Біліп жүр

Adidas пен Puma: араз болған ағайын

Adidas пен Puma – спорттық киім шығаратын бәсекелес компаниялар. Ал сіз бұл 2 компанияның туған бауырларға тиесілі болғанын білесіз бе?

Ағайындылар ойлап тапқан Аdidas пен Puma-ның тарихы

Бұл оқиға 1920 жылдары Германиядағы Херцогенаурах қаласында басталды. Рудольф Дасслер 1898 жылы 26 наурызда дүниеге келген. Оның отбасы аяқ киім тігу және кір жуу кәсібімен айналысатын. Екі жылдан кейін оның інісі Адольф дүниеге келді. Ағайындылар спортты жақсы көретін және үнемі бір-бірімен қарсылас болатын.

Ағайынды Дасслер шеберханасы

Спортқа қызығатын жас Адольф Дасслер бір күні анасының кір жуатын бөлмесінде өзіне спорттық аяқ киім тіге бастайды.  Және ол ісі табысты болады. Біраз уақыттан кейін ол ағасы Рудольфты серіктесі ретінде алады. Рудольф аяқ киім тігуді түсінбегенімен сатуды жақсы білетін. Бұл олардың табысқа жетуіне жақсы мүкіндік болды. Бірі идея ойлап тапса, екіншісі клиенттерді іздеп, тауар сатып алуға көндіретін.

Олардың алғашқы фирмасы – Gebrüder Dassler (ағайынды Дасслер) 1924 жылы ашылды.  Өнім сапалы болғандықтан, сұраныс көбейіп, өндірісі бірте-бірте кеңейді. 1928 жылы Амстердамдағы Олимпиада ойындарына бірнеше спортшы Gebrüder Dassler спорттық аяқ киімімен шықты.  Бұл ағайындылар үшін алғашқы үлкен жетістік болды.

Төрт жылдан кейін Лос-Анджелестегі ойында неміс Артур Йонат 100 метрге жүгіру сайысында ағайынды Дасслер кроссовкасымен қола жүлдені  жеңіп алды.

Ағайынды Дасслер Херцогенаурахтың ең бай отбасына айналды. Олар үлкен үй сатып алып, барлығы бірге тұрды. Бірінші қабатта – Адольф отбасымен, екінші қабатта – Рудольф отбасымен, үшінші қабатта ата-аналары. Көп ұзамай үйде жанжал шығып, Рудольфтің әйелі Фридль Адольфтің жары Катимен араздасып қалады. Отбасының татулығы осылай ажырай бастайды.

1936 жылы әйгілі афроамерикандық жеңіл атлет Джесси Оуэнс Германиядағы Берлиндік Олимпиада кезінде төрт алтын медаль жеңіп алды. Ол ағайындылардың кроссовкаларын киген еді.  Бұл жеңіс сатылымның күрт өсуіне әсер етті.

Бірінші жанжал

1943 жылы Адольф пен Рудольф майданға шақырылады. Екі фабриканың біреуін жауып тастайды. Ал екіншісі мемлекет қарамағына өтіп, әскери аяқ киім шығара бастайды. Бірақ бір фабрика әскери аяқ киіммен толық қамтамасыз ете алмайды. Адольфты әскерден алдыртып, шеберхананы басқаруды тапсырады. Әскердегі Рудольф екі жыл бойы баспаханалық бюрода жұмыс істеді.

1948 жылы Кристоф Дасслер қайтыс болды. Ағайындылардың әкесі  көзі тірісінде оларға ренжіспеуге және компанияны бөлуге жол бермеген жалғыз адам. Әкелері қайтыс болған соң ағайындылар бөлініп,  қалада екі спорттық аяқ киім фабрикасы – Adidas және Ruda пайда болды.

Adidas пен Puma майданы

Бірнеше ай өткен соң Рудольф фабрикасының атын «Puma» деп өзгертті. Ал Адольф  бауырымен бірге шығарған өнімдегі екі жолаққа тағы бір жолақ жапсырды.  Ағайындылардың екіге бөлінуі Херцогенаурах қаласының тұрғындарын да жауластырып қойды. Өйткені тұрғындардың жартысы Адольфта, жартысы Рудольфте жұмыс істеді.

Фабрикалар бір-бірінен 500 метр қашықтықта орналасты. Олар бір-бірінен асып түсуге ұмтылатын. Бірінші үлкен жеңіс Аdidas-та болды. Футбол құрамасының жаттықтырушысы дымқыл газонға арналған бутсер алуға жасырын келісім-шарт жасады. Көп ұзамай үш жолағы бар аяқ киіммен бүкіл команда жаттыға бастады.

Рудольф бұған өте қатты ашуланды. Бірақ Puma 1952-1953 жылдары Батыс Германия лигасын қамтамасыз ете отырып, бутсы жасады.

Ағайындылар арасындағы бәсеке өте қатты болды, тіпті олар қызметкерлеріне бәсекелес компаниямен қатысы бар адамдармен некеге тұруға немесе кездесуге қатаң тыйым салды. Фирмалар «тыңшылық жасады» деп бір-бірін үнемі айыптайтын.

Жанжалдың соңы

Рудольф Дасслер 1974 жылы 76 жасында өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болды. Адольф дін қызметкерлеріне телефон арқылы ағасын кешіретінін айтқанымен, жерлеу рәсіміне келмеді. Өзі төрт жылдан кейін өмірден өтті.  Алайда компаниялар арасындағы жанжал жалғаса берді.

2009 жылы,  60 жылдық бөліністен кейін, компаниялар татуласу жиынын өткізді. Олар мұны халықаралық бейбітшілік күні –  21 қыркүйек күні жасаған.

«Біз спорт адамдарды жақындастыра алатынына сенеміз»,- деді Аdidas басқарма төрағасы Герберт Гайнер.  Оны Puma басшысы Босс Йохен Цайтц: «Бұл біздің компаниялар үшін маңызды күн»,- деп қолдады. Алайда компаниялар спорт тауарлары өндірісінде әлі де бәсекелес.

2016 жылы ағайынды Дасслерге арнап «Дуэль братьев. История Adidas и Puma» атты фильм жарық көреді.

Дайындаған: Гаухар Бердібек

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!