Біліп жүр

Садхгуру: биографиясы, кітаптары және ойлары

Садхгуру ерте тұру және сезімталдықты ояту туралы

Садхгуру Джагги Васудев – 1957 жылы Үндістанда дәрігерлер отбасында дүниеге келген үндістандық йог, мистик. Үндістанның ең атақты 50 адамының бірі. Сонымен қатар New York Times басылымы ол әлемнің ең танымал авторы. 2017 жылы Садхгуру Үндістан Үкіметінің ең жоғарғы «Падма вибхушан» марапатымен мадақталды. Бүгінде дүниенің төрт бұрышын кезіп, адамзатты мазалаған сұрақтарға жауап беріп жүрген ол саясаткерлерді де, әртістерді де, қарапайым жұмысшыны да сөзімен иландыра алатын жан.

Садхгуру биографиясынан

Ол үздік оқыған, ағылшын әдебиеті бойынша бакалавр дәрежесін алған.

12 жасынан йога мен медитацияны тереңірек зерттей бастайды.

Ол тауда тұрып, йоганың күшімен жан дүниесінің жаңарғанын сезген сәтте өзінің құс фермасын тастап, йогадан сабақ беруге көшеді.

1999 жылы «Иша қорының» (Isha) негізін қалады. Қордың негізгі қызметі – жалпыхалықтық гүлдену мен дамуға негізделеді. Бүгінде әлем бойынша 250 филиалында 9 миллионнан аса еріктілердің басын қосқан бүкіләлемдік әлеуметтік қорға айналған.

Садхгуру Оксфорд, Стэндфорд, Гарвард, Йельск сынды әлемнің үздік университеттерінде және Google компаниясының қызметкерлері үшін дәріс оқыған. Әлемдік деңгейдегі конференциялар мен форумдарда баяндама жасаған.

90-жылдарда оны өз әйелінің өлімі үшін айыптаған. Жұбайы медитация кезінде трансқа түсіп, есін жимастан көз жұмады. Қылмыстық іс қозғалғанымен, Садхгуруға қатысты дәлелдердің жетіспеушілігінен іс тоқтатылады.

Садхгуру ақыл-ой туралы

«Бұрын егер сіздің бұлшықеттеріңіз қайратты, күшіңіз көп болса, басты доминант сіз болатын едіңіз. Себебі, ол кездегі көзіріңіз – күш-қайрат болатын. Сосын күнделікті өмірге механикалық машиналар ене бастады. Физикалық күштің қажеті де жоқ. Бүгінде миыңыздың қайраты сіздің кім екеніңізді анықтайды. Негізгі доминанттық фактор – ақыл-ой».

Садхгуру сағат 03:40 жайлы

«Біз өмірмен, табиғатпен үндестігімізді жоғалтып алдық. Сондықтан оятқышты қанша ерте қойсақ та ұйқымыздан тұра алмаймыз. 17 жылда бір оянатын жәндік бар. Оянады да ұрпақ қалдырады. Сосын қайтып ұйқыға кетеді. Ол ешқандай оятқышсыз-ақ тура 17 жылдан кейін қайта оянады. Сіз іштей дайын болмағандықтан 03:40-та ояна алмайсыз. 03:40 деген уақыт 33 градус ендік бойында орналасқан мемлекеттерге ғана қатысты. Сіздің тұратын елде уақыт басқаша болуы мүмкін.

Мен  12 жастан бастан йогамен айналыса бастадым. 8-9 айдан кейін өз өзімнен ерте оянатын болдым. Ал оған дейін менің ерте тұруым қиын еді. Мені мектепке дайындау бүтін бір рәсімге айналатын. Қазіргі таңда мен жиі сапарға шығамын. Қандай сағаттық белдеу болмасын тура 03:40-та оянып кетемін. Сіз де сезімталдығыңызды оятыңыз. Жер ғаламшарының өнімі екеніңізді түсініңіз. Құр көзіңізді ашып, ары қарай ұйықтап қалыңыз. Сөйтіп ақырын-ақырын бұған да үйреніп кетесіз.

Басты мақсат – сезімталдықты ояту. Бұл өмірде бәріміз қонақпыз, компьютер бетінде ашулы тұрған мыңдаған терезенің біріміз. Сезімталдықты ояту десе, көбісі негативті ойлайды. Сезімтал қыз десек, көз алдымызға бір ауыз сөзге ренжіп қалатын бойжеткен келеді. Жоқ, эгоға емес, өмірге деген сезімталдықты ояту жайлы айтамын. Сонда ғана бар ғажайып сіздің назарыңыздан тыс қалмайды.

Өмірге сезімтал адам таңның атқанын, күннің батқанын, жаңа айдың туғанын сезеді. Білесіз бе, теңіздің толқындары белгілі бір уақытта  көтеріледі де түседі. Адам ағзасының 72%-ы судан тұратыны шындық. Ендеше сіздің ағзаңыз да толқындай тулап көтерілуге тырысады. Сіздің міндетіңіз соны сезіну, сезімталдықты ояту. Соның арқасында сіз өміріңіздің бар аспектісін қадағалай аласыз. Сіздегі бар GPS-навигатор іске қосылады. Сіз қайда барсаңыз да, ол сізді адастырмайды. Өмірге сезімтал адам кім не десе де, қандай қиын жағдайға тап болса да, өзін-өзі жоғалтып алмайды».

Садхгуру түнде ұйықтамай жұмыс істеу туралы

«Түнде үш түрлі адам ұйықтай алмайды. Біріншісі – сырқат адам. Екіншісі – ләззат аңсаушы. Үшіншісі – йогин. Қараңғы түнде көп нәрсе байқалмайды. Сондықтан ләззат алушылар түн жамылғанда іске кіріседі. Бізге де білім алуға, шығармашылықпен айналысуға түнгі уақыт ыңғайлы сияқты көрінеді. Қараңғы түскенде бар ойымызды жинақтай алатын сияқтымыз. Көзге ешнәрсеге қатты түспегендіктен уайымымыз да, мазалаған ойларымыз да азайғандай болады. Сондықтан да жоғарыдағы үш категорияға жататын адамдар түнде ұйықтамайды. Сіз де түнде ұйықтамасаңыз болады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Тек ертесіне жұмыста қалғып отырмасаңыз болды».

Садхгурудың кітаптары

«Ішкі инженерия. Қуанышқа бастар жол. Йогтың кеңестері»

«Гуру өз заманның талабын ескеруі тиіс» дейді Садхгуру. Ол йоганы белгілі бір мәдениетті жатқызуды доғарып, оны ғылым ретінде, қуаныш алып келетін технология ретінде насихаттайды. Бұл кітап Садхгуру өзі қалыптастырған «Ішкі инженерия» йога жүйесінің негізінде жазылған. Йоганың бұл түрі арқылы кез келген адам «өз қуанышының архитекторына» айнала алады делінеді.

«Мистиктің ой-толғауы. Барша сұрақтың жауабы»

Бұл кітапта Садхгуру ұстаз ретінде ғана емес, қарапайым пенде ретінде ашылады. Себебі ол шығыс гуру жайында қалыптасқан стереотипті бұзады. Кигені джинсы шалбар, мінгені катер, қалжыңдасқанды ұнатады. Американдық шәкірті Шерил Симонмен болған сұхбаттары жинақталып, міне, осындай кітапқа айналған. Ұстазы мен шәкірті арасындағы диалог нақыл сөздердің жиынтығы емес, ақиқатты іздеген жан мен оны тапқан пенде арасындағы терең де мағыналы әңгіме.

 «Садхгурумен ашық әңгіме. Махаббат, тағдыр һәм бизнес туралы»

Әртүрлі мемлекеттерде әртүрлі жылдарда қойылған сұрақтарға Садхгурудың берген жауаптары жинақталып кітап болып басылған. Садхгуру қалың аудитория алдында жиі қозғай қоймайтын тақырыптардың барлығы аталмыш кітапта қозғалған. Адамзат баласын алаңдататын, қызықтыратын, ынтықтыратын мәселе-сұрақтың барлығы кітапта қамтылған делінеді.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!