Психология

Назгүл Беспаева. Журналистикадан психологияға дейінгі жол

Назгүл Беспаева хикаясын айтып берді

Назгүл Беспаева – журналист, психолог, мотивациялық күнделіктердің авторы. 52 500 адамды өз хикаясымен елітіп, жүректерін жібітіп, қапсыра құшақтап, құшағына сыйдырып жүрген блогер. Ол өз мақсатына қарай 1166 қадам жасап/пост жазып, діттегеніне жеткен бақытты әрі табысты әйел.

Үш кеменің басын (отбасы-журналистика-психология) яки негізгі мамандығы журналист бола тұра психологияға бет бұрған үш баланың анасы Назгүл Беспаева суға батпақ түгілі көк теңізде қалайша еркін жүзіп жүр? Бәрі үнемі осылай болды ма? Айтылмаған құпиясы бар ма? Бір жарым жыл бұрын қабылданған бір шешім адам өмірін қалай өзгерткенінің куәгері болыңыз.

Назгүл Беспаева әңгімелеуде:

Назгүл Беспаева
Инстаграм: @nazgul_hanym Хабарласу үшін: 8 (771) 446 09 44

Адам жанының хирургімін

Кішкентайымнан әкем айтқан ертегі, хикаяларын мұқият тыңдап, шығармашылыққа жақын болып өскен Алтайдың қызымын. Ағынан жарылып сөйлеуді, ортада еркін ұстауды, білгенмен бөліскенді ұнататын мен журналистиканы мамандығым ретінде таңдап алдым. Іс пен сөзге әрі абайлық, әрі жауапкершілік танытатын мен осы салада біраз жетістікке жеттім.

Менің негізгі оқиғам декреттік демалыспен тікелей байланысты. Нәзік жандылардың көбі декреттік демалыс кезінде құрбы-құрдаспен өтетін белсенді өмірден жырақтап, отбасылық өмірдің жауапкершілігін, қиындығын, тұрмыстық хал-ахуалдың сананы билейтіндігін өн бойынан өткізе бастайды. Сөйтіп туындаған мәселелерге төтеп бере алмай, күйзеліске ұшырайды.

Біз, әйелдер қауымы, декреттік кезеңнен тезірек өтіп, жұмысқа шығуды армандаймыз. Мен декретті нәзік жандылар үшін берілген керемет мүмкіндік деп білемін. Ал шын мәнінде, баланы тәрбиелеуге берілген 12 айлық уақытты әйел барынша тиімді пайдалана алады.

Жолдасым жиі іссапарлатып жүрді. Мен болсам, күндіз-түні баламен үйде отырамын. Менің орнымдағы біреу іші пысып, рухани құлазып кетер болса, мен бар уақытты, сол бар мүмкіндікті өзіме арнадым. Қолым қалт еткен сайын психология әлемімен таныса бердім. Әр түрлі техникалармен танысып, вебинарлар көріп, ойымды өзгертумен, өзімді дамытумен әлек болдым.

Үшінші баламды дүниеге әкелген кезім. Босану оңай болмай, денсаулығым сыр беріп, төсек тартып қалған кезде де қайғы түбіне сүңгудің орнына мен тәуекелдің жел қайығына мінуге бел будым. Жалпы, кез келген мәселе сізді тығырыққа тіремей, жаңа бір мүмкіндік болып көрінуі тиіс. Декрет кезінде мен қарбалас күйбең тіршіліктен уақытша ажырап, оң мен солыма қарап аялдай тұруды қаладым. Төрт қабырғаға қамалып, қозғалмай кереуетте жатып онлайн психологиялық курсқа жазылдым. Міне, содан бері біраз уақыт зырғып өтті.

Мәселе деген мүмкіндік

Осы уақытқа дейін «Не істедім?», «Енді не істегім келеді?», «Мен қандай әйел және ана болғым келеді?», «Қалайша бақыттан бал-бұл жайнаймын?» деген сұрақтардың жауабын іздедім. Өзіме өзім терең үңілуге тырыстым. Сөйтіп жүргенде психологиялық кітаптарды кеміру, ақыл-кеңестерге құлақ түру, курстар мен марафондарға үзбей қатысу қалай әдетке айналып кеткенін байқамаппын. Алайда үш жыл бойы ілім-білім жинап, рухани кемелденуден жалықпадым.  Күндердің бір күні «Өмірімді өзгерткен күнделікті» жазып шығып, сатылымға шығаруды жөн санадым. Осы уақытқа дейін жиған-тергеніммен осылайша бөліскім келді. Бұл 2016 жылдың көктемі еді.

                                              2016 жылдың көктемі

Тіпті бұл жазбамды ерінбей тауып алуларыңызға болады. Сәуірдің 23-і күні инстаграм парақшама — @nazgul_hahym авторлық күнделігім яки «Өмірімді өзгерткен күнделікті» жарнамалауға кірістім. Сол күні инстаграмыма жиірек жазба жазып, қалайда блогерлікті қолыма аламын деп шешім қабылдадым. Себебі мен пайдалы ақпараттың оқылмай қалуынан қорықтым да оқытудың амалын қарастыра бастадым. Қарап тұрсам, осы бір шешім менің психологияда деген қарапайым қызығушылығымды кәсібилік бағытына бұрды.

Зулап өткен жылдарға қарасам, 5000-нан астам адамның жүрек сырына құлақ түріп, жан жарасын емдеппін. Өмір тартқан бір сабақты мен анық түсіндім. Қоғамға пайдалы болу ниеті адамды алға жетелейді әрі атақ-абыройын асқақтата түседі. Алайда көмек қолын созып, біреудің шерін тарқатпас бұрын адамның яки тыңдаушының өз күш-қуаты тасып тұруы шарт екен. Ауыр тағдыр иелерінің әңгімелерін тыңдай отырып, іс-әрекеттерді талдай отырып энергия сарқылатынын мен басында білмедім. Барлығына құшағымды аштым. Уақытымды да, қуатымды да аямадым. Нәтижесінде азып-тозып, дәрменім таусылып, айлап қайтадан әрең дегенде өзіме-өзім келгенім әлі есімде.

Әлі есімде

Осы түзу жолға шығу үшін маңдай терімді қарша бораттым. Бүгінгі таңда таусылуға шақ энергияны қайдан, кімнен және қалай жинауды білемін. Бұрынғыдай өзімді борша үгітілуге дейін жеткізбеймін. Жан-жағыма қарап, әсемдікке тамсанып, Аллаға мыңда бір шүкір дей отырып, рухани кемелденуді үйрендім. Өз өмірінен шаршап, рухани құлазып жүрген қыз-келіншектерге жанды емдейтін маманның қызметіне жүгінуге кеңес беремін. Егер де сабырлы әрі байсалды болып, әліпнің артын бағуға күш-қайратыңыз жетерлік болса, онда мен сияқты бес жыл ғұмырыңызды инемен білім құдығын қазуға арнауға дайын болыңыз. Ал егер күйіп-жанып бара жатқандай күй кешсеңіз, онда сіз шұғыл арада өз ісін тыңғылықты білетін маманның ақыл-кеңесін алуыңыз қажет.

Жеке консультация, чакраларды ашу, рухани қазбалау әдісі, аксесс барс техникасы – мен ұсынатын қызмет түрлері.  Дәл қазір менің әңгімемді тыңдай отырып, «мен не істеймін?», «қайтпекпін?», бақытты әрі табысты болғым келеді деген нәзік жандыларға тағы бір хикаяны айтуға рұқсат етіңіздер. Аталмыш хикая дәл біреудің басында шын өмірде болмағанмен, бірнеше адамның әртүрлі уақытта бастан кешкендерінің жиынтығы. Кейіпкердің есімі кездейсоқ таңдалды әрі оның жан жарасы сіздікіндей болуы ғажап емес.

Әбден мүмкін

Шара бір жігітке ғашық болып, бақыттан басы айналып жүрген бойжеткен. Сүйіктісінің көңілінен шығу үшін Шара бәрін жасауға даяр. Бос уақытында не жігітімен серуендейді, не құрбыларымен сауық-сайран құрады. Өзімен-өзі қалса, жанын қоярға жер таппайды. Үйде отыруды «үйге қамалып қалу» деп түсінеді. Ол енді тіпті өз арманын ауызға алуға қымсынатын болған. Себебі жігіті не құрбылары өзге дүниені арман етеді. Ең қызығы, қыз ертең күйеуге шыққанда нағыз бақытты ғұмыр кешемін деп ойлайды.

Бүгін Шара қыздың тұрмысқа шыққанына екі жыл. Бір баланың анасы. Сырт көзге бақытты болып көрінген келіншек өз-өзімен қалудан қашады. Үйдің ауасы тарылып, тұрмыстық майда-шүйде санасын жаулап алғандай күй кешеді. Бәрі бар болғанымен бір нәрсе жетіспейтіндей аласұрады. Күйеуінің бұрынғыдай көңіл бөлмеуі, бос уақытын достарымен өткізуі, үйге тым кеш келуі оның жүйкесін тоздырып тастайды. Кеше ғана ұялып, тәтті қылық танытқан қыз ашуға мініп, жолдасына қатаң талап қоя бастайды. Сөз таластыру бірте-бірте кәдімгі ұрысқа айналып барады.

Шарасыз Шара

Шара кеше түні бойы жылап шықты. Ол енді өзінің бақытсыз екеніне көзі жетеді. Ойы сан-саққа жүгіріп, мазасы кетеді. Ал отбасының берекесі кетеді. «Нені дұрыс жасамадым? Қай тұста қателік жібердім?» деп өкіріп отырғанына қаншама сағат. Ол бұл екі сұрақтың жауабы табылса екен деп Жаратқанға жалбарынып отыр.

Біле білсеңіз, назарыңыз қай жаққа түссе, энергияңыз сол жақта деген сөз. Әйел адамға өмірінің 4 тұсына тең дәреже көңіл бөлуді, назар аударуды үйренген жөн. Ол өзі, денсаулығы, отбасы және қызметі. Тек қана отбасын қамын ойлап, өзін ұмытуы қалай жақсылық әкелмесе, тек қана жұмысбасты болып, балаларға қарамауы үлкен трагедияға алып келетінін ұмытпауымыз қажет.  Біздің қыз-келіншектер көбінесе өзге үшін өзін ұмытуға дайын тұратын «қаһармандар». Кімге керек ондай жанкештілік?!

Айтылмаған құпия

Өзін жақсы көрмейтін, өз-өзіне уақыт бөлуді «еркелік» деп түсінетін нәзік жандыны бағалай қоятын еркек кемде-кем. Айналамыздағы адамдар біздің ішкі жан дүниеміздің айнасы. Біз өзімізді қалай құрметтеп не төмендетіп өмір сүрсек, олар да дәл солай етеді. Оған ол жазықты емес. Сол кісі арқылы Жаратқан «осы бір дүниеге көңіл бөл» деп нұсқап тұрады. Шараның ситуациясында өмір күйеуі арқылы «өзіңе қара, өзіңді сүй, өзіңді бағала» деп әрекет етуге итермелеп тұр. Күйеуге шықпас бұрын бақытсыз болған ешқандай қыз неке куәлігінен кейін бақыттан бал-бұл жайнап кете алмайды. Оның қуыс кеудесін өмірлік жолдасы нұр мен махаббатпен толық толтыра алмайды. Барды бағалап, бүгінгі күнді жаңа мүмкіндіктер күні деп қарастыратын, өсек-аяң мен жамандық атаулыдан қашық болуға тырысатын рухани практикаға ден қойған қыз бақытсыз болуы мүмкін емес. Бұл өмірдің бәрі білетін, сезетін, бірақ айғайлап ешкім айта қоймайтын құпиясы бар – ол өзін сүйген адамға өзгелер де үйір келетіндігі, мәселеден қашпай, шығар жолды іздейтін жанның бағы ашылатындығы.

Назгүл Беспаева

Әлі күнге дейін өзімнің де, өзгенің де жан жарасын емдеп келемін. Адам өзі қаламаса, ешкім қол сұға алмайтын, сырға, сағынышқа толы сыздап тұрған жанды дертінен айықтыруға қауқары бар хирургпін.

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!