Миллионер
Тайм-менеджмент: Эйзенхауэр матрицасы
АҚШ-тың 34-і президенті Дуайт Дэвид Эйзенхауэрдың қолы ешқашан босамаған. Ол бүкіл шаруаға үлгеріп, 24 сағаттың қадіріне жету үшін өзінің уақыт басқару үлгісін ойлап тапқан. Бүгінде ол Эйзенхауэрдың матрицасы немесе приоритеттер матрицасы деп аталады.
Эйзенхауэр матрицасының мағынасы неде?
Эйзенхауэр матрицасына сай шұғыл жасалынатын шаруа мен асығуды қажет етпейтін шаруалардың ара-жігін ажыратып алу шарт. Жоспарлаған дүниенің шұғыл немесе шұғыл емес болуына байланысты категорияларға үлестіру қажет. Ол үшін қағазға төрт бұрыш салып, төрт бөлікке бөлеміз:
- 1 бөлік (A): Маңызды шұғыл шаруалар
- 2 бөлік (B): Маңызды, бірақ аса шұғыл емес шаруалар
- 3 бөлік (C): Маңызды емес, бірақ шұғыл шаруалар
- 4 бөлік (D): Маңызды да, шұғыл да емес шаруалар
Эйзенхауэр төрт бұрышымен қалай жұмыс жасаймыз?
- Маңызды шұғыл шаруалар.Қанша шұғыл және маңызды шаруаларды осы бөлікке кіргізер едіңіз? Алғашында бұл тізімде ұзақ болуы ықтимал. Уақыт өте ешнәрсе қалмаса, сіз Эйзенхауэр әдісімен дұрыс жұмыс жасап жатырсыз деген сөз. Ал, егер керісінше бұл бөлікте жасалуы керек шұғыл шаруалар шаш-етектен болса, онда бір кедергі бары анық. Ол еріншектік, енжарлық болуы мүмкін. Жалпы, маңызды шұғыл шаруалардың атқарылмай, жиналып қалуы адамды психикалық, физикалық тұрғыдан шаршатып жіберуі мүмкін.
- Маңызды, бірақ шұғыл емес шаруалар.Эйзенхауэр өзінің тайм-менеджмент жүйесін құрастырғанда дәл осы категорияға басымдық берген. Себебі осы бөлікке шаруаны жазып, оны атқарып тастау – жоспарды мүлтіксіз орындау дегенді білдіреді. Мысалы, уақытылы дәрігерге көріну көптеген аурулардың алдын-алуға негіз бола алады. Сонымен қатар студенттік диплом жұмысын жазуға ертерек кірісу қателерді түзеп шығуға мүмкіндік береді.
- Маңызды емес, бірақ шұғыл шаруалар.Бұл жерге Эйзенхауэр тиімді жұмыс жасауға кедергі келтіретін шаруаларды жазуға кеңес береді. Мысалы, компьютерді жөндеу, керек-жарақты сатып алу дегендей.
- Маңызды да, шұғыл да емес шаруалар. Кейде бір жұмысқа кіріспес үшін өзімізді алдаусыратып жасайтын шаруаларды Эйзенхауэр осы бөлікке жатқызған. Мысалы, телефонмен ұзақ әңгімелесу, телехикаяларды қарау, хат-хабарлама жазу, әлеуметтік желі жаңалықтарын тексеру жұмыстары. Мұның бәрі шұғыл шаруа емес. Сонымен қатар маңызды да емес. Алайда адам уақытты жұтып қоятын осы шаруалармен айналысқанды жақсы көреді.
Эйзенхауэрдың төрт бұрышымен дұрыс жұмыс жасаудың кеңестері:
- Әр бөлікке шаруаларды жазып қойып, оларды нөмірлеңіз. Ең бірінші кезекте шұғыл және маңызды шаруаларға білек сыбана кірісіңіз;
- Бар назарыңыз 2-ші бөлікке аусын. Шұғыл емес, бірақ маңызды шаруалар шұғыл және маңызды шаруалардың бөліміне ауыстырылса, ешнәрсе етпейді. Дегенмен қайта-қайта орындарды ауыстыра беру дұрыс емес;
- Алдыңызға ұзақ мерзімді мақсат қоя біліңіз. Оған жету үшін қажет дүниелердің бірін қалдырмай жазып шығыңыз. Ойға алған шаруаларды бөлікке сай төрт бұрыш ішіне орналастырыңыз;
- Ойды іске асыру барысында ұсақ-түйек болмашы дүниелерге назар аударып, уақыт жоғалтпаңыз. Сәт сайын пошта тексеру, ұялы телефон шұқылау сізге табыс әкелмес.
50 жыл бұрын президент Эйзенхауэр ойлап тапқан матрицаның адамзатқа берері көп. Бастысы көзбояушылықтан ада болыңыз. Шындап кірісіңіз. Өз мақсатыңызға, арманыңызға адал болсаңыз, тайм-менеджменттің арқасында бәрі іске асатыны сөзсіз.
Өте керемет . Рахмет төртбұрыш сызып алдым алдағы уақытта нәтижесімен бөлісетін боламын
Қуаныштымыз! Іске асырдыңыз ба?