Біліп жүр
Жанерке Сейфуллина — айына 1,5 миллион теңге табатын маркетолог
Интернет-маркетолог немен айналысады?
Жанерке Сейфуллина – компанияның табысын 0-ден 100 миллионға дейін көтерген маркетолог әрі кәсіпкер.
Нарық заманының онлайн форматқа ауысып жатқанына көп бола қоймаса да әлеуметтік желідегі мамандықтар саны күн санап артуда. Соның ішінде ел назарын аударып, компанияларға табысты еселеп арттыруға көмектесетін маман — интернет-маркетолог.
Жанерке Сейфуллина:
Журналистикадан маркетингке дейін
Менің маркетингке келуіме бала кезден бергі арманым себеп болды. ҰБТ тапсырдым. Журналистикаға түсу үшін шығармашылық емтиханнан да өттім. Арманым жетелеп IT университетінің «электронды журналистикасына» оқуға түсіп тұрсам да, филологияны таңдадым. Бұл анамның айтқан сөзін жерге тастағым келмеді.
Бірақ бала күнгі арманымнан бас тартпадым. Анама айтпай журналистика курстарына барып жүрдім.
Бір күні сабақта отырғанда журналист Ербол Азанбекпен кездесу болатынын естідім. Сол жиналысқа қатысуға асықтым. Кейін Ербол Азанбектің іскерлік журналистика курсынан өттім. Осылай бизнес және экономика тақырыбында жазатын іскер журналистке айналдым.
2016 жылы Аrhar.kz сайтында Дәурен Бабамұратовтың қол астында жұмыс істеп жүрген кезде маркетингтің бір саласы копирайтингке келдім. Алғашында әлеуметтік желілерде компаниялардың парақшасына пост жазып жүрдім. Сол кездегі айлық табысым 20-30 мың болатын. Алайда маркетологтардың елімізге қаншалықты керек екендігін түсінген соң осы салаға түбегейлі бет бұрдым. Бұл жолда жетістікке жетуіме 7 жылдық маркетологтық тәжірибесі бар жолдасымның көмегі көп болды.
Маркетолог деген кім?
Ол – аналитик және стратег.
Түсінікті сөзбен айтқанда, маркетолог – компанияның, өнімінің стратегиялық жоспарын құрып, PR жасап, сатылымын арттыратын маман.
Оның міндеті:
• бәсекелестерге анализ жасау, сайтқа кірген тұтынушылардың іс-әрекетін бақылау;
• компанияның ғаламтордағы имиджін қалыптастыратын стратегия құру;
• стратегияны жүзеге асыруда қолданылатын әдістерді жақсы білу. Бұл дегеніміз медиялық жарнама, мәтінмен жұмыс, іздеу маркетингі (SEO), әлеуметтік желілерді дамыту және SMM, электронды пошта, байланыс құралдары арқылы жүзеге асатын тікелей маркетинг;
• клиент шақыратындай маркетингтік әдістерді ажырата білуі, мәтін жаза білу қабілеті;
• сайтты әзірлеуге қатысты жұмыстар істеу: сайт дизайны, программистің жұмыстары.
Маркетолог — компанияның нарық әлемінде еркін самғауына көмектесетін дирижер. Ал бұл оркестрдің мүшелері — дизайнер, копирайтер, сайтмейкер сияқты мамандар. Олардың бәрін басқаратын дирижер — сол маркетолог. Ол барлық аспапты жақсы меңгеріп алуы тиіс. Маркетолог та солай маркетингтің жоғарыда айтылған құралдарын еркін меңгерген болуы шарт.
Маркетологқа қандай талаптар қойылады?
Маркетинг Америкада 1 ғасыр бұрын 1902 жылы пайда болған. Алғашқы кезеңде ол қосымша сабақ ретінде өткізілді. Кейін пайдасы зор екенін түсінген ел басшылары оны университет бағдарламасына енгізген. Қазақстанда маркетинг арнайы оқытылады. Ал жастардың саналы түрде бұл салаға қызығуы соңғы 3-4 жылда анық байқалды.
Мамандықты игеріп шығу үшін арнайы ЖОО бітіру міндетті емес. Өз басым маркетингті отандық және шетелдік курстарға қатысып игердім.
Теориялық тұрғыда базалық білімімді қалыптастырсам, практикалық тұрғыда компанияларға қызметімді ұсыну арқылы тәжірибе жинадым.
Маркетологтың, ең алдымен, бэкграунды, кейсы болуы керек. 10-15 шақты кейсіңіз болса, жұмысыңыз алға басады.
Маркетологтар қанша табыс табады?
Жақсы интернет-маркетологтарға сұраныс өсіп келе жатқандықтан жалақы да өсе бермек. Қазақстандағы маркетологтардың орташа жалақысы – 200 мың теңге. Тәжірибелі интернет-маркетологтар топ-менеджерлердің жалақысымен бірдей көлемде табыс табады. Мәселен менің айлық табысым 1-1,5 миллион.
Түбінде кәсіпкерге айналады
Маркетологтың ең үлкен жетістігі – өз бизнесін ашып, оны дөңгелетуі. Бұл жолды тәжірибелі интернет-маркетологтар ойланбай таңдай алады. Мен, мысалы, инфобизнеспен айналысамын. Өз білімімді, тәжірибемді кәсіпке айналдырып отырмын. Жолдасым Бақдаулет Сейфуллин екеуіміздің интернет-маркетинг курсымыздан осы күнге дейін 500-ден аса адам білім алды. Олардың 50-ге жуығына өзіміз жұмыс табуға көмектестік. Одан бөлек адамның тұлға болып қалыптасуына көмектесетін «Космос» деген марафоным бар.
Мықты маркетолог болу үшін
Ол үшін білімі мен тәжірибесі тоғысқан, ең мықты деген мамандардан сабақ алу керек. Неге білімі мен тәжірибесі тоғысқан деп отырмын? Өйткені шетелдік курстарды сатып алып, оны тікелей аударып сата беретін адамдарға алданбаған абзал. Өзі бірде-бір компанияның табысын көтеріп, іс жүзінде жұмыс істеп көрмеген адамдар да инфобизнесмен болып кеткен. Қазір ақпарат көп. Соны таңдап, талғап, білім алған жөн.
Сондай-ақ копирайтингті, сайт жасауды, монтаждауды, таргетке жіберуді, дизайнерлікті меңгеру алу қажет. Тәжірибеге сүйене отырып мына мәселені ерекше атап өткім келеді. Осы мамандықтардың бәрін меңгеру бір басқа. Ал біреуінің эксперті атану бір бөлек әңгіме. Мәселен, мен маркетингке копирайтер болып келіп, эксперттігімді арттырдым.
Сұхбаттасқан: Дидар Сұлтанбекқызы