Біліп жүр

Раиса Қадыр: кітапты арзан бағаға алып үйренгенбіз

Раиса Қадыр баспа ісі туралы

Раиса Қадыр — қазақ тілінде сапалы әрі сауатты аударатын Steppe & World Publishing баспасының негізін қалаушы. Сұхбат барысында Раиса Сайранқызы баспа ісінің жұмысы мен мақсаты, кітаптың сапасы мен Хәрри Поттер жайлы айтып берді.

Раиса Қадыр:

Алматыға қыдырып келгенімде қазақ тілінде жөнді кітап таппадым

Аударма саласы туралы 2017 жылдың қысында ойландым. Алматыға қыдырып келгенімде дүкендерден өзіме және балаларыма ұнайтын қазақ тілінде жазылған жөнді кітапты таппадым. Бұл мен үшін масқара жағдай болды. Тәуелсіз елдің өз ана тілінде кітабының жоқтығын түсіне алмадым. Одан бөлек кітап шығару үлкен арманым болатын. Сондықтан осы баспа ісін қолға алғаным дұрыс деп шештім. Бір жағынан коммерциялық табысқа сенім болса, екінші тұсынан ішкі жан дүниемнің қалауым осы еді. 

Әр бизнестің, әр коммерциялық жобаның өз есебі бар. Егер ақталмайтын жоба болса, оны қайырымдылық жоба деп қарауға болады. Ал баспа индустриясы деген ешқандай да қайырымдылық жасайтын жоба емес. Бәлкім, бұрынғы кеңестік идеологияның кесірінен халықтың арасында бұл мемлекет айналысатын ақталмайтын жұмыс деген таптаурын сақталуы мүмкін. Алайда Ресейдің, Қытайдың ірі баспалары жақсы жұмыс істейді. Сондықтан жұмысымыз жылдам болмаса да ақырындап ақталып жатыр.

Мақсатымыз — әлем әдебиетін қазақтың даласына әкелу

Баспа үйінің атауына келер болсақ, Steppe — дала, World  — әлем деген сөз. Сонда біздің түпкі мақсатымыз — әлем әдебиетін қазақтың даласына әкелу. Кішкентай балаларға әлемнің терезесін ашу, әлем әдебиетін өз ана тілінде дәмін сездіру.

Баспахананың бірнеше ерекшелігі бар.

Біріншіден, біз тәуелсіз баспамыз. Бар жобамызды өзіміз қаржыландырамыз.

Екіншіден, әлемде ең көп таралған, танымал туындыларды қазақ тілінде түсінікті, сауатты аударамыз. Тіл мәселесіне көп мән береміз. Редакторымыздың басты талабы – калькасыз аудару. Біз әр кітапты түпнұсқадан аударамыз. 

Негізі бізде қазақтың жасағаны сапасыз, күшті емес деген таптаурын қалыптасқан. Басқа елде, Еуропада не Ресейде жасалған заттың сапасы артық саналады. Біздің мақсат – қазақтың баспасы ешкімнен кем еместігін, сондай сапаны бізде бере алатынымызды дәлелдеу. 

Автордың рұқсаты керек

Баспа жұмысының өзіндік ережелері бар. Мысалы, аудару үшін автордың, көркемдеуші суретшілердің рұқсаты керек. Әсіресе, бұл коммерциялық жоба болса, міндетті түрде автордың рұқсаты керек. Сол себепті алдымен міндетті түрде баспалармен келісімшартқа отырасыз. Автордың рұқсатын алған соң ғана жұмыс басталады.

Егер шағын әңгімелерді аударып, сайтқа жариялайтын әуесқой аудармашы болсаңыз, «мен осылай жариялап жатырмын, бірақ пайда таппаймын» деп авторға ескертіп, материалды аударсаңыз да болады.

Рұқсаттан бөлек кітаптың мұқабасына, иллюстрациясына, шығарылу стандартына қойылатын талаптар бар.

Мысалы, кітап Еуропада, Америкада қалай шығады дәл солай шығаруға тиістісіз дейтін шарт болуы мүмкін. 

Аударма жұмысына көбіне жарты жыл, үлкен роман болса, екі жыл уақыт беріледі. Өйткені бұл көп уақытты талап ететін ауыр жұмыс. Егер сапалы кітап шығарамын десеңіз, бір жылдан астам уақыт аударуға, жарты жылдай редакциялауға, мұқабасымен басылып шығуға кемінде 18-20 ай жұмсалады. Ал егер ауқымды академиялық мәтін не үлкен 700 беттік 1-2 томдық кітап болса, ол екі жылдан астам уақытты талап етеді.

Жалпы әлемде атақты баспалардың жәрмеңкесі өтеді. Олардың ең үлкені Франкфуркте өтетін көрме. Лондондағы bookfair деген бар және Болонья қаласында балалар әдебиетінің үлкен көрмесі болады. Одан бөлек Ыстамбулда, Пекинде, Америкада ірі кітап көрмелері өтеді. Осы көрмелерге қатысып,  кітаптардың ең соңғы трендтерінен хабардарға болуға болады. Көрмеде ұнатқан кітабыңыздың авторымен жеке кездесіп, жұмыс барысын талқылауға мүмкіндік бар. Қаласаңыз баспаның өзіне барып көруге, аудару туралы келісуге болады.

Негізі Қазақстанда отырып та баспаларға жазып, аудару мәселесін шеше аласыз. Бастысы баспалардың ең бірінші талап ететіні сіз тәжірибелі, кәсіби баспа үйі болуыңыз шарт. Мәселен «мен жай адаммын, маған рұқсат керек» десеңіз сізге рұқсат бермейді.

Хәрри Поттер жайлы

Хәрри Поттердің бірінші бөлімі «Хәрри Поттер және Пәлсапа тас» ақпанда шықты. Екінші «Жасырын бөлме» сериясы мен «Азқабан тұтқыны» атты үшінші бөлімін де аудардық. Енді жоспар бойынша төртінші бөлімін шығаруға дайындалып жатырмыз. Аудармашыларымыз жұмысқа кірісті. Оның көлемі үлкен әрі күрделірек. Сондықтан ол біраз уақытты алады.

Топпен жұмыс істедік. Кейіпкерлердің атауына көп уақыт бөліп, талқыладық. Себебі бұл оңай аудара салатын, сөзбе сөз қайталайтын дүние емес.  Аудармашыларымыз Поттердің жанкүйерлері болып шықты. Бір аудармашымыз тіпті кімнің кім екенін, 100 жыл бұрын не болғанын, әр кейіпкерді, Хәрри Поттер әлемінін бүге-шүгесін жақсы біледі екен. Сонымен қатар біз кейіпкерлердің есімдері мен оқиғаларды аударар сәтте тек қана ағылшын нұсқасына сүйенбей, немістердің, түріктердің қалай аударғанын қарадық. Солардың барлығын ескере отырып, қазақша жеңіл оқылатын тілмен аудардық.

Неге есімдерін өзгертесіздер деген негатив пікір болды

Ағылшын тіліндегі кей дыбыстар біздің қазақ тілінде де бар. Мысалы, сөз соныңдағы «ing» қосымшасы қазақ тіліндегі «ң» дыбысын береді. Rowling сөзі Роулиң деп естіледі. Содан біз осы әріпті неге қолданбасқа деп ойладық. Нағыз қазақи, әдемі дыбыс. Harry сөзіндегі «х» әрпін жұмсарту үшін,  «ә» әрпін қолданып Хәрри деп аудардық. Әрине, алғашында ешкім келісе алмады. Өйткені адамдар «Гарри, Роулинг» деп орысша оқып үйренген. Неге есімдерін өзгертесіздер деген негатив пікір болды. Дегенмен біз шыдадық, кейін адамдар да үйрене бастады. Шынымен де дыбысталуы осылай екен, түпнұсқаға жақын, дұрыс аударылғанын түсіндік деп кешіріп сұрап, жақсы пікірлер қалыптасты. Поттердің жанкүйерлерін Potterhead деп атайды. Біз қазақшаға «поттербас» деп аудардық. Біраз адамдар бұл сөздің де ерсі естілетінін айтты. Содан үйренбеген жандарға «поттержан» деген екінші нұсқамыз бар. 

Жалпы қазақ тіліндегі кітаптарымызды шетелдің азаматтары да қызығып сатып алады. Мысалы,  Хәрри Поттердің коллекционерлері бар. Олар әлемнің әр тілінде шыққан Хәрри Поттер кітаптарын жинайды екен. Содан Америкаға, Еуропаға, Лондон қаласына кітаптарды жеткіздік. Ең қызығы, бір тапсырысты Бразиялияға жібердік. 

Одан басқа Германия, Франция, Ыстамбұлдан, Америкадағы Нью-Йорк, Бостон, Лос Анджелес қаласында тұратын қандастарымыздан көп тапсырыс келеді. Оларға кітапты жеткізіп берудің қандай да бір амалын табамыз не пошта арқылы салып жібереміз.

Кітаптың бағасы туралы

Жалпы қазақ оқырман қазақ тіліндегі кітаптарды арзан бағаға алып үйренген. Оған бір-екі себеп бар. Біріншісі, қазақша кітаптарды баспалар көбінесе мемлекеттік жобамен, мемлекеттің тапсыруымен шығарады. Сол себепті кітаптың бағасы субсидия арқылы оқырманға арзан болады. Екіншіден, баға кітаптың шыққан данасы да байланысты. Кітапты 100 данамен шығарар болсаңыз, қымбат болады.10 мың данамен шығарсаңыз, бағасы арзандайды. 

Меніңше қазір бағаланбас іс жүріп жатыр. Адамның еңбегін «осынша теңге» деп бағалай салу қисынсыз. Себебі менің кітап шығарудағы үлесім мен еңбегімді бағалап кұнын есептер болсақ, кітаптың бағасы удай қымбат болар еді. Еуропада кітаптың бағасы, салығы бір қалыпты. Ең арзан дегенде 10-15 еуро деп бағалайды. Қазір Meloman кітап дүкеніне кірсеңіз, Ресейдің жақсы кітаптары 5-10 мың теңге болады. Біздің кітаптар да сондай бағада. Бірақ шын мәнінде кітаптар қымбат болуы керек деп есептеймін. Халқым соны түсініп, бағалап сатып алуы керек.

Болашақта

Біздің баспа көптеген классика кітаптарын аудара бастады. Көбінің аудармасы дайын, шығуға әзірленіп тұр. Мысалы, ағылшын жазушысы Роальд Дальдың «Чарли және шоколад фабрикасы», «Матильда» деген екі кітабы күзге дейін шығады. Әлемнің, қазіргі жас балалардың ең сүйіп оқитын туындыларының бірі. 

Шіркін, аударсам деген кітап – швед жазушысы Астрид Линдгреннің туындылары. Ол кісіні әлемде барлық балалар таниды. Мысалы, біз де бала кезімізде  «Шатырда тұратын Карлсон», «Пеппи ұзын шолақ» деген шығармаларын оқып, мультфильмін көрдік. Мүмкіндік болса, соның әңгімелерін швед тілінен қазақшаға аударғым келеді. 

Сұхбаттасқан: Назерке Берікхан

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!