Психология

Психологиялық тип: Интроверт, экстраверт, амбиверт

Психологиялық типтерді ажырату және әр типке берілетін кеңестер

Психологиялық тип адамдарды әр түрлі етеді. Біреуі көпшіліктің көзайымы болғанды ұнатады, бірі тыныштықты қалайды. Алайда бізде интроверт ұялшақ, жабық, ал экстраверт белсенді деген түсінік қалыптасқан. Balbal.kz мотивациялық сайты әр психологиялық тип пен оның ерекшелігін талдап, қажетті кеңестерді ұсынады.

Психологиялық тип дегеніміз не?

Интроверт, экстраверт, амбиверт дегеніміз – психологиялық типтер. Адамның тұлғалық типологиясы. Оны 1920 жылы психолог Карл Юнг ойлап тапты. Ол типтерді энергетика бойынша бөледі. Яғни интроверт энергияны жалғыз өзі болғанда сезінеді. Ал экстраверт қыдырғанда, жұртпен әңгімелескенде қуат алады.

Интроверттер

Интроверттер уақытты жалғыз өткізгенде өзін жайлы сезінеді. Уэллсли психологы Джонатан Чик пен оның аспиранттары интроверсияны төрт деңгейге бөледі. Әлеуметтік, ойшыл, мазасыз және ұстамды.

Әлеуметтік интроверттер интроверсия туралы жалпы түсінікке жақын келеді. Олар уақытты жалғыз өткізуді немесе шағын топпен араласуды ұнатады. Достыққа берік. Бірақ басқалардан ұялмайды, тұйық болып келмейді.

Ойшыл интроверттер қоғамнан алшақтамайды. Өзгелермен қарым-қатынасқа түсе береді, бірақ жиі ойға батып кетуге бейім. Сырын айтпайды.

Мазасыз интроверттер жалғыз болады. Өйткені өзгелермен өзін ыңғайсыз сезінеді. Тұйық жандар. Әр нәрсені ойлай береді, уайымшыл келеді.

Ұстамды интроверттер сақ. Бір істі бастамас бұрын ұзақ ойланады. Олар баяу қозғалады. Олардың әр ісі жоспарланған.

Экстраверттер

Экстраверттер адам көп ортадан қуат алады. Оларды жалғыздық жабықтырады. «Танымдық, аффективті және мінез-құлық неврологиясы» кітабында жарияланған зерттеулерге сәйкес экстроверттің екі түрі бар: белсенді және аффилиативті.

Белсенді экстраверттер. Олар сенімді, табанды және жетістікке ұмтылысы мықты. Көпшіліктің назарында болғанды ұнатады және көшбасшылыққа бейім.

Аффилиативті экстраверттер. Аффилиация дегеніміз  достық, орта, қоғам дегенді біріктіреді. Олар мейірімді, жылыжүзді және жаңа адамдармен кездескенде тез тіл табысады. Ондай адамдар бәрімен достасқысы келіп тұрады.

Амбиверттер

Амбиверт дегеніміз – экстраверсия мен интроверсияның ортасы. Екеуіне де қатысты емес сияқты, бірақ екі типтің де элементтері бар. Ондай адамдар көп. Мэриленд университетіндегі адам психофизиологиясы зертханасының директоры Барри Смиттің айтуынша, амбиверттер әлемнің 68%-ын құрайды.

Амбиверттер көпшілікте өзін жақсы сезінеді, сонымен бірге жалғыз болуды да жөн санайды. Бірақ ұзақ уақыт бойы тыныштықта немесе ортада жүре алмайды. Олар үшін негізгі тұжырымдама тепе-теңдік. Жағдайға байланысты қалауы өзгеруі мүмкін.

Типті анықтау үлгісі

Дұрыс/бұрыс, жақсы не жаман деген тип болмайды. Әрқайсысы өзінше ерекше. Өзіңіздің қай типке жататыныңызды психологиялық тест бойынша анықтауға болады. Өзіңізді анықтаған соң, жұмыста не өмірде сәтті болу үшін артықшылығыңызды біліп, мына кеңестерді қолданыңыз.

Әр жеке тұлға түріне арналған кеңестер

Интроверт үшін

Айналаңызды бақылауда ұстаңыз. Ашық нұсқалы кеңсе бәріне бірдей ыңғайлы емес. Егер сізге тыныштық қажет болса, тыныш кеңсе бұрышын табыңыз. Офис менеджеріңізден жеке кеңсе бөлуін өтініп көріңіз.

Бірге-бір форматын қолданыңыз. Топтық жобалар мен көп адамдық іс-шаралар интроверттер үшін қорқынышты болу мүмкін. Жұмысыңызға байланысты одан бас тарта алмайтын шығарсыз. Өзіңізді ыңғайлы сезіну үшін екінші тараптың басшысымен ғана сөйлесіңіз. Әріптестеріңізбен жеке-жеке кездесіңіз.

Кідіре тұрыңыз. Интроверттер бір тақырыпқа терең үңіліп, мәселені шешуге көп уақыт бөлсе, жақсы нәтижеге жетеді. Менеджерге қандай жұмыс стилін қалайтындығыңызды және терең ойлауды қажет ететін жобаларға қатысатындығыңызды жеткізіңіз.

Жиналыстарға дайындалыңыз. Жиналыс жалықтырмас үшін күн тәртібіңізді алдын-ала қарап, не айтқыңыз келетінін жазып алыңыз.

Экстраверт үшін

Белсенділік орнатыңыз. Шығармашылыққа қол жеткізу үшін сізге музыканың және қозғалыстың шуылы қажет. Егер өзіңіздің жұмыс орныңызда шабыттанбасаңыз, кофеханаға барыңыз. Тағы бір нұсқа – үзіліс жасау. Сыртқа шығып, декорацияны өзгертіңіз. Экстраверттерге бірсарындылық ұнамайды.

Күніңізді істермен толтырыңыз. Біреу жұмысы күрт көбейгенде қиналу мүмкін. Ал сізге бұл ұнайды. Ірі жобаларды, іс-шараларды мойныңызға алыңыз. Себебі экстраверттер оны оңай жасап шығады. Бос болмау сізді ынталандырады, бірақ шектен шығып кетпеңіз.

Сөйлесу уақытын жоспарлаңыз. Сіз әлеуметтік қарым-қатынастан энергия аласыз, алайда жиналыстар әрдайым энергия сыйлай бермейді. Өзіңізге жағымды нәрсе жоспарлаңыз. Апта сайын біреумен бірге түскі ас немесе кофе ішіңіз. Егер сіз қашықтықтан жұмыс істейтін болсаңыз, коворкингте жұмыс істеп көріңіз. Топтық фитнес сабақтарына жазылыңыз немесе жергілікті шараларға барыңыз.

Ойлануға уақыт қалдырыңыз. Сіз көп нәрсе тындырасыз, бірақ не істегеніңізді ойламай тапсырмадан тапсырмаға ауысып кетуіңіз мүмкін. Бір істі бітіргеннен кейін 20-30 минут кідіріңіз. Не істегеніңізді ойлаңыз және нәтижелерін талдаңыз.

Амбиверт үшін

Икемділігіңізді қолданыңыз. Әдетте амбиверттер айналасындағылардың қуатымен қоректенеді. Сіз аздап интроверт және экстроверт болғандықтан, екі жақты ұстап тұра аласыз. Жаныңыздағы адамдардың стилін ескеріп, икемді болып қала беріңіз. Бұл сізге өнімділік сыйлайды.

Эксперимент жасаңыз және сізге сәйкес келетін нәрсені табыңыз. Интроверттерге де, экстровертерге де қатысты кеңестерді қолданып, қайсысы жұмыс істейтінін көріңіз.

Бір жағдайды ұстанып қалмаңыз

Жоғарыдағы кеңестер сіздің тұлғалық ерекшеліктеріңізді көрсетуге арналған. Бірақ өзіңізді таза интроверттік немесе экстраверттік өмір салтына тығып тастамаңыз. Комфорттан шығып, қорқынышты немесе ыңғайсыз сезінетін нәрселерді байқап көріңіз.

Интроверт адамдармен араласып көріп, өзінің жаңа қырын байқауы мүмкін. Ал экстраверт демалыстың не екенін түсінуі ықтимал.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!