Біліп жүр
«20 минут» ережесі: аз уақыт жұмсай отырып, өміріңізді өзгертіңіз
Кішкентай қадамдар арқылы өмірді өзгерту теориясы
«20 минут» ережесі – кішкентай қадамдар арқылы өмірді өзгертуге бағытталған теория. Бұл ереже ойлаған мақсаттарыңызға жетуге көмектеседі. Теорияның артықшылығы – көп уақытты қажет етпейді. Әрбір іске күніне 20 минут бөлсеңіз жеткілікті.
Теорияның мәні
Адам бір нәрсені бастамас бұрын бойын жалқаулық билеуі мүмкін. Алдыға қойған міндеттерді кейінге шегеру арқылы өзіне демалыс жариялайды. Ал «20 минут» ережесі осы секілді кедергілерді жеңуге көмектеседі. Мақсатқа жету үшін бар күшіңізді салып әрекет етудің қажеті жоқ. Бұған күніне 20 минутыңызды арнасаңыз жеткілікті. Егер бұл іспен шұғылданғыңыз келмеген күннің өзінде 20 минутқа шыдауға болады.
«20 минут» ережесі жалқаулықты жеңіп, бойыңызда мотивацияны оятады.
Аз уақыт болғанымен әрекетсіз отырғаннан әлдеқайда жақсы.
20 минут ережесінің нұсқалары
1) Күніне 20 минутыңызды спортпен шұғылдануға арнаңыз. Бірте-бірте денсаулығыңыз жақсарып, салауатты өмір салтына аяқ басасыз;
2) 20 минутыңызды тазалыққа арнаңыз. Жұмыс орныңыз немесе бөлмеңіз күнде таза тұрады;
3) 20 минутты зейін қоюды жақсартуға жұмсаңыз. Осылайша шығармашылық дағдарыстан арыласыз;
4) 20 минутыңызды досыңызға, әйеліңіз немесе күйеуіңізбен әңгіме айтуға арнаңыз. Бұл арқылы жеке өміріңіздегі қарым-қатынасты жақсартасыз;
5) Күнделікті 20 минутты өзіңізді тыңдауға немесе жеке жазбаларыңызды жүргізуге қалдырыңыз. Идеялар мен ойларыңызды жазыңыз;
6) 20 минут демалып алыңыз. Жұмыс арасында мұндай демалыстар сізге физикалық және моральдық тұрғыдан тынығуға көмектеседі;
7) Кітап оқуға 20 минутыңызды арнаңыз. Өз салаңызға қатысты кітаптар не болмаса сізге пайда алып келетін кітаптарды күнделікті оқып тұрыңыз.
Есептеп көрейік
Бір ай бойы 20 минутыңызды жаңа нәрсені үйренуге жұмсадыңыз делік. Бұл 600 минут яғни 10 сағат. Демек жылына 120 сағатыңызды арнадыңыз. Егер осы 120 сағатты 8 сағаттық жұмыс күніне айналдырсақ, 15 жұмыс күніне тең.
Жаңа нәрсені үйренуге немесе өзіңізді дамытуға сіздің қанжығаңызда 15 жұмыс күні бар.
Бұл толыққанды бір курстың уақытымен тең.
Сіз бір уақытта бірден үш нәрсені үйренсеңіз де болады. Барлығы өз қалауыңыз бен ынтаңызға байланысты. Мысалы, 20 минутты сайт жасаудың негіздеріне арнаңыз, келесі 20 минут жаңа тілді игеруге, қалған 20 минутты фотографияның негіздерін үйренуге жұмсадыңыз. Бір жыл ішінде әрқайсысына 15 жұмыс күнін арнап, 3 түрлі жаңа нәрсемен таныса алдыңыз.
Дайындаған: Назархан Уән