Біліп жүр

Курсера: пайда болу жолы мен маңызы

Тегін курстар порталы

Курсера порталында 2012 жылы Стэнфордтың информатика пәні бойынша екі профессоры — Эндрю Ны мен Дафне Коллер — әлемнің жетекші университеттерінің курстарын біріктірді. Coursera.org сайтындағы алғашқы машиналық оқыту курсын Эндрю Ны өзі ұсынды. Қысқа уақыт ішінде бүкіл әлем бойынша он мың адам тіркелді. Жаппай ашық онлайн курстар — massive open online courses немесе қысқаша MOOC -тез дамып келе жатқан білім беру нарығының төңірегінде осылай өз жұмысын бастады.

MOOC-тің ірі онлайн агрегаторы Сlass Central-дың мәліметі бойынша, 2016 жылы жаһандық желіде шамамен 7000 курс орналастырылған, оған 58 миллион адам қатысқан. Сонымен қатар, Coursera нарықтың локомотиві болып табылады. 2017 жылдың қазан айында платформада 62 миллион қолданушы және 35 тілде 2000 белсенді курс тіркелді. Портал аудиториясы ай сайын 500 мыңға артып келеді. Тіпті Солтүстік Корея сияқты жабық елде бірнеше студент бар.

Coursera-да ұсынылған бағдарламаларды кім жасайды? Академиялық курстар қашықтықтағы форматқа қалай бейімделді? Портал студенттерге білім алуға қалай көмектеседі?  Бұл туралы Ресейдегі Coursera серіктестігінің менеджері Инесса Роман-Погоржелская айтып берді.

Coursera-да кім оқиды және не үшін?

Аудиторияның негізгі бөлігі – жоғары білімі бар 30 жас шамасындағы адамдар. Олардың тұрақты жұмысы бар. Алайда қазіргі кәсіби міндеттері қосымша білімді қажет етеді. Әйелдерге қарағанда ер адамдар саны басым. Дамыған елдерде, мысалы, АҚШ-та көптеген зейнеткер Coursera-да білім алады: олар үшін бұл бос уақытты өткізудің бір түрі. Бизнеске арналған Coursera 2017  жылдың бірінші жартысында іске қосылды. Бұл курстар жеке немесе қызметкерлердің бірлесе оқуына арнайы жасалған. Жарты жыл ішінде бұл қызметке әлемнің түкпір-түкпірінен 500-ден астам компания қосылды.

Coursera-дан не үйренуге болады?

Coursera-да сіз теориялық және қолданбалы пәндердің барлық спектрі бойынша  білім ала аласыз — физика мен әдебиет, экономика мен биологиядан бастап, ата-ана тәрбиесіне дейін қамтылған. Тіпті, иттердің эмоциясын ажыратуға көмектесетін курс бар. Ең көп талап етілетін бағыттар – бизнес және ақпараттық технологиялар.

Ең танымал білім беру форматы – 4-6 аптаға созылатын  курстар, оның ішінде видео дәрістер, өзара бағалауға арналған тапсырмалар, тестілер, басқа студенттермен және оқытушылармен форумдарда сөйлесу. Курсты аяқтағаннан кейін сіз сертификат ала аласыз.

Біршама жетілдірілген формат – «Мамандандыру», ол бір тақырып бойынша бірнеше курстарды біріктіреді. Онда тәжірибелік білім айқын көрінеді: аяқталғаннан кейін тыңдаушылар жеке жоба немесе тезис ұсынады.

Тренинг қалай өтеді?

Алғашында курстар белгілі бір уақыт аралығында ғана оқытылса, 2015 жылдан бастап, адамдарға ыңғайлы күндері оқуға қол жетімді болды. Дәрісті тыңдағаннан кейін тыңдаушылар форумда мұғалімдерге сұрақ қоя алады. Кейбір оқытушылар тікелей веб-семинарлар өткізеді. Алайда бұл формат курстарды масштабтау үшін өте қолайсыз. Сонда да, тікелей эфирде өтетін вебинар кері байланыс, дәріс берушімен эмоционалды байланыс үшін маңызды.

Курстардың құны қанша?

Бір реттік курстардағы бейне дәрістер мен практикалық тапсырмалар тегін. Егер курстың соңында бағалау маңызды болса, онда сіз Ресейде және басқа БРИКС елдерінде 29 доллар, АҚШ-та 49 доллар тұратын сертификат алуыңыз керек.

Әлемнің кейбір кедей елдерінде тіпті 29 доллар  тым қымбат болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлар үшін Coursera «Қаржылық көмек» функциясын жасады. Ол сізге арнайы форманы толтыру арқылы курсқа тегін қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Білім мазмұнын кім жасайды?

Coursera 150 білім беру серіктесі құрған курстарды ұсынады. Олар – қолданбалы білімнің жаңа салаларында алдыңғы қатарлы технологиялық компаниялар.

Coursera серіктестері хостинг курстары үшін ештеңе төлемейді. Бұл сайтқа жету үшін серіктестерге жоғары ғылыми және технологиялық бедел қажет. Оны әлемнің жетекші университеттерінің ректорлар кеңесі бағалайды. Оны бекіту сайтта жаңа серіктестің білім беру бағдарламаларының пайда болуының алғышарты болып табылады.

Coursera жеке спикерлермен жұмыс істемейді. Авторлық курс осы платформада пайда болуы үшін автор университеттердің бірімен келісуі керек.

Неге университеттерге Coursera қажет?

Университеттер портал ұсынатын ақылы қызметтерден табыс табады. Бірақ мәселе мұнда емес. Университеттер Coursera-да бағдарламаларды орналастыру арқылы дәстүрлі оффлайн бағдарламаларына назар аудартады. Яғни, Coursera-ны маркетинг құралы ретінде қарастырады. Сонымен қатар, олар болашақта бәсекеге қабілеттілігін жоғалтпау үшін онлайн-техниканы тәжірибеде қолданады.

Жаңа курстар қалай құрылады?

Coursera серіктестері бастамашылық етеді. Портал менеджерлері бұл идея аудиторияның сұранысына ие бола ма, жоқ па, жаңа бағдарлама басқа серіктестің осындай бағытына қайшы келе ме, жоқ па, соны бағалайды.

Coursera оқу бағдарламасының мазмұнына кедергі келтірмейді. Бірақ сәтті онлайн курсын жобалау туралы кеңестер береді. Порталда педагогикалық дизайн және озық тәжірибелер бойынша тәрбиешілерге арналған веб-семинарлар өткізіледі. Курс ролигін қалай түсіру туралы серіктестерге көптеген ақпарат беретін анықтама орталығы бар.

Әр курс үшін егжей-тегжейлі онлайн-аналитика бар: видеоны қанша адам соңына дейін көрді, бір модульден екінші модульге ауысқанда алғашқы сынақтан қанша оқушы өтті дегендей. Тыңдаушылар алған әсерімен бөліседі. Егер нәтижелер төмен болса, курсты қайта дамытуға себеп болады. Мазмұнды өзгерту нақты уақыт режимінде жүзеге асырылуы мүмкін.

Coursera сізді білім алуға қалай итермелейді?

Ғаламтордан білім алып жатқан көптеген адам бел ортасында тастап кетеді. Coursera-да курстың деңгейін өзіңіз таңдайсыз: өте күрделі немесе өте жеңіл. Бұл мәселені шешу үшін порталда жекелендіру жүйесі жүзеге асырылмақ. Ол жұмыс істеген кезде, сайтқа тіркелуші өз тәжірибесі, бұрыннан бар білімі мен мақсаты туралы мәлімет беруі тиіс. Содан кейін осы мәліметтер негізінде оқытудың жекелендірілген жоспары ұсынылатын болады.

Оқуын ұмытып кеткен студенттерге оқуын жалғастыруға шақыратын хабарламалар жіберіледі. Порталда виртуалды ассистент бар, ол курс барысында туындаған қиындықтарды шешуге септігін тигізеді.

Көбінесе сертификат алу үшін ақша төлегендер оқуды аяқтайды. Coursera менеджерлері, егер еңбек нарығында интернетте алынған сертификаттарды мойындау ықтималдығы жоғары болса, оқуды аяқтауға деген ынта күшейеді деп санайды. Әрине, көп нәрсе курстың сапасына, мазмұнына, оны ұсыну формасына және мұғалімнің дарындылығына байланысты.

Дайындаған: Медина Дүкенбаева

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!