Онлайн жұмыс немесе үйден жұмыс істеу өміріміздің бір бөлігіне айналды. Бірақ жұмыс пен отбасы мәселесін қатар алып жүру қиындық тудырады. Балаларыңызға қарау жұмысқа толық енуге мүмкіндік бермеуі мүмкін. Назарыңызға онлайн жұмыс кезінде баланы алдандырудың тиімді жолдарын ұсынамыз.
Карантин демалыс емес
Балаларыңызға карантиннің не екендігін түсіндіріңіз. Балалар оны демалыс ретінде қабылдауы мүмкін. Олар бұл «оңтайлы демалысты» пайдаланып, қыдырғысы да келеді. Бірақ кинотеатрлар мен адам көп шоғырланған жерлерге барудың қауіптілігін айтыңыз. Алайда үйде отыру да оларды шаршатады және жұмысыңызға кедергі келтіреді.
Кітаптар
Демалысты балаңыз үшін пайдалы етудің оңтайлы жолы – кітап оқу. Кітап оқу кезінде балаңыз рухани байып қана қоймай, уақытын тиімді өткізеді. Бірнеше сағатқа өзін алдандыратын «жұмысқа» енеді. Кітапты таңдау барысында балаңызға ерік беріңіз. Сіздің алып келген кітаптарыңыз балаңыз үшін қызықсыз болуы мүмкән. Кітапты бала өз қызығушылығына қарай таңдау – соңына дейін оқуының кепілі. Балаңызға күнделікті оқуға тиіс норманы бекітіңіз. Кешке оқыған бөліктерін сұрау арқылы есіне сақтауына көмек көрсетесіз.
Қолөнер
Қазір интернетте қолөнерге қатысты көптеген шеберлік сабақтары бар. Оларды балаңызбен бірге тамашалап, жасап көріңіз. Тіпті кейбірін балаңыздың өзі жасағаны дұрыс. Осылайша олар өздерінің ойлау және қолөнер қабілеттерін дамытады. Балаңыздың денсаулығына зиян келтіретін заттарды қолданбауын бақылаңыз. Мысалы, үй жағдайында сабын жасап көрсін. Құралмалы ойыншықтарды құрастыру да пайдалы. Қыз балаларға тоқыма тоқуды үйретіңіз.
Мектеп бағдарламасын оқу
Демалыстың мәңгілік болмасы сөзсіз. Балаңыздың мектеп бағдарламасын ұмытып кетпеуін бақылаңыз. Есептер шығартып, шығарма жаздырыңыз. Өткен материалдарды қайталата беру де тиімсіз. Балаңызды тез жалықтырып аласыз. Логикалық есептер шығарту қызықты істердің бірі. Күніне мектеп бағдарламасына 1-1,5 сағат арнаңыз.
Терезе алдындағы бақша
Балаңызды немен алдандыратыныңызды білмесеңіз, үйде бақша өсіріп көріңіз. Бірнеше өсімдіктің тұқымын сатып алыңыз. Оларды ыдысқа егіп, терезе алдына қойыңыз. Өсімдіктерді баптауды балаңызға тапсырыңыз. Егер жемісін тез көргіңіз келсе, асбұршақ егіңіз. Осылайша үй ішінде шағын бақша жасайсыз. Бұл балаңыз үшін қызықты жұмысқа айналады.
Оригами
Оригами жасау балалар үшін қызықты болады. Бұл шыдамдылық пен көп уақытты қажет етеді. Оригамидің шеберлік сабақтарын көріп балаңызға үйретіңіз. Оригами арқылы көптеген құстар, жануарлар мен түрлі заттардың кішігірім үлгісін жасауға болады. Осылайша балаңызды біраз уақытқа алдандырасыз.
Демалыс кезінде балаларыңызбен серуендеуді де ұмытпаңыз. Күнделікті кешкі уақытта балаңызбен бірге серуендеуге шығыңыздар. Таза ауамен тыныстап, әңгіме дүкен құрыңыз. Бұл бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Әрі кез келген көңіл көтеру түрлеріне қарағанда қызықты. Серуен сауда үйлері мен кафе емес, үйдің маңы мен аулада да болуы мүмкін.
Дайындаған: Назархан Уән