Оскар сыйлығы – дәстүрлі түрде кино өндіріс саласына үлес қосқаны үшін берілетін американдық марапаттау сыйлығы. Оскарды жеңіп алу – бұл кино әлеміндегі ең жоғары жетістік, кәсіби жетістіктің белгісі. Марапаттау рәсімі жыл сайын Лос-Анджелестегі Долби театрында өтеді және ондаған елде тікелей эфирде көрсетіледі.
Қазіргі уақытта «Оскар» 24 негізгі категориясы
Жылдың ең үздік фильмі Ең үздік режиссер
Басты рөлдегі ең үздік актер Қосалқы рөлдегі ең үздік актер
Басты рөлдегі ең үздік актриса Қосалқы рөлдегі ең үздік актриса
Ең үздік түпнұсқа сценарий Ең үздік бейімделген сценарий
Үздік анимациялық туынды Ең үздік музыка
Ең үздік ән Шет тіліндегі үздік фильм
Өндірістік дизайнердің үздік жұмысы Үздік кинематография
Үздік анимациялық қысқа метражды фильм Ең жақсы дыбыс
Ең үздік қысқаметражды көркемдік фильм Ең үздік монтаж
Үздік көрнекі эффектілер Үздік деректі фильм
Үздік қысқа метражды деректі фильм Ең үздік киім дизайны
Ең үздік дыбыс редакциясы Ең үздік гримм
«Оскар» қалай пайда болды?
АҚШ-та алғашқы кино академиясын құру идеясы 1926 жылы қарашада Metro-Goldwyn-Mayer атты кинокомпанияның қуатты басшысы Луи Б. Майерден келді. Академияның құрылуының басты себебі – Американың бүкіл кинокомпаниясының одағын құру болды. Сол кезде елдің тоғыз ірі кинокомпаниялары мен бес кәсіподақ «Киностудиялардың негізгі келісіміне» қол қойды. Алайда бұл келісім тек техникалық қызметкерлерге, шығармашылық топтарға, режиссерлерге, сценаристер мен актерлерге қатысты болды.
Редакторлар, композиторлар, сахна дизайнерлері және басқалары өздерінің гильдияларын құрмақшы болған кезде Майер жаңа шешім қабылдады.1926 жылы желтоқсанда ол үш саланың жетекшілерімен кездесті: актер Конрад Найджел, режиссер Фред Нибло және АҚШ кино продюсерлері қауымдастығының жетекшісі Фред Битсон. Олар Хейз кеңсесіне көмектесу арқылы әр түрлі еңбек жанжалдарында делдал болатын және әлемдегі Голливуд имиджін жақсартатын ұйымның құрылуын ойлады.
Әріптестердің қолдауымен Майер өзін болашақ ұйым мүшелерін таңдау жөніндегі комитеттің басшысы етіп тағайындады. 1927 жылы 11 қаңтарда ол 36 сала басшыларын «Амбассадор» қонақ үйіндегі ресми кездесуге шақырды. Мейер академияны «Халықаралық» деп атауды және кино өндірісінің ғылымына үлкен үлес қосқандарды растауды ұсынды. Алайда оның адвокаттары қауымдастық атауынан «Халықаралық» сөзін алып тастауға кеңес берді. Көп ұзамай, академия ресми түрде «Кино-сурет өнері және ғылымдар академиясы» деп аталды. 1927 жылы 4 мамырда Академия заңды корпорация болды. Калифорния штатының үкіметі оған коммерциялық емес статусын берген. Актер Дуглас Фэрбенкс Академия президенті болды, ал сценарист Фрэнк Вудс хатшы болды. Өзінің киностудиясының есебінен Майер корпорацияның ашылу салтанаты ретінде Biltmore қонақ үйінде ұйымдастырылған банкетке үш жүз адамды шақырды.
Алғашқы рәсімі
Алғашқы марапаттау рәсімі 1929 жылы 16 мамырда Лос-Анджелесте Hollywood Rouzvelt қонақ үйінің залында өтті. Лауреаттар 1927-1928 жылдардағы фильмдер үшін 12 номинация бойынша таңдалды. Барлық жеңімпаздар марапаттауға үш ай қалғанда жарияланды. Сыйлықтың алғашқы жеңімпазы неміс актері Эмиль Яннингс болды. Алайда Дженнингс шұғыл түрде Еуропаға кетуге мәжбүр болғандықтан оған сыйлық мүсінін алдын-ала берген. Рәсімнің өзі бар-жоғы 15 минутқа созылды. Ең үздік фильм номинациясына Уильям Уэльманның «Қанаттар» драмасы (1927) ие болды.
30-шы жылдары академия марапаттау рәсімі қарсаңында газеттерге Оскардың болашақ жеңімпаздары туралы хабарлады. 1941 жылдан бастап нәтижелер ақырына дейін құпия сақталды: лауреаттардың аты-жөні жазылған карточкалар конвертте сақталып, тек марапаттау рәсімі кезінде ашылған.
1953 жылы тұсаукесер рәсімінің алғашқы теледидарлық таратылымы АҚШ пен Канадада өтті.
2002 жылдан бастап марапаттау рәсімі Лос-Анджелестегі Долбий театрының сахнасында өтеді. Сэмюэльд Голдвин театрында номинанттар жарияланады.
«Оскар» атауы
«Оскар» сөзі алғаш рет 1939 жылы алтыншы марапаттау рәсімінде қолданылды. Бұл атауды кім ұсынғаны әлі күнге дейін белгісіз. Бұл туралы бірнеше пікір бар:
Актриса Бетт Дэвис алғаш рет мүсінді «Оскар» деп атағанын бірнеше рет айтқан, өйткені ол өзінің бұрынғы күйеуі Гармон Оскар Нельсонды еске түсіреді екен.
Кейінірек академияның жауапты хатшысы қызметіне кіріскен кітапханашы Маргарет Херрик 1931 жылы ол есімді өзі ұсынғанын айтты. Алғаш мүсінді алғаннан кейін ол оған мұқият қарап: «Ия, бұл менің Оскар ағам!» деген. Оның Оскар Пир атты немере ағасы болған екен. Ал Сидни Скольский өзінің газетінде бұл туралы былай деп жазды: «Академия қызметкерлері мүсінді Оскар деп сүйіспеншілікпен атады».
Алайда Скольскийдің айтуынша, ол бұл сөзді бірінші болып келесі себептермен қолданған: «Мен өз мақаламда бет-әлпетті мүсін деп жазудан шаршадым. Мен оның есімін жазуды жеңілдетіп қана қоймай, оны жеке адам ретінде ұсынғым келді. Оның атын бренд еткім келді. Оскар есімі швед тілінде «Құдайдың найзасы» мағынасын береді, осы атау бойынша ол сыйлықтың кереметтілігін көрсеткім келген».
«Оскар» мүсіні
Мүсінші Джордж Стэнли сыйлықты өндіріс дизайнері Седрик Гиббонстың эскизі негізінде жасаған. Сыйлық – ұзын қылыш ұстаған рыцарьдің мүсіні. Оның биіктігі 34 см, салмағы 3,85 кг. Бастапқыда марапат қоладан жасалды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданның қажеттіліктеріне металды қолданды, сондықтан 1941-1945 жылдары академия гипс фигураларын ұсынды. Кейінірек Оскар қалайы мен сурьман қоспасынан тұратын британ металынан жасалды. 2016 жылдан бастап олар қайтадан 24 карат алтынмен қапталған қоладан жасалынған. Жалпы алғанда, 2019 жылға қарай 3100-ден астам Оскар марапатталды.
«Оскар» қандай фильмдерді марапаттайды?
«Оскар» теңдік, толеранттылық принциптерін қолдайды. Киноакадемиктер әлеуметтік мәселелер, азшылықтардың құқығы, нәсілдік және тарихи трагедиялар туралы фильмдерге басымдық береді. 2014 жылы академияның екі мүшесі «Құлдықтың 12 жылы» фильмін көрмесе де антирасистік тақырыбына байланысты дауыс бергендерін мойындады. Холокост яғни еврейлерге жасалған қысым кино академияның сүйікті тақырыбы болып саналады: осы трагедия туралы 25 фильм ұсынылып, 21-і «Оскарға» ие болды. 2010 жылдары қара нәсілділер өміріне әсер ететін фильмдердің марапаттары мен номинациялары жиілеп кетті. «12 жыл құлдық», «Ай сәулесі» және «Жасыл кітап» «Ең үздік фильм» номинацияларын жеңіп алды. Ал бұрын-соңды ондай жанрлар Оскарға номинацияланбаса да, «Қара пантера» супер қаһарман экшн-фильмі күтпеген жерден «Оскар» сыйлығына ұсынылған.
2014-2015 жылдары Hollywood Reporter журналы «Оскар» қазылар алқасының мүшелеріне анонимді сауалнама жүргізіп, олардың көпшілігі барлық ұсынылған фильмдерді көрмейтіндерін, ал кейбіреулері көрмеген фильмдерге дауыс бере салатынын анықтады.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова