Миллионер
Табысты тұлғалардың 6 дағдысы
Табысты тұлғалардың 6 дағдысымен сіздер де таныс болыңыздар!
Табысты тұлғалардың барлығы тепсе темір үзетін тәртіппен ғұмыр кешеді деп ойласаңыз қателесесіз. Иә, олар арнайы ұстанымдармен өмір сүреді. Оның ішінде күн тәртібін дұрыс жолға қояды. Жүйелі жоспарлайды, жан рахатына жақсы әдеттер арқылы қол жеткізеді.
Жалпы, адам баласы таңды қалай қарсы алса, күні солай батады. Бұл барлық жағынан тәжірибеден өтіп, дәлелденген тұжырым. Таңертеңгі қалыпты дағдылар, іс-әрекеттер — көңіл-күй мен сапалы өмір сүрудің кепілі. Жақсы көңіл-күй, жағымды әдет, белсенді және жемісті іске бастайтын бірден-бір табиғи құрал. Ендеше, табысты және танымал адамдардың өмір сүру ережелерін назарларыңызға ұсынамыз. Әр күнініз берекесіз басталып, әсерсіз аяқталып, жоспарсыз тірлік кешіп жүрсеңіз, табысты адамдардың дағдысын әдетке айнадырып көріңіз!
Табысты суретші Майкл Керр: Күннің дұрыс аяқталуы, алдағы күндердегі көңіл-күйді анықтайды және әр таңда ғажайып оқиғалардың орын алуына мүмкіндік жасайды дейді. Ал, америкалық бизнес сарапшы Линн Тейлор қызметте жетістікке жетудің жолдары туралы былай баяндайды:
- Бір күнге жоспарланған тапсырмалардың орындалуын тексеру және қорытынды тізімді жаңарту — ертең болуы мүмкін қателіктердің алдын алады;
- Жұмыс орнын тәртіпке келтіру — ойдың нақтылығына, дұрыс, тез шешім қабылдауға әсер етеді;
- Өткен күнді талдау сәттілік шақыруға және сәтсіздік себептерін анықтауға мүмкіндік береді ;
- Шұғыл емес істердің санын азайту және оларды басқа уақытқа көшіру энергияны үнемдейді және оны шешудің жолдары туралы ойлауға мүмкіндік береді;
- Жұмыстың соңына дейін зейінді бірқалыпты ұстап тұру — сырттан келетін істерге алаңдамауға жақсы тәсіл;
- Қызметке қатысты алдағы күнгі міндеттерді анықтау, тізім құру және оларды орындау туралы нақты ойлар — жеке өмірге мән беру үшін қажет;
- Жұмыс кестесін толтыру және алдағы күнге жоспар құру стрессті азайтады және сенімді арттырады;
- Әріптестерге көмек және қолдау үшін алғыс білдіру жұмыс күнін жақсы нотамен аяқтайды;
- Қызметкерлерге кештің жақсы өтуін тілеп, және үнемі күлімсіреп жүрудің жарасатынын айтып отыру, олармен белсенді қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді.
Кешкі серуен
Күн соңында серуендеу тыныштандырады, мидың тынығуына көмектеседі және әлсіздікті жояды. Күш-қуатты қалпына келтіріп, түнгі ұйқыны жақсартады. Фейсбук әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукербергтің ойынша, күнделікті серуендеу адамның шығармашылық ойлау қабілетін арттырады. Ұйықтар алдында қыдырып қайту, кеңседе тапжылмай отырып жұмыс істейтіндер үшін өте маңызды. Сананы сансыратқан сан сұрақтан алшақтатады, аяқтың бұлшықеттерін жаттықтырады, ағзаны қалыпты ұйқыға дайындайды.
Петр Ильич Чайковский күнінде кемінде 2 сағат серуендеуді ұнатқан екен. Таза ауада серуендеу композитордың музыка жазуына ерекше шабыт сыйлаған.
Өзіңе өзің сапалы демалыс сыйла!
Күн көптеген әрекеттер мен алаңдауға толы болғандықтан, кешке тынығуға және бос отыруға уақыт бөлу керек. Өзіңнің ішкі әлеміңмен үйлесім табу үшін медитация жасау өте жақсы көмектеседі. Ал, бұл — медианың миллионер ханшайымы Опра Уинфридің әр кеш сайын жасайтын рәсімі.
Табиғатқа, аспанға қарап, тыныштық пен ішкі әлемге бойлауға болады. Үйде стрессті жеңілдету үшін тыныш орын табу керек, барлық дыбысы қатты құрылғыларды өшіріп тынығу қажет.
Ұйықтар алдында кітап оқу
Кітап оқу миды жаттықтырады және есте сақтау қабілетін дамытады. Жеке тұлға ретінде қалыптасу үшін үнемі терең және жан-жақты байытылған білім алу қажет. Жұмыс уақытында өзін-өзі дамыту, жаңа нәрселерді үйрену, ақыл-ойды «қоректендіру» мүмкін бола бермейді. Сондықтан, мұны да кешкілік уақытқа қалдыру керек. Кешкісін кітап оқу Билл Гейтстің сүйікті дағдыларының бірі. Ол кітап оқуға күн сайын кемінде бір сағатын арнаған. Гейтс әдебиет адамның ақыл-ой қабілетіне әсер етіп қана қоймайды, ұйықтар алдында оқу күнделікті күйзелісті жеңілдетеді. Адам психикасы күшті жүктемелерге қарсы тұра алады. Сондай-ақ, қағаз немесе электронды кітап оқу тез ұйықтауға көмектеседі дейді.
Гаджеттерді ажырату
Түнде қосылған барлық техникалық құрылғылар адамның жүйке жүйесіне айтарлықтай зиян тигізеді. Олар шығарған жарық мидың жүйке жасушаларын қоздырады. АҚШ-тың ең беделді медиа холдингінің негізін қалаушы және бас редакторы Ариана Хаффингтон гаджеттерден болған жүйке ауруын басынан өткерген. Содан бері ол ұйқы алдында, телефон мен басқа құрылғыларды ажыратады және басқаларға да дәл осылай істеуге кеңес береді. Түн болса да сана хабарламаны немесе қоңырауды күтеді.
Кеш және түн шығармашылықтың уақыты
Қалыңдық көйлектерін жасаудан әлемінің ең үздік дизайнерінің бірі Вера Вонг — кешке және түнде шығармашылықпен айналысуды жөн көреді. Осы уақыт жаңа нәрсені ойлап табуға ыңғайлы екеніне сенімді. Ұйықтар алдындағы шығармашылық іс-шаралар өте пайдалы, күйзелісті жояды, өзін-өзі бағалауды арттырады дейді.
Жеке рәсім
Ұйықтамас бұрын, ақпараттар таңертеңгіден гөрі ақпаратты тез қабылдайды. Сондықтан кешті мақсатқа жетудегі қадамдарға, позитивті көзқарастар үшін қолдану ұсынылады. Санада сақтау немесе күнделік көмегімен өткен күннің оқиғаларын еске түсіріп, оларды жағымды және жағымсыз жақтарға бөлген пайдалы. Бенджамин Франклин күн сайын кешке өткенге талдау жасап, өзіне бүгін не істеді деген сұрақ қоюды әдетке айналдырған. Бұл әдеті оған жетістікке жетуге, алдағы жоспарлар туралы ойлауға мүмкіндік берді.
Дайындаған: Бекзат Ғажапбекқызы