Шешім қабылдау – өмірдегі маңызды сәттердің бірі. Осы кезде дұрыс таңдау жасау керек. Шешім қабылдауда батылдық таныта алмайтындар үшін 6 қағиданы басшылыққа алуға кеңес береміз. Balbal.kz мотивациялық сайты сол 6 қағиданың әрқайсына жеке-жеке тоқталады.
10/10/10 ережесі
Кез келген адам шешім қабылдаған сәтте оның салдары туралы уайымдайды. Шешіміңіздің дұрыс не бұрыс екеніне көз жеткізу үшін 10/10/10 ережесін пайдаланып көріңіз.
Ол үшін мына үш сұраққа жауап табыңыз:
10 минуттан кейін бұл шешім маған қалай әсер етеді?
10 айдан кейін ше?
10 жылдан кейін бұл шешімім өмірімді өзгерте ме?
Ағылшын тілі курсына барайын ба әлде әдемі көйлек алайын ба? Міне, осылайша таңдау жасаңыз. Бұл шешімнің салдары туралы ойлансаңыз, сұрақтың жауабын тез табасыз.
Адал жанкүйер
Бұл ереженің мәні – көпшілікке жағынудың қажетсіз екендігі. Адамның махаббатына бөленіп, жетістік пен ішкі үйлесімділікке жету жеткілікті. Сізді шын жақсы көретін адам кез келген жағдайда қолдайды. Сондықтан айналыңызды сізге сенім артатын, мотивация беретін, қолдауға дайын тұратын жандармен қоршаңыз. Сонда жұрт үшін елеңдеуді қоясыз.
Парето заңы
Италия экономисі Вильфредо Парето «Әлем байлығының 80%-ы адамдардың 20%-ына ғана тиесілі» деген оймен осы қағиданы ойлап табады.
Күш-жігердің 20%-ы 80%-дық нәтижені қамтамасыз етеді. Басқаша айтқанда, 20% әрекет етпей сіз нәтиженің 80%-ына жете алмайсыз.
Ал біздің бақытты күй кешуіміздің 80%-дық үлесі айналамыздағы адамдардың 20%-ына ғана тікелей байланысты.
Парето заңы назар қойып, басымдылық беруге көмектеседі.
Болашақ өкініштерді азайту
Бұл қағиданың авторы – Amazon компаниясының бас директоры Джефф Безос. Оның алдында мынадай таңдау тұрды: Хедж қорындағы сәтті жұмысында қалу әлде Амазон компаниясын ашу? Джефф Безос шешім қабылдады және оған еш өкінбейді.
Сіз өзіңізді 80 жасқа келген адам ретінде елестетіңізші. Неге ризасыз? Неге өкінесіз? Қандай шешіміңізді өзгертер едіңіз? Өмірде не нәрсені істеп көрмедіңіз?
Жауаптарыңызды саралаңыз. Адам қартайған шағында бұрын істемеген әрекеттері үшін өкінеді. Бұл бірсарынды өмірден шығып, шешім қабылдауда батыл болуға көмектеседі.
Болашақта сіз діттеген мақсатыңызға жетпесеңіз де тәуекелге бармадым деп өкініш білдірмейсіз.
Паркинсон заңы
Адам нәтижеге жете алады. Бірақ соған қанша уақыт кетіретіні өзіне байланысты. Мұны Паркинсон заңы деп атаймыз.
Бір тапсырманы орындауға 3 сағат беріледі делік. Негізі ол бір-ақ сағаттық шаруа. Сіз 3 сағатта бітірудің орнына басқаға көңіл бөліп, уақытты созып жүресіз. Ал соңғы жарты сағатта тапсырманы тезірек орындағыңыз келіп уайымдайсыз, шаршап қаласыз.
Сізге оған дейін қанша уақыт берілгені маңызды емес, адам бәрін тақалғанда істеуге құмар.
Сол себепті өзіңізге лимит қойыңыз. Жобаны аяқтауға бір апта уақыт жұмсаудың орнына оны бірнеше бөлікке бөліп, күн сайын бір бөлігін тындырыңыз. Осылайша сіз арқаңыздағы ауыр жүктен жеңіл құтыласыз. Жүйкеңіз жұқармайды.
Эйзенхауэр матрицасы
Дуайт Эйзенхауэр АҚШ президенті болғанда автомобиль жолдарының желісін құруды, ғарышты игеруді (NASA) және энергияның балама көздерін зерттеуді бастады. Эйзенхауэрдің шешім қабылдау әдістері әлі де танымал. Солардың бірі – Эйзенхауэр матрицасы.
Оның мәні кез келген мәселені, тапсырманы төрт түрге бөліп қарастырады:
Стивен Ковидің зерттеуі бойынша, істеріміздің көп бөлігі екінші санатқа жатады. Шын мәнінде шұғыл және маңызды нәрселер бола қоймайды. Үшінші және төртінші санаттағы істерге келетін болсақ, бәрі уақытты басқару қабілетіңізге байланысты. Қажетсіз нәрсеге күш-жігерді жұмсау қаншалықты сізге қажет екенін саралаңыз.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова