Психология

Прокрастинация немесе Скарлет синдромынан құтылудың 12 әдісі

Прокрастинация деген не?

Прокрастинация – істі кейінге қалдыру әдеті. Шаруаны тақалғанда тындыру көпшілігімізге тән. Соның кесірінен жұмыс өнімділігі мен денсаулығымызға нұқсан келеді. Balbal.kz мотивациялық сайты прокрастинациямен күресу туралы материал дайындады.

Прокрастинация деген не?

Әлемде 5 адамның бірі прокрастинатор. Жалқаудың ертеңі бітпес деп жатады. Прокрастинация жалқаулық емес. Ол психологиялық мәселе. Кейде оны Скарлетт синдромы деп те атайды. Кез келген маңызды іс, дипломдық жұмысты бірден бастап кетпеу, уақыт созып кәмпит жеу, телефон ақтару сияқты ұсақ-түйекпен алдану.

Неге ертеңге қалдыруға әуеспіз?

Ондай жағдай бәрінің басынан өтеді. Алайда кей адамдар үшін бұл айықпас дертке айналады. Қанша тырысса да еш нәрсені уақытылы тындырмайды. Содан өз-өзіне налиды. Оның себебі әртүрлі: бірсарынды жұмыс, зейін қоюдан қиналу, шаршау, сәтсіздіктен қорқу, қызықсыз, ұнамайтын нәрсемен айналысу.

Күнделікті өмірде біз істегіміз келмейтін нәрсеге тап боламыз. Ал одан бас тартуға жүрексінеміз. Соның салдарынан прокрастинация оянады.

Жаңа технологиялардың шығуы – тағы бір алаңдатушы фактор. Телефон дыбысы, интернеттегі жазбаларға алаңдаймыз деп прокрастинация жасаймыз.

Прокрастинация неге әкеліп соғады?

Істі кейінге қалдыра берудің кесірінен уақытты жоғалтамыз. Ал уақыт – ең қымбат ресурс. Содан барып жұмыс өнімділігі төмендейді. Соңына келгенде бәрін бітіруге тырысып, жүйкемізге салмақ түсіреміз. Ұйқы шала болады, отыра бергеннен остеохондроз сияқты аурулар пайда болады.

Одан бөлек ол психологиямызғада әсер етеді. Прокрастинацияға ұшырайтын адамдар депрессияға жиі түседі. Уақытты құр өткізгеніңізге қынжыласыз, стресске түсесіз. Бұл мотивацияның жоғалуына әкеледі. Өз-өзіңізді төмен бағалап, қалай негативті адам болып бара жатқаныңызды байқамай қаласыз.

Прокрастинациядан құтылудың 12 әдісі

 Уақытты дұрыс бөлу

Егер сізге бір күнде бірнеше тапсырманы үйіп-төксе, не істеріңізді білмей қаласыз. Қайсысынан бастарыңызды білмей ештеңе бітірмеуіңіз де мүмкін. Сол үшін маңыздылығына қарай істі бөліп қойыңыз. Осылайша сол іске зейін қоясыз. Эйзенхауэр матрицасын қолданып көрсеңіз болады.

Шынайы мақсат қою

Өзіңіздің шамаңызды біліңіз. Ағылшын тілін білмейтін адамға бір аптада ағылшынша сөйлеп үйрен десе, ол орындалмайтыны хақ. Сол үшін де қай уақытқа дейін орындап бітіру керегін дұрыстап ойластырыңыз. Тым қатаң режим ұстанбаңыз.

Жоспар құру

Мынаны істеу керек деп ойлап қою жеткіліксіз. Орындалу керек тапсырмаларды күнделікке тізіп қойыңыз. Орындаған нәрсеге + қойып отырыңыз. Осы кезде ішкі мотивация оянады.

Мотивация

Мақсатыңыз кұр арман болып қалмас үшін оны жиі еске алу керек. Стикерге, күнделікке мақсатыңызды жазып қойыңыз.

Әр орындаған ісіңіз үшін өзіңізге сыйлық жасаңыз. Мысалы кітаптың әр 50-ші бетіне сағыз салып қойыңыз. Ал орындамай қойсаңыз жаза қолданыңыз. Сол күні бір нәрседен бас тартыңыз.

Қателесуден қорықпау

Прокрастинацияның бір себебі – қателесуден қорқуымыз. Қателесудің жаман емес екенін ұғыну керек. Мінсіз ештеңе болмайды. Ал қателесудің арқасында тәжірибе жинаймыз.

Жұмыс орнын ретке келтіру

Жұмыс істейтін орныңызда артық нәрсе болмасын. Шашыраңқылық сізді алаңдатады. Зейін қойып, ләззатпен іске кірісе алмайсыз. Сол үшін жұмыс орнын ретке келтіріп болғасын іске кірісіңіз.

Қатаң күн тәртібінен бас тарту

Күн тәртібіңізге расымен маңызды істерді жазыңыз. Бірақ әр минут, секундын жоспарлау қажет емес. Жоспарланбаған істерге де уақыт қалдырыңыз. Тым қатаң күн тәртібімен жүру жалықтырады.

Тамақтану және үзіліс уақыты

Үзіліс уақыты болмаса, шаршап қалуыңыз мүмкін. Сол үшін аз-аздан демалып тұрған жөн. Тамақтану уақытын да ұстану керек. Әйтпесе қарныңыз ашып, жұмыс уақытында асханаға қарай жүгіре беретін боласыз.

Қызықты ету

Жұмыс қалай қызық болуы мүмкін деп ойладыңыз ба? Оны ойын ретінде, әріптесіңізбен жарысу арқылы қызықты ете аласыз.

Алаңдататын нәрселерден аулақ болу

Бос әңгіме, телефон дыбысы, т.б. алаңдатады. Әріптесіңізбен тек үзілісте ғана әңгімелесіңіз. Ал жұмыс біткенше телефон дыбысын сөндіріп қойғаныңыз дұрысырақ.

Есеп беру

Кешке өзіңізге есеп беріңіз: не істедіңіз, не бітірмедіңіз? Өзіне есеп бермейтін адам шаруаны ертеңге қалдырып, істі қиындататынын түсінбейді. Есеп беру арқылы қалай жеңгеніңізді байқайсыз. Ертерек бітіру арқылы бос уақыт пайда болғанына қуанасыз.

Бос қиял

Нәтижені ғана ойлаудың қажеті жоқ. Одан да шешу жолын ойластырған жөн. Қиялдай берсеңіз, энергияны соған жұмсайсыз әрі іске жеңіл-желпі қарайсыз.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!