Біліп жүр
Назым Исмаханбет: Аналарға арналған тайм-менеджмент
Флай леди тәсілін қолданатын қазақ әйелдері
Назым Исмаханбет – блогер. Әйелдің жеке дамуына уақыт табуға арналған «Жоспарline» атты курстың авторы.
Назым Исмаханбет:
Блогерлікке бет бұруы
Мамандығым – журналист. Оқуды бітіргеннен кейін ірі телеарналарда жұмыс істдеім. 2013 жылы декреттік демалысқа шықтым. Баламен 1,5 жыл үйде отырдым. Күнделікті күйбең тірлік, бала күтімі деп өзім армандаған өмірден алыстай бастадым. Ойлаған армандарым, қойған мақсаттарым ешқайсысы орындалып жатқан жоқ. Жалпы тұрмыстағы әйелдің тіршілігі. Өзімнің депрессияға түсу себептерімді іздей бастадым. Не істеу керек? Жұмысқа барған күнде де қатардағы жұмысшылардың бірі болып жүресің. Өзіңді тұлға ретінде таныта алмайсың. Міне, сол кезде лидерлік қасиетім мені алға жетеледі. Неге декретте отырсамда блог жүргізіп бастамасқа деген ойға келдім.
Әуелде неше түрлі сайттар болды. Мақалаларымды сайттарға жариялап жүрдім. Өкінішке қарай ол кезде қазақтілді сайттар дами қоймаған кез. Фейсбукта жаза бастадым. Бірақ ол жақта көбінесе саяси әңгімелер айтылады. Маған бұл тақырып қызық емес. Сонымен инстаграмды белсенді жүргізе бастадым.
Блог концепциясы
Басында жүкті әйел жайында позитивті посттар жаздым. Ол кезде екінші балама аяғым ауыр болатын. Уақыт өте келе тек қана әзіл-күлкіден алыстай бастадым. Сөйтіп әйелдерге ой салатын дүние жаза бастадым. Болашақ ұрпақты тәрбиелейтін аналар. Үйде отырған әйелдің дамуы деген тақырыпқа ауысуымды дұрыс деп шештім. Бүгінгі таңда блогымның концепциясы әйелдің жеке дамуына бағытталған.
Тайм-менеджмент – бұл уақытты басқару тәсілдері мен әдістерін зерттейтін менеджмент саласы.
Тайм-менеджмент идеясы
Декреттік демалысқа шыққанда уақытымды тиімді пайдаланбайтынымды түсіндім. Мен үй жинап, тамақ істеп, бала қарап жатырмын. Кітап оқуыма немесе кино көруіме уақыт жоқ. Спорт туралы үндемей-ақ қояйын. Бұлай жалғаса беретін болса, 10-20 жылдан соң айнадан жүйкесі жұқарған, арқасы бүкірейген әйелді көретініме сенімді едім. Мен жалғыз емеспін. Қаладан да, даладан да шаршаған әйелдерді байқадым. Тіпті жүйкесі жұқарғаннан ашуын балаларынан алатын әйелдер бар. Осындай әйелдер – тайм-менеджментті тереңірек зерттеуіме себеп.
«Уақыт – ең шектелген капитал. Оны дұрыс қолданбаған жағдайда аңсаған өзгерісіңіз іске аспайды»
П.Друкер
Өзіңе қарау үшін қаржының қажеті жоқ
Иә, мүмкін материалдық жағдай әдемі киім алуға мүмкіндік бермейтін шығар. Бірақ үйіңді таза ұстауға, өзіңе қарауға, жаттығу жасауға ешқандай ақша керек жоқ. Мен уақытымды дұрыс пайдаланып жатқан жоқпын. Ең бірінші үйдің тірлігін реттеу керек болды. Бұл жұмысты да бір жүйеге келтіру керек. Тіпті осы үшін үй тазалаушы жалдап жалақы төлейтіндер де бар. Жұмыстың барлығын үйде отырған әйелдерге жүктеп қоямыз. Сосын ойлана келе өзімді дамытумен айналысайын деп Флай леди туралы мәліметке тап болдым. Ресейлік әйелдер үй жинауды ғылым ретінде қарастырады екен. Бұл 1961 жылы Америкада дүниеге келген жүйе.
24 сағатта бәріне қалай үлгеруге болады?
- Уақытты жоспарлаңыз. Күнделікті ұйқыға жатар алдында 10 минутыңызды келесі күнді жоспарлауға арнаңыз.
- Ерте тұру. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық…» деген мақалды бәріміз білеміз. Ерте тұруға дағдыланыңыз. Күннің шапағы қылаң берісімен-ақ төсектен тұрып кетіңіз. Сосын кешкісін уақытында жатып, 7-8 сағат ұйықтап ұйқыңызды қандырыңыз.
- Жеке дамуды реттеу. Өз хоббиіңді, жұмысыңды, табыс әкелетін салаңды іздеуден бастаңыз. Өмірге келгендегі миссияңды анықтау формуласын құруға көңіл бөліңіз.
- Шешімдеріңді құрметтеу. Өз қалауларың мен өзгенің қалауы үшін жасап жүрген жоспарларыңды ажырату. Миыңды барлық ақпараттан тазарту.
- Баланс дөңгелегі бойынша жоспарларыңды іріктеу. Жоспарларды жылдарға, айларға, аптаға бөлу.
- Үй тірлігін реттеу (FlyLady). Үй шаруасын жеңілдетудің жолдары, таза ұстау жүйесін құру. Мысалы, ас үй системасын реттеу, алдын ала меню құру. Ұзақ тазалайтын дүниелердің проблемасын шешу. Артық заттардан арылу.
- Демалыс. Бір күнді өзіңізге арнап демалыс жариялаңыз. Бет, шаш күтіміне көңіл бөліп, үй жағдайында СПА процедураларын жасаңыз.
Уақыт адамзатпен санаспайды, ал уақытпен санасқан адаспайды. Адам баласының теңдесіз қазынасы – уақыт. Уақытты тиімді басқарудың негізі қарапайым және ұғынықты қағидасы – жұмыс уақытын жоспарлаудан келіп шығады.
Сұхбаттасқан: Назерке Сапар