Кітап

Қазақ тіліндегі мотивациялық 5 кітап

Біреудің жеткен жетістігі таңғалдырумен қатар, қанаттандыратыны да анық. Сондықтан мотивацияңыз төмендеген кезде табысқа кенелген адамдардың кітаптарын оқып тұрған жөн. Соны негізге алып, Балбал порталы қазақ тіліндегі мотивациялық кітаптар топтамасын жасады. Осы шығармаларды оқысаңыз, санаңызда төңкеріс орын алып, бір серпіліп қалатыныңыз анық.

«Екінші болма», Қуаныш Шонбай

Белгілі ресторатор, Rumi Group-тың негізін қалаушы, бүгінде Shonbay.Online деген онлайн білім беретін университет ашып, дәріс өткізіп, көп жасты қанаттандырып жүрген Қуаныш Шонбайдың бұл кітабында автор жеке тәжірибесімен бөлісе отырып, «Өзіңді қалай дамыту керек?», «Қандай фильмдер, кітаптар оқу керек?», «2,5 жылда 10 мейрамхана қалай ашуға болады?» деген сұрақтарға жауап береді. «Екінші болма» — жеңіске жетудің қазақша жолы. Ол қазақ тілді ортаның психологиясына ыңғайлы етіп жазылған. Кітап өзіңнің мықты тұсыңды анықтауға, өзіңді жеңуге және ақша тауып, жеке бренд қалыптастыру үшін әлеуметтік желінің күшін пайдалануға көмектеседі.

«Күнкөрістен кет, байлыққа жет!», Бақытжан Бұқарбай

Саясаттанушы, журналист, Amal Books баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай жазған бұл кітаптың басымдылығы —  қазақ кәсіпкерлерінің, соның ішінде Forbes тізіміндегі бизнесмендердің ең таңдаулы тәжірибесімен таныстыратындығында. Яғни, бұл туындыны оқи отырып, сіз «бір оқпен бірнеше қоянды атасыз». Автордың сөзімен айтсақ, өз бетіңізше тәжірибе жинақтауға жұмсалатын уақытты 30 жылға дейін үнемдейсіз. Кітапта Шынар Бұғымбаева, Райымбек Баталов, Марғұлан Сейсембай, Арманжан Байтасов, Нұрлан Смағұлов, Елдар Әбдіразақов, Қайрат Құдайберген, Қуаныш Шоңбай сынды бизнесмендердің тәжірибелері көрсетілген.

«Қоқыстан табылған миллионер қыз», Ұлдана Ерқасым

Кітаптың авторы Ұлдана Ерқасым алғашқы миллионын 17 жасында тапқан қазақ қызы. Негізгі мамандығы журналист. Бүгінде ол Dream Trips компаниясының белді мүшесі. Кітапта автордың балалық шағы, өмірде көрген қиындығы, алған сабақтары туралы әңгіме өрбиді. Ол осы туындысы арқылы оқырманды қандай жағдай болмасын мойымауға үндейді, Тағдыр салған сынақтардан өтуге болатынына сендіреді.

«Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», Кәмшат Бекжігітова

Психолог Кәмшат Бекжігітованың бұл туындысы аз ғана уақытта қазақ тіліндегі бестселлерге айналып үлгерді. Автор әлемдік психологтардың кеңестерін өзінің өмірлік тәжірибесімен ұштастырып, оқырманға ұсынған. Кітапта өзіңді бағалау, ойыңды өзгерту, кешіру, мақсатты айқындау, қарым-қатынасты жақсарту, сабырлы болу, денсаулықты сақтау сияқты тақырыптарға қатысты түрлі кеңестер айтылады. Сонымен қатар, алған білімін жүзеге асырғысы келетіндерге ішінде арнайы практикалық тапсырмалар да бар.

«Қош бол, қиындық!», Назила Слямқызы

Ақын, жазушы, мотиватор, «Үй сатып алудың жолдары» жобасының авторы Назила Слямқызының бұл кітабы армандауды сүйетін жандарға арналған. Кітапта жалпы білім мен өмір сүрудің қарапайым қағидаларын байланыстыру арқылы арманды қалай мақсатқа айналдыруға болатындығы жазылған. Сондай-ақ, автор өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісе отырып, қандай қиындықтардан өткенін ашық айтады. Сол арқылы оқырманның сеніміне кіріп, мимен жұмыс істеудің қаншалықты маңызы барын жеткізеді.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Бір пікір

  1. Екинш3иболма атты китаптан бас0а 0аза9ша китап жоқ па десем, бар екен ғой. Табысқа жетелейтін кілт атты кітабын да оқып көріңіздер!!!Бірақ бұл автордын сияқты жазушы редакторлары жоқ

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!