Психология
Карантиннің кезінде кәсіпкерлер ұсынатын 7 өзгеріс
Карантиннің режимін пайдалы өткізу жолдары
Карантиннің режимін сақтау оңай болып жатқан жоқ. Бірі ауырып қаламын деп қорықса, бірінің жанына табысынан айрылғаны батады. Үрей үдегенмен мәселе шешілмейтіні анық. Balbal.kz осы уақытты қалай пайдалы өткізу туралы атақты кәсіпкер, миллионер жазушы, бизнес-жаттықтырушылардың кеңесін ұсынып отыр.
Робин Шарманың «20/20/20» формуласы
Карантинде таңғы әдеттерді «20/20/20» формуласы арқылы қалыптастырыңыз:
- 20 минут қозғалысқа арнаңыз. Мысалы, жүгіру немесе жаттығу жасау секілді;
- Келесі 20 минутта күнделік жазыңыз. Өз ойыңызды қағазға түсіріңіз. Күніңізге жоспар құрыңыз;
- Соңғы 20 минутты білімге арнаңыз. Мәселен, онлайн курс оқу, подкаст тыңдау, т.б. Ең бастысы, ол сіздің сүйікті ісіңіз болғаны жөн.
Таңғы әдетті үнемі жүргізу үшін ұйқыңыз қанық болуы керек. Су ішуді ұмытпаңыз. Дәрумендер қабылдаңыз. Көбірек кітап оқып, пайдалы подкаст тыңдаңыз. Бизнесіңізге, өз салаңызға жаңа идеялар табыңыз. Осы кезде жаңа өзгерістер жасауға ұмтылыңыз.
Лиза Билию: Үрейді қуанышқа айналдырыңыз
Мен вирустан қорқамын. Жаңалықтарды үзбей қараймын. Бірақ бұл жағдайды бақылауда ұстай алмайтынымды жақсы білемін. Біз қорыққаннан мәселе шешілмейді. Керісінше өз ойымызбен өзгенің бойын үрейге бөлейміз. Сол себепті болып жатқан оқиғаларды жақсы жағынан қабылдау керек. Мысалы, мен бұрын уақыт таппай жүрген дүниелерді жүзеге асырып жүрмін. Әр дүйсенбі Instagram-да оқырмандарға тікелей эфирде ақыл-кеңестерді бөлісемін. Жолдасыммен бірге жиі уақыт өткізіп жүрмін.
Ал сізде қандай оң өзгерістер болды? Есіңізге түсіріңіз де, көңіліңізді көтеріңіз!
Чейз Джарвис: Мүмкін емес нәрсе болмайды
Карантин уақытында Исаак Ньютон дифференциалдық және интегралдық санақты ойлап тапты. Шекспир «Король Лирді» жазды. Ендеше бізде де шығармашылық, кәсіби тұрғыдан жаңа өзгерістер енгізуге мүмкіндік өте көп.
Үйде отырып жұмыс істеу сізге таңсық шығар. Алайда бір орында тоқтамаңыз. Өз салаңыздың жаңа қырын іздеңіз. Шын ниетпен қаласаңыз, мүмкін емес нәрсе болмайды. Тек қолыңыздан келетін істі тастамау керек.
Джеймс Альтушер: Артық уайымнан арылыңыз
Кейбіреулер бірнеше жылдан кейін коронавирусты бәрі ұмытады деп жүр. Меніңше, ол кезде де адамдар бұл аурумен ауырады. Бірақ жағдай өзгеше болуы мүмкін.
1957 жылы тараған «Азия тұмауын» еске түсірейік (бұл тұмау әлі де бар). Мыңдаған адам қайтыс болды.
Халық не боларын білмей қорықты. Белгілі бір уақытта ешкім ештеңе сатып алмады. Алайда вирустың таралуы бәсеңдеген соң сауда бұрынғыдан да қыза түсті. Коронавирус қазір қорқынышты болғанмен уақыт өте үйренісеміз.
Қорқыныш – табиғи нәрсе. Алдымен неден қорқатыныңызды біліңіз. Аурудан ба, әлде табысыңыздан айырыламын деп пе? Анықтаңыз. Одан арылу үшін адам пайдалы істермен жүйелі айналысу керек. Мәселен:
- Күніне 8 сағат ұйықтаңыз;
- Құнарсыз тағам жемеңіз. Фаст-фудтан бас тартыңыз;
- Дене қалпыңызды сақтаңыз. Жүгіріңіз;
- Шығармашылыққа көңіл бөліңіз: 10 идея ойлап табыңыз, сурет салыңыз, әңгіме жазыңыз, күнделік бастаңыз, т.с.с.
Үрейге бой алдырмай осы істерді дағдыға айналдырып көріңіз. Бұлар уайымнан арылуға көмектеседі.
Джордан Белфорт: Уақытша пайданы көздемеңіз
Менің қандай да бір инвестициям бар. Бірақ қаржы кеңесшім сатылымда атүсті шешім қабылдамау керегін ескертті. Қазір көпшілігі дағдарыстан қорқып асығыс сатып жатыр. Бұл – ең ақымақ шешім. Өйткені тауардың құнын ұзақ уақытқа бағалау керек. Уақытша пайданы көздемеген дұрыс.
Джон Ассараф: Қазір ең қажеті – қауіпсіздік пен бірігу
Осы қиын жағдайда 2 нәрсеге көңіл бөлуді ұсынамын: біріншісі – қауіпсіздік, екіншісі – бірігу. Адам рухани, эмоционалдық, физикалық және қаржылай қауіпсіздігін сақтауы керек. Сондай-ақ көңілге қорқыныш ұялаған сәтте қол ұстасқандар ғана жеңетінін естен шығармаңыз. Мамыражай уақытта саған ешкім керек еместей көрінуі мүмкін. Алайда адамдарға қарым-қатынас ауадай қажет.
Көріңіз. Біліңіз. Білгеніңізді бөлісіңіз.
Дин Грациози: Өмірге көзқарасты өзгертіңіз
Мен 11 қыркүйектегі оқиғаның куәгері болдым. Қазір болып жатқанның бәрін сол кезге ұқсатамын. Өзімізді қауіпсіз сезінетін Америкада аяқ астынан шабуыл болды. Бір-ақ күнде әлем өзгерді. Қаншама адам құрбан болды. Әлемнің экономикасы құлдырады. Алайда адамдардың үрейін сейілтетін көшбасшылар пайда болды. Жетістікке құлшындырып, көңілге сенім ұялатты.
Жыл мезгілдерінің өзгеретінін еске түсіріңізші? Бізде ұзақ уақыт бойы жаз мезгілі болды деп алайық. Бірақ қыс ерте келді. Қандай жағдай болса да, ешкім қашып құтыла алмайды. Бұл ойында кім ұтатынын айтайын ба? Өз қорқынышын жеңіп, өзгеге үлгі болатын адам ғана ұтады.
Дайындаған: Құндызай Әмірбекқызы