Психология

Мотивацияны көтерудің жолдары

Ойлаған ісіңізді бастай алмай, әрекеттеріңізден нәтиже шықпай қиналып жүрген болсаңыз, шұғыл түрде мотивацияңызды көтеріңіз. Бұл ойыңыз бен бойыңызға жаңа күш беріп, алға жылжуыңызға көмектеседі. Balbal.kz мотивацияны көтерудің бірнеше жолын топтастырып қойды. Өзіңізге ыңғайлысын таңдаңыз да іске кірісіңіз.

Жасалуы тиіс жұмыстың тізімін құрыңыз. Жұмыстың көптігінен ми қай істі бірінші бастарын білмей қиналады. Нәтижесінде құлшыныс төмендеп, қойылған мақсат алынбайтын қамалдай көрінеді. Егер орындалуы тиіс жұмыстың тізімін жасасаңыз, бәрі әлдеқайда жеңілдейді. Тізімнен ең оңай тапсырманы алыңыз да орындап көріңіз. Кейін ақырындап күрделендіре беріңіз. Аяқталған әр іс келесі істі жасауға мотивация береді. Бірер уақыттан кейін жұмысыңызды бітіргеніңізді байқамай да қаласыз. Бастысы — бастау.

Досыңызбен сөйлесіңіз. Досыңызға іште жатқан ойларыңыз бен қорқыныштарыңызды айтып көріңіз. Бәлкім, оның жалынды сөздері мен ойға қонымды кеңестері сізді қайрап, шабыттандырып, ісіңізді бастап кетуге септігін тигізер. Бірақ, досыңыз ауыр сөз айтып жатса, көңіліңізді түсіріп, одан түңілмеңіз. «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дейді халқымыз.

Дұрыс демалуды үйреніңіз. Төсекте аяқты көтеріп жатып, теледидар көруді демалғанның көкесі деп санайтындар жеткілікті. Бірақ, олар қатты қателеседі. Солардың қатарынан болсаңыз, ойыңызды өзгертіңіз. Демалысты сыртқа шығып, табиғат аясында, саябақта серуендеп өткізуді әдетке айналдырыңыз. Дұрыс өткен демалыс бойыңызға жаңа күш берері сөзсіз.

Спортпен шұғылданыңыз. Бірінші байлық — денсаулық. Таңертең жаттығу жасап, спортпен шұғылданған адам өзін күні бойы жақсы сезінетіні дәлелденген. Спорт — шаршатпайды, керісінше, қосымша қуат береді. Мүмкін сіздің жұмысқа деген құштарлығыңыздың болмауы сол қуаттың жетіспеушілігінен шығар?

Мотивациялық кітаптар оқыңыз. Біреудің жеткен жетістігі таңғалдырумен қатар, қанаттандыратыны да анық. Сондықтан мотивацияңыз төмендеген кезде табысқа кенелген адамдардың кітаптарын оқып тұрыңыз. Кейіпкер жетістікке жету жолында қандай қателіктерге жол берді, қиындықты қалай жеңді, оқырманға қандай кеңес айтады — осыларға мән беріңіз. Алған біліміңізді өз өміріңізде пайдаланып көріңіз. Көмектесіп жатса, қуаныңыз, ал, пайдасы тимесе, налымаңыз. Себебі, әркімнің өз жолы бар. Қазақ тілінде мотивациялық кітаптар қазір көп шығып жатыр. Біздің ұсынар кітаптар: Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» кітабы, Ұлдана Ерқасымның «Қоқыстан табылған миллионер қыз» кітабы.

Тренингтерге барыңыз. Кітап оқумен қатар, тренинге барғанның да өз пайдасы бар. Мұндағы басты артықшылық, сіз кейіпкерді өз көзіңізбен көріп, оның өмір жолын өз аузынан естисіз. Сонымен қатар, тікелей сұрақ қойып, кеңес ала аласыз. Бірақ, кітап оқығанда да, тренингке барғанда да ескеретін бір нәрсе бар, ол — алған мотивацияңызды бірден дұрыс бағытқа жұмсамасаңыз, бірнеше күннен кейін ғайып болып кетеді. Түбінде, керісінше, терең ой мен депрессияға түсіп кетуіңіз ықтимал. Сондықтан, уақыт жоғалтпай, тез арада іске кірісіңіз.

Өміріңізге өзгеріс енгізіңіз. Егер сіздің бірнәрсе істеуге құштарлығыңыз болмаса, демек өміріңізге өзгеріс енгізген дұрыс шығар? Таңдаған мамандығыңыз, істеп жүрген жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма? Жапондардың кайдзен және икигай деген пәлсапалары бар. Алғашқысының мағынасы «үздіксіз даму», екіншісінікі «өмірдің мәні» дегенді білдіреді. Кайдзен күнделікті өміріңізді жоспарлауға, әрдайым машықтарыңызды жетілдіріп, табысқа «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген ұранмен жетуге көмектессе, икигай өмірдегі орныңыз бен мақсатыңызды анықтауға көмектеседі. Осы екі пәлсапаны зерттесеңіз және пайдалансаңыз, мотивацияны көтеруге көмегі тиері анық.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Бір пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close