Жержаңғақ Оңтүстік Америкада пайда болған деп есептелінеді. Бұған себеп – Перуден табылған ежелгі құмыра. Ол жержаңғақ пішінінде жасалған және осы мәдениет өсімдіктерінің суреті салынған. Еуропаға жержаңғақты испандықтар алып келген. Олар оны ұзақ сапар кезінде қорек ретінде пайдаланған. Ал Африкада жержаңғақпен топырақты қопсытқан, себебі оның құрамында пайдалы элементтер көп. 18-ғасырда ғалымдар жержаңғақпен шошқаларды қоректендіру қажет деп есептеген. Сонымен қатар кей кездерде жержаңғақты кедейлер тағамы деп санаған.
ХХ ғасырдың басында америкалықтар жержаңғақ қосылған тамақтардың 100-ден аса түрін ойлап тапты. Бұл өнертабыстардың көпшілігі Джордж Карвер есімді агрохимикке тиесілі болды.
Жержаңғақтың пайдасы
Құрамында А, В, Д, Е, РР дәрумендер бар. Ол аминқышқылдары мен өсімдік майларына бай болып келеді. Жержаңғақ жегеннен холестерин деңгейі көтерілмейді.
Керісінше қан құрамындағы қант мөлшерін қалыпқа келтіреді. Қант диабетіне шалдыққан жандарға көп мөлшерде жержеңғақ жеу пайдалы. Сонымен қатар жүрек жұмысы мен қан қысымын қалпына келтіретін, зат алмасуды реттейтін магнийдің көп мөлшері кездеседі.
Жержаңғақ иммунитетті күшейтіп, әлсіздік пен күйзеліске қарсы күреседі. В3 (ниацин) дәрумені ми қызметін дұрыстап, жадтың қабілетін арттырады. 100 грамм жержаңғақта 567 ккал болады.
Жержаңғақтың зияны
Шикісі асқорыту жүйесінің жұмысын бұзуы мүмкін. Сонымен бірге бұл өнімге адамның аллергиясы болуы ықтимал. Тұз жиналу ауруы, артрит, артоз секілді ауруы бар адамдарға жержаңғақ жеуге болмайды.
Жержаңғақтың медицинадағы қолданысы
Жержаңғақты қажет мөлшерде жесе, асқорытуды дұрыстауға көмектеседі. Әйелдердің гормондық балансын қалпына келтіреді. Жүктілік кезінде сәбиді түрлі аурулардан сақтайды.
Оның құрамындағы холин жасушаның пайда болуы үшін қажет. Е дәрумені табиғи антиоксидант болып табылады. Ол жүрек-қан тамырына әсер етеді. Ыстық күндері жасушаларды гипоксиядан тазартады. Оның құрамындағы РР дәрумендері зат алмасу процесін күшейтеді. Жержаңғақ селен, фосфор, калий мен кремнийге бай. Олар жүрек-қан тамыры жүйесіне, ойлау қабілетіне оң әсерін тигізеді. Тек бір кемшілігі – калориясы көп. Артық салмағы бар жандарға жемеген абзал.
Жержаңғақтың ас үйдегі қолданысы
Қуырылған жержаңғақ әтті келеді. Ал шикісінің дәмі фасольге ұқсас. Жержаңғақты тұздап, қант қосып, қуырып немесе шикі күйінде де тұтынуға болады. Одан май, конфеттер, кондитерлік өнімдер дайындайды. Салаттар мен соустарға, көкөніс тағамдарына да қосуға болады.
Жержаңғақ қосылған конфет
Дәмді әрі калориясы аз конфет жасаудың әдісі:
Інжір – 100 грамм;
Құрма – 100 грамм;
Жержаңғақ – 80 грамм;
Кокос үгіндісі – себу үшін.
Інжір мен құрманы сумен жуып, 1 сағат көлемінде суға салып қойыңыз. Жержаңғақты блендермен ұсатып, массаға інжір мен құрманы қосыңыз. Барлығын біркелкі етіп араластырыңыз. Конфет формасына келтіріп, бетіне кокос үгіндісін себіңіз.
Дайындаған: Назархан Уән