Миллионер
Алматыдағы тегін коворкинг орталығының ерекшеліктері
Коворкингтің кеңседен айырмашылығы қандай?
Жастардың көбі бүгінгі таңда фрилансер болып жұмыс істегенді жөн санайды. Себебі фрилансерлік қызметте жастарға ауадай қажет еркіндік бар. Тіпті кейбірі қаржылай тәуелсіздікке ұмтыламын деп фрилансерліктен көрі жеке бизнес ашуға аяқ басып жатады. Әлбетте жұмыс орныңның жайлы болғанын бәрі армандайды. Сол себепті де ыңғайлы жер іздеп сабылып кететініміз бар. Жастардың бәрі бірдей кеңсе жалдап отыруға қауқары жоқ. Сондай сәттерде коворкинг орталықтарының көмегіне жүгінуге болады. Бірақ коворкинг орталықтарының ерекшеліктері мен артықшылықтары қандай деген сұрақ мазалайды. Ендеше Balbal.kz порталы Алматыда ашылған тегін коворкинг орталығы «Jas Otan» туралы дайындаған материалды оқи отырыңыз.
Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, коворкинг орталығы дегеніміз – ағылшын тілінен аударғанда «co-working» – «бірлесіп жұмыс істеу» деген мағынаны білдіреді. Яғни тың идеяларды дамытуға күш жұмсап жүрген адамдардың басын біріктіретін, арнайы техникамен жабдықталған кеңсе.
Коворкингтің қарапайым кеңседен айырмашылығы:
- Жалға алуға азырақ ақша төлейсіз;
- Жұмыстан бір сәт тынығуға арналған орындары бар;
- Кез келген кездесулерді ұйымдастыра аласыз;
- Жұмысқа керекті кеңсе тауарларының барлығымен жабдықталған.
Co-working орталықтарын құру идеясын 2005 жылы программист Бред Ньюберг ойлап тапқан. Ең алғашқы коворкинг кеңседе белгілі бір төлем шеңберінде жұмысқа керектінің барлығы ұсынылған болатын. Ал қазіргі таңда еркін жұмыс істеуге арналған орындарды кез келген қаладан табуға болады. Коворкинг орталықтарынан кеңсе жалдау құны да көрсететін қызметіне байланысты әртүрлі болып келеді. Алайда ісін енді бастаған жастар үшін ай сайынғы төлем ауыр тиіп жатады. Бүгінде «бастаймын», «ашамын» деп құлшынып отырған алматылық жастар үшін керемет жағдай жасалды. Ол – Jas Otan коворкинг орталығы.
Jas Otan коворкинг орталығы қандай қызмет түрлерін ұсынады?
Коворкинг орталығында төмендегідей аумақ-зоналар бар:
- IT-station
- Bilim Ortalygy
- Open Space
- Active Zone
IT-station
Ноутбук, компьютерлермен жабдықталған бөлме. Аймақта тегін жылдамдығы жоғары интернет таратылады. Кез келген бизнес идеяларды, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға таптырмас орта.
Open Space
Кездесулер, жиындар, тренингтер өткізуге арналған алаң. Орталықта жастарға пайдалы кездесулер жиі ұйымдастырылады. Жиынға 20-30 адам еркін сыяды. Орталық ашыла салысымен түрлі жиындар өткізіліп келеді. Қатысып, көріп, пікір алмасуға болады.
Bilim Ortalygy
Білім орталығында кішігірім кітапхана жасақталған. Жұмыстан тыс уақытта кітап оқып, біліміңізді толықтыра аласыз. Қазіргі таңда кітапхана қорында 1000 кітап бар. Алдағы уақытта кітап санын толықтыру – орталықтың басты мақсаты. Өйткені жұмыс өнімді жүру үшін әрдайым ойды жинақтап, білімді жетілдіріп отыру қажет.
Active Zone
Жұмыс арасында келіп, демалуға арналған бөлме. Арнайы үстел теннисі орналастырылған. Спортпен шұғылдануға болады. Және түскі уақыттарда келіп тамақтана аласыз. Жұмыс барысында бір уақыт бой жазып сергіп алу өте пайдалы. Өйткені күндіз-түні бір орында компьютерге телміріп отыру қаншалықты зиян екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Бой сергігеннен кейін ой да сергіп, санамыз жаңа идеяларға ашық болады.
«Жас келсе – іске» деген. Ендеше, не отырыс? Келіңіз, дайын мүмкіндікті пайдаланып, өміріңізге өзгеріс енгізіңіз!