Біліп жүр

EgovKzBot Telegram-боты ұсынатын қолжетімді қызметтер

EgovKzBot Telegram-боты қандай қызмет түрлерін ұсынады?

EgovKzBot Telegram-боты арқылы кез келген жерде, кез келген уақытта қолжетімді мәліметтерді алуыңызға болады. Telegram-да арнайы салалық қызмет түрлерін ұсынатын боттар пайда болғалы онлайн-қызметтерге қол жеткізу ыңғайлы бола бастады. Олай деуімізге негіз бар. Өйткені күнделікті өмірде бүгін болмаса да, ертең қажетті қарапайым анықтамаларды Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырмай-ақ, ұзын-сонар кезекте тұрмай-ақ жүктеп алуға мүмкіндік туып отыр. Тек ұялы телефоныңыздың бір-екі тетігін басып қалсаңыз болғаны. Сонымен…

Не істеу керек?

Ең алдымен сіз Telegram мессенджеріне тіркелген болуыңыз керек. Егер Telegram-да жоқ болсаңыз, мобильді қосымшаны жүктеп алыңыз. Ары қарай тіркеліп, сол жердегі іздеу жүйесіне «EgovKzBot2.0» деп жазасыз. Іздеу жүйесі сізге қажетті ботты тауып берген соң, іске кірісуіңізге болады. Ең алдымен, ботты іске қосу үшін «Старт» пәрменін басу және мәзір арқылы телефон нөмірін жіберу қажет.

EgovKzBot Telegram-боты ұсынатын қолжетімді қызметтер
EgovKzBot Telegram-ботын қосу жолы

Ботпен жұмыс істеуді бастау үшін eGov.kz-те тіркелуіңіз қажет және порталға өзіңіздің байланыс нөміріңізді байлау міндетті. Телефонды тіркеу үшін міндетті түрде ЭЦҚ пайдаланылады. Егер сізде ЭЦҚ кілті жоқ болса, онда «Порталда алғашқы рет» бөліміне кіріп, ЭЦҚ-ны алу рәсімі туралы ақпаратпен танысып алыңыз.

Егер сіз ботты Telegram мессенджердің басқа платформалары арқылы жасасаңыз, онда қызметке қол жеткізе алмайсыз. Яғни, ботта веб-, десктоп- нұсқасы немесе планшетпен кіру арқылы қызметтерді алу мүмкін емес. Оның жалғыз жолы — тек қана сіздің телефон нөміріңіз байлаулы смартфонда іске қосу қажет. Осыдан кейін, бот барлық платформаларда жұмыс істей бастайды.

EgovKzBot Telegram-боты арқылы қандай анықтамалар алуға болады?

EgovKzBot Telegram-боты төмендегі қызмет түрлерін ұсынады.

  1. Мекен-жай анықтамасы;
  2. Жеке тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама;
  3. Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтамалар;
  4. Жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтамалар;
  5. Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтама;
  6. Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері туралы ақпарат алу;
  7. Әлеуметтік мәртебені тексеру;
  8. Емханаға тіркеу (өзіңізді және балаларыңызды);
  9. Дәрігер қабылдауына жазылу;
  10. Дәрігерді үйге шақыру;
  11. «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ Халыққа қызмет көрсету орталықтарына кезекті брондау;
  12. Тіркелген заңды тұлға, филиал немесе өкілдік туралы анықтама алу;
  13. Заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерінің бар екендігі туралы анықтама алу;
  14. Баланың тууын проактивті түрде тіркеу;
  15. Ең жақын ХҚКО іздеу;
  16. Жұмыс табу (жұмыссыздар үшін);
  17. Маман табу (жұмыс берушілер үшін);
  18. Наркологиялық диспансерден анықтама;
  19. Психоневрологиялық диспансерден анықтама;
  20. Туберкулез диспансерінен анықтама;
  21. БЖЗҚ салымшысы қаражатының келіп түсуі мен қозғалысы туралы ақпарат;
  22. БЖЗҚ салымшысының (алушының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірісті ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат;
  23. Шетелге шығу шектелген борышкерлер тізілімі және атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер тізілімі бойынша шетелге шығуға тыйым салудың болуын тексеру;
  24. Тұлғаның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы мәлімет алу.

Анықтама алу пәрмендері

Ботқа кіріп, қажетті командаларды орындағаннан кейін, «Қызметтер» бөлімінен өзіңізге қажетті қызметті таңдап бірден сұраныс жібертуге болады. Оны SMS-код арқылы растайсыз. Сұраныс дайын болған жағдайда, оны жүктеп алуға не қалаған электрондық пошта мекенжайыңызға жібере аласыз. Пошта арқылы болса, өзіңіздің электронды поштаңызды жазып жібересіз. Анықтама дайын күйінде 1-2 минуттың ішінде қолыңызда болады.

1-қадам:

EgovKzBot Telegram-боты ұсынатын қолжетімді қызметтер

2-қадам:

EgovKzBot Telegram-боты ұсынатын қолжетімді қызметтер

3-қадам:

EgovKzBot Telegram-боты ұсынатын қолжетімді қызметтер

EgovKzBot Telegram-боты осындай маңызды қызмет түрлерін, қажетті анықтамаларды алуды тез әрі ыңғайлы ету үшін жасалған. Ескерте кететін жайт, бот уақыт өте келе жаңа қызмет түрлерімен толықтырылады. Telegram-ботта жаңа қызметтер пайда болғаннан кейін оларды қолдану үшін боттың өзін қайта іске қосуды қажет ететін жағдайлар туындайды. Ол мәзір ішінен «Тарихты тазарту» және содан кейін «Старт» батырмасын басу арқылы жасалады.

Сонымен қатар қандай да бір мәселелер туындай қалса, 1414 нөміріне қоңырау шалып, ақпарат алуыңызға болады.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!