Кітап
Қоқыстан табылған миллионер қыз. Хайп па, хас шындық па?
Меломанның кітап сөресінде қазақ тіліндегі жаңа кітап
Меломанның кітап сөресінде қазақ тіліндегі жаңа кітап – «Қоқыстан табылған миллионер қыз». Атауы қызықтырады. Мұқабадағы жылап тұрған қыздың бейнесі де көзге оттай түседі. Оқып көрейінші деген ойды тудыратын дизайны ерекше тартымды кітап Ұлдана Ерқасымға тиесілі.
Бұл кітаптың ерекшелігі – ой, өмір – Ұлдана Ерқасымдыкі, қағазға түсіріп, кітапқа айналдырған басқа адам, ол – Зарина Муслим. Осындай тандемнен дүниеге келген, автобиография деп көрсетілген кітап несімен қызық деген сұраққа Balbal.kz порталы жауап іздеп көрді. Мойнымыздағы ауыр жүкті жеңілдетіп, өз ой-пікірімен бөліскен Ұлдана Ерқасымға портал атынан алғыс айтамыз.
300 беттен тұратын жұмсақ мұқабадағы кітап қолға түсті. Жартысы қазақша, жартысы орысша жазылған кітап «мені тезірек оқып тасташы» деп итермелеп тұрады. Парақтары да аппақ, қаріптері де үлкен. Жатып оқитын еріншектер мен қызылды-жасылды дүние болмаса, ойы сан-саққа жүгіріп кетіп, кітапты тастай салатын тынымсыздарға арнап жасалған дизайны ерекше кітап екен. Мұқабасындағы фотодан басында шошып қалуға болады. Бұл да бір психологиялық шабуыл болса керек. Басты «көзір» ол емес бірақ. «Қоқыстан табылған миллионер қыз» деген атауында. «Мұнысы несі?» деген сұрақ маза бермейді.
«Бісміллә» деп бірінші бөлімді оқи бастағаннан екі сағаттай уақыт өтті. Қазақша бөлігі қысқа ғана уақытта тәмам болды. Кітап автордың өзі айтқан мотивациялық емес екен. Бірақ негативке тұнып тұр деп те айтуға келмес. Тағдырдан алынған сюжет қиян-кескі деп айтсақ, өтірік болар. Бұл қыз шын мәнісінде ерте есейген. Еңбекпен тапқан нанның қаншалықты дәмді болатынын да ерте түсінген жан. Асқар тауынан айырылып, өкініштен бармағын тістеген әкесінің кішкентай ерке қызы. Жігіттің мігіттігіне көзі жетіп, зорлықтан әрең аман қалса да, шынайы махаббатқа деген сенімін жоғалтпаған 23 жастағы қыз. Ауыр-ауыр зат көтеріп, білегі қатайса да жүрегі нәзік болып қалған Ұлдана Ерқасым.
17 жасында алғашқы миллионын тапқан қыз ұзақ жылдар бойы саудамен айналысқан. Өзінің тауарын өзі көтеріп, өзі орналастырып, жүк көтергіш те болған. Кітап жазылу барысында психологпен жұмыс та жүргізіліпті. Бүгінде сауданы қойған Ұлдана Ерқасым dream trips компаниясының белді мүшесі. Шетел көремін деген қазақтың жастарын бастап, саяхат жасайды екен. Тіпті екінші кітабы саяхат жасаған елдердегі қызық оқиғаларға арналмақ. Кітап бестселлерге айналуы әбден мүмкін. Кітап оқығысы келмейтіндер осындай шым-шытырыққа қызығуы ғажап емес. «Қоқыстан табылған миллионер қыз» баспадан жарық көретін кітапқа деген талаптың қандай жоғары болуы керектігін паш етті.
Автор сөздің энергетикасы жайлы көп айтады Өмірінде бірде-бір семинар, тренингке бармаған Ұлдана Ерқасым сөздің құдыреттілігінің арқасында бір өлімнен аман қалғанын ашық айтты. Суицид жайлы ойлар миын жаулап алғанда, ол «есіңді жи» деп өз-өзіне айтудан жалықпапты. Ол сөз деген ұғымның формуласын былайша шығарыпты.
С. Сабақ. Сабыр. Сый
Ө. Өмір. Өсу. Өрлеу.
З. Зор. Зәулім. Заңғар.
Бүгінде ол кез келген дүниенің қайырлысы болады деген сөзді өмірлік ұран еткен. Қаншама жылдар бойы айтылған өтірік болмаса, бұл кітап жарық көрмеуі неғайбыл.
Дайындаған: Жазира Байдалы