алып келгенімен, ескерткішке айтарлықтай зиян туғызатын жайт. Сол себепті, 2011 жылдан бастап, нысанға күніне тек 2500 адамға келуге рұқсат берілген. Дегенмен, ЮНЕСКО келушілер санын 800 адамға дейін қысқартуды талап етіп отыр.
Петра. Иордания жеріндегі көне қала. Ол Вади-эль-Араба алқабындағы Сик шатқалдарында орналасқан. Атауы грек тілінен аударғанда «тас» деген мағына береді. Өз кезінде бірнеше сауда жолдарының қиылысында орналасқандықтан аса қарқынды дамыған. Әсіресе, Парсы шығанағынан аттанып, Арабия шөлімен өтетін керуендер үшін Петра шөл басатын, демалатын шұрат саналған. Алайда, римдіктер шығыс пен батысты байланыстыратын теңіз жолын салғанда құрлықтағы сауда жолдары құрдымға ұшырап, Петраның да дәурені аяқталады. Қала өркениеттердің тоғысқан тұсында тұр. Содан болар ондағы ғимарттар әр алуандығымен ерекшеленеді. Қазіргі уақытта Петра Иорданиядағы ең танымал тарихи ескерткіш саналады. Оны көру үшін бұл маңға жылына 500 мыңға жуық турист келеді.
Тәж Махал. Үндістанның солтүстігіндегі Агра қаласында орналасқан кесене. Ол 1632 мен 1653 жылдар аралығында Әмір Темірдің ұрпағы — Ұлы Моғол империясының падишахы Жахан шахтың бұйрығымен жары Мұмтаз Махалдың құрметіне салынған. Ғимаратты тұрғызу үшін 20 мыңға жуық қолөнерші-ұсталар жұмыс істеген. Кесене ішінде Жахан шах пен Мұмтаз Махалдың моласы бар. Тәж Махал тұтастай ақ мәрмәрдан тұрғызылған. Қабырғаларындағы кесек мәрмәрдағы ұсақ, аса шеберлікпен кескінделген ортаазиялық ою-өрнектер қолдан қашалып жасалған. Таң шапағымен қызғылт түске, күндіз ақ, түнгі ай сәулесімен күміс түске боялатын мөлдір ақ мәрмәрді Аградан 300 шақырым жерден алдыртқан екен. Ең кереметі кіре берістегі Құран сүрелері қара ақықтан, ал қабырғалардағы әшекейлер мен гүлдер қызғылт ақық, малахит, жақұт, нифриттен жасалып, мәрмәр тастың ішіне ойып салынған.
Құтқарушы Иса Мәсіх мүсіні. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы Корковаду тауында орналасқан Иса Мәсіхтің танымал мүсіні. Биіктігі — 38 метр, іргетасы — 8 метр, салмағы — 635 тонна. Мүсінді салу жоспары 1921 жылы Бразилия тәуелсіздігінің жүз жылдығына орай туындаған. Ал, жалпы құрылысқа тоғыз жыл (1922-1931 ж.ж.) қажет болған. Бір қызығы, ескерткіштің барлық бөлігі Францияда жасалған. Кейіннен бөлшектеніп Бразилияға жеткізілген. Ерекше құрылысты көру үшін оның етегіне жылына 1,8 миллион турист көтеріледі. Мүсінге жету үшін төбенің басына дейін трамвай желісімен, кейін 220 басқышты баспалдақпен көтерілу қажет. Биік жерде орналасқандықтан, ескерткішке жылына бірнеше рет найзағай түсіп тұрады.
Чичен-Ица. Майя тайпасының мәдени және саяси орталығы. Мексикадағыы Юкатан түбегінің солтүстігінде орналасқан. Ица халқының қасиетті қаласы саналады. Майя тілінен аударғанда Чичен-Ица тіркесі «Ица құдығының аузында» деген мағына береді. Шамамен, 455 жылы қаланған. X ғасырда тольтектердің қол астына өтіп, XI ғасырда сол елдің астанасы атанады. 1178 жылы қаланы Майяпана, Ушмаля мен Ицмаля мемлекеттерінің біріккен әскері талқандап, 1194 жылы Чичен-Ица иесіз қалады. Қаланың басты нышаны болып биіктігі 24 метрге жететін 9 сатылы Кукулькана ғибадатханасы саналады.