Табыс

Миллион тұратын идея

Осы арқылы табысқа жете алатыныңыз сөзсіз!

Адам баласын күніне сан түрлі ойлар мазалайды. Қоғамдық көлікте, ұйықтар алдында жұмыс үрдісін жақсартатын идеяларды, шығармашылықты немесе жоспарлап жүрген мақсаттарды ойлайтынымыз жасырын емес. Кейбірі түкке тұрғысыз болса, кейбірі сіздің болашағыңызға әсер етіп, пайдасын тигізуі мүмкін. Ол ойларды жоғалтпау үшін арнайы қойын дәптерге жазып қойған дұрыс. Болашақта маңызды мәселеде оң шешім қабылдауға септігін тигізетін ақпаратты дәл сол дәптерден табасыз.

Енді, сол көптеген ойлардың арасынан қайсысын жазып алғаным дұрыс деп отырған боларсыз. Balbal.kz сайты сіздер үшін күнделікті жазып алуға тұрарлық ойлардың 5 түрін ұсынады.

  1. Шығармашылық идеялар
    Күніне ондаған қызықты идеялардың ойға келетіні қалыпты жағдай. Оларды дереу жазып алуға кеңес береміз. Қаласаңыз, өзіңізді жігерлендіретін қанатты сөздерді де осы бөлімге қоссаңыз болады. Әлемдегі ең бай адамдардың бірі Ричард Брэнсон ойына келетін барлық қызықты идеяларды жазу арқылы жетістікке жеткенін айтады. Сіз де байқап көріңіз!
  2. Үлкен жеңістер
    Бұл бөлім тынымсыз еңбек етсе де өзіне көңілі толмайтын жандарға арналады. Әр күн сайын қандай жетістікке жеткеніңізді жазыңыз. Үлкен келісімшартқа отырсаңыз, дәптеріңізге түртіп қойыңыз. Тіпті, көптен бері көрісуге уақытыңыз болмай жүрген достарыңызбен кездессеңіз де жазып қойсаңыз болады.  Жасаған жұмысыңыздың көлемі маңызды емес. Бастысы сізге қуаныш сыйлайтын жазба болса болғаны. Уақыт өте келе, өзіңізге деген сенімділігіңіз артып, қобалжудан айырыласыз.
  3. Дабылдар мен белгілер
    Әр күн сайын адамның эмоционалдық жағдайына, жұмыс өнімділігіне, ойлау салтына әсер ететін көптеген жағдайлар мен оқиғалар орын алады. Кейде біз бұл өзгерістерді байқамауымыз мүмкін, бірақ олар әдеттен ерекшеленетін эмоциялар немесе мінез-құлық арқылы адамға белгі береді. Мысалы, өзіңізге ұнаған нәрселер бұрынғыдай қуаныш сыйламауы мүмкін. Соңғы кезде достарыңызбен уақыт өткізген қызық емес немесе жалықтырып жібереді. Демек, оларға деген қарым-қатынасыңыз өзгерген. Бұл өзгерістерді дәптерге жазып, талдау арқылы өзіңіздің психологиялық жағдайыңыз бен өмірге деген көзқарастарыңызды ұштастырып, бір шешімге келесіз. Өміріңізді жақсартуға тырысып, бақытты болуға талпынасыз.
  4. Маңызды мәселелер мен жаңалықтар
    Кейде кенеттен біз өміріміз бен өзіміз жайлы маңызды нәрселерді түсінеміз. Бақытты болуға не кедергі жасайтынын ұғамыз. Осы сынды ойларды да жазып алған жөн. Олардың көбісі кездейсоқ туындауы мүмкін. Алайда, өзіңізді толық танып білу үшін бұл ойлардың пайдасы зор. Өзіңіз үшін өмірдің мәнін айқындап, құндылықтарды дұрыс қойып, діттеген мақсаттарыңызды әрдайым еске алып отырыңыз.
  5. Тапсырмалар мен эксперименттер
    Бұл санатқа жұмыстағы, үйдегі қарапайым тапсырмаларды емес, өміріңізді жақсы жаққа өзгертетін  міндеттерді жазу керек. Мәселен, проблемаларды шешудің жаңа әдістерін, өміріңізге өзгеше эмоциялар енгізетін хобби сынды дүниелерді жазу керек. Сонымен қатар, сізді мақсаттарыңызға жетелейтін әрекеттерді де жазсаңыз болады. Егер басқа қалаға көшуді армандап жүрген болсаңыз, сол қала туралы мәлімет іздеп, тұрғын үй мәселесін қалай шешуге болатыны жайлы ақпаратты жазыңыз.Үлкен жетістікке жету үшін, қарапайым қадамдардан бастау керек екенін ұмытпаңыз.

Бұл қарапайым тәсіл күніне 5 минут уақытыңызды алады. Есесіне, сіздің іскерлігіңізді жақсартып қана қоймай, өміріңіздің сапасы мен ойыңызды жинақтауға көмектеседі. Біз сізге мыңдаған ойлардың арасынан жазып алуға лайықтыларын айқындап, реттеуге тырыстық. Ендігі кезек сізде, құрметті оқырман. Биік шыңдарға, жарқын жетістікке жеткіңіз келсе, біз ұсынған кеңестерге құлақ түріңіз! Дер кезінде ақ қағазға түсірілген ойлар арқылы табысқа, бақытқа жете алатыныңыз сөзсіз!

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close