Миллионер

Алтынай Әшірбаева. Бизнесіме баламдай қараймын

Алтынай Әшірбаева. Dimash Silver-дің дүниеге келу тарихы

Алтынай Әшірбаева деген атты бұрын соңды естіп пе едіңіз? Ендеше, таныс болыңыз, ол күмістен жасалған әшекей бұйымдар сататын Dimash Silver брендінің негізін қалаушы.

Қыз баланың табиғаты қашан да әдемілікке, нәзіктікке жаны құмар емес пе? «Үйден құлағыма сырға тақпай шықпаушы едім» деп балалық шағын еске алатын кәсіпкердің бұл саланы таңдауы бекер емес. Үш бөбектің анасы, қанатын кеңге жая бастаған Dimash Silver зергерлік үйінің иесі Алтынай Әшірбаева balbal.kz сайтының оқырмандары үшін өз жетістік құпиясымен бөлісті.

Алтынай Әшірбаева:

Нәтижеге жұмыс істе

Мен Алматы қаласының тумасы болсам да, қазіргі таңда елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің ағылшын пәні мұғалімі мамандығын тәмамдағанмын. Магистратураны да сол жерден бітірдім. Еңбек жолымды мамандығым бойынша бастап, бірнеше жыл бойы білім беру орталығында мұғалім болып қызмет еттім. Бұл жерде мен өзімді жаңа қырымнан тани бастадым десем болады. Үнемі жаңалық іздеп, креативті идеялар айтып, ұйымдастырушылық қабілетімді байқадым. Тіпті білім беру орталығының басшысымен сырлас-құрбы болып кеттік. Декреттік демалысымда да осы орталықтың инстаграмын жүргізіп отырдым. Мен нәтижеге жұмыс істегенді жақсы көремін. Сол үшін де өзіме қойған қатал талаптарым бар: «Нәтижеге жұмыс істеу! Тынбау! Аянбау!». Бизнес әлемінде нық қадам басып жүруімнің себебі де осы шығар деп ойлаймын.

Инстаграмның күшін пайдалан

Жолдасымның оқуына байланысты біз бірнеше жыл Ұлыбританияға қоныс аудардық. Жолдасым оқу оқыды, мен баламен үйде отырдым. Сол кезде өзіме ермек болсын деп онлайн түрде, ешқандай ақша салмай, инстаграм арқылы дүкен аштым. Сауда орталықтарын аралап, киімдерді, сөмкелерді, аяқ киімдерді суретке түсіріп инстаграм парақшама жүктейтін болдым. Сөйтіп Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар алдым. Тапсырыс беруші толық төлем жасағаннан кейін дүкеннен сол затты алып, Қазақстанға жөнелтіп отырдым. Менің ең алғашқы кәсібім осы болды.

Өзіңді зертте

Қазақстанға келіп, өз бизнесімді бастаймын деген мақсат қойдым. Дүкендерді аралап, не жетпейді, не керек деп қарап, қөп бақыладым. Ең басында бояу сатамын деген ой келді. Алайда бұл іс менің табиғатыма келмегендіктен, мен аса қатты бояуды жақсы көрмегендіктен, бұл іске кірісе алмадым. Өзім әшекей-бұйым дегендерге кішкентайымнан әуес болдым. Әшекейлерді жақсы көрдім. Сол себептен өз бизнесімді күмістен жасалған әшекей-бұйымдар сатудан бастағанды жөн деп санадым. Dimash Silver бренді 2017 жылы тамыз айында пайда болды. Мен ең алдымен дүкен ашпас бұрын әшекейлерді онлайн түрде инстаграм арқылы сатып, жарнамалап бастадым. Кейін дүкен ашып, сол жерде саудам жалғасты.

Dimash Silver әшекейлері
Алтынай Әшірбаеваның жеке мұрағатынан

Брендтің Dimash Silver аталуына Димаш Құдайбергеннің ешқандай қатысы жоқ. Ұлымызды біздің Дінмұхаммед Қонаев атамыздың құрметіне «Әр қазақтың үйінде бір Дінмұхаммед болсын» деген ниетпен қойдық.

Әлемдік бренд болғанын қалаймын

Ірі сауда орталықтарының ішінде қаншама зергерлік бұйым сататын дүкен бар. Олардың ішінен суырылып шығып, халық сені таңдау үшін, тұрақты тұтынушы базасын қалыптастыру үшін мен әрқашан сапаны алдыңғы орынға қоямын. Әйел адамның жас ерекшелігіне қарай кең таңдау болғанын қадағалаймын. Әрине, ең бастысы жоғары талғамдағы, сұраныстағы әшекейлерді сатуға шығарамын. Бағаның тиімділігін де ешқашан естен шығарған емеспін.

Дүкендегі барлық ассортиментті өзім таңдап, тапсырысты да өзім беремін. Қазақстан, Тайланд, Түркия, Ресей елдерінен алдыртамын. Қазақстандық жас зергерлермен бірлесе отырып өнімдерді қолдан жасаймыз, сонымен қатар дүкенде авторлық бұйымдар да сатылымға қойылған. Болашақта әлемдік брендке айналу бір арман. Tiffany, Сartier секілді қазақстандық өнімді Париждің, Миланның көшелерінен көруді аңсаймын.

Әр нәрсенің шешімі бар

Әр кәсіпте өзіндік бір қиындықтар болатыны барлығына мәлім. Мен өз басымда қиындықтар болды деп айта алмаймын. Кез келген қиындыққа мойымай, оның шешімін табу керек деп ойлаймын. Барлығын ақылмен шешуге тырысамын. Сауда тоқтаса, бір іс-әрекет жасап, әрдайым бір жаңашылдық іздеп отырамын. Әр кәсіпкердің өз бизнес стратегиясы болады. Сол секілді менің де бизнесте өз құпияларым бар. Әр кәсіп иесіне өзіне ғана сай келетін әртүрлі әдіс-тәсілді пайдаланып жұмыс істегені жөн деп санаймын.

Нұр-Сұлтанда жаңа филиалдың ашылуы маған үлкен шабыт берді. Үлкен дүкен болғасын оған басқаша қараймын. Кішкентай дүңгіршектерге қарағанда үлкен дүкен көп көңіл бөлуді талап етеді. Сол үшін де мен әр дүкеніме өз баламдай қарап, олардың өсуіне жіті көңіл бөлемін. Қазіргі таңда Dimash Silver-дің 3 филиалы бар. Алдағы уақытта төртінші филиалының ашылуы болады. Болашақта Қазақстанның түкпір-түкпірінен филиалдарды ашуды жоспарлап жүрмін.

Жалпы, жоспар өте көп. Солардың бірі жоғарыда айтып кеткен авторлық бұйымдар. Қазіргі таңда цех ашуға барымызды салудамыз. Тұтынушыларымызды көп күттірмей жақын арада шет елдік және отандық зергерлермен бірлесе жасаған жұмыстарымызды Нұр-Сұлтан қаласында ұсынатын боламыз. Алдағы уақытта Dimash Silver-дің авторлық бұйымдарының жеке коллекциясы жарық көреді.

Жеке бренд пен кәсіп

Жалпы, бизнестің алға жылжуы үшін кәсіппен қатар жеке брендті де алып жүрген дұрыс. Себебі адам өз бизнесінің тірі жарнамасы. Мойныңыздағы алқа, құлағыңыздағы сырға әдемі әрі сапалы болса, оған халық қызығушылық танытып, сұрай бастайды. Бұл да өз алдына бір пиар. Жеке брендтің маңыздылығы мұнымен шектеліп қалмайды. Халықтың алдында жүрген адамға тұтынушылар да сенім білдіре бастайды. Байланыс орнатып, өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтудан талмайды. Ал мұның бәрі өз кезегінде бизнестің алға жылжуына көмектесетін дүниелер. Сол себептен жеке брендке көңіл бөлген абзал.

Кәсіптегі 3 қағида

  1. НАҚТЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУ
  2. БЕРІЛМЕУ
  3. СӘТСІЗДІКТЕР – ЕҢ ЖАҚСЫ ҰСТАЗ

Мен нақты шешім қабылдар кезде ешқашан қорқып, сенімсіздік танытпаймын. Керісінше нақты шешімді тез қабылдап, нәтижеге қол жеткізгенді жақсы көремін. Әрине, сәтсіздіктер орын алуы мүмкін. Алайда, ол сабақ. Өмірде барлығы тәжірибемен келеді емес пе?! Қолмен ұстап, көзбен көріп, иісін сезбегенше мен тынбаймын. Бизнесте ең маңыздысы – тынбай жұмыс істеу. Артық әңгіменің қажеті жоқ.  Сәтсіздіктер туындағанда да берілмеймін. Үнемі әр нәрсенің шешімін табуға тырысып, қателіктерімнен сабақ аламын. Бұл жаңа мүмкіндіктерге бастайтын қадам деп түсінемін. Барлығы жоспар құрудан басталады. Ең бастысы, құрған жоспардан қорықпау керек. «Ақша жоқ, таныс-тамыр жоқ» деп артқа қарай шегінбеңіз. Керісінше алға ұмтылып, іске кіріскен жөн. Менде де ақша болған жоқ. Бірақ, Алла тағала барлығын реттеп береді. Өзіңізге мүлдем шектеу қоймаңыз, тек алға ақырын-ақырын жылжи беріңіз.

Сұхбаттасқан Дидар Орынғали

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!