Nike – спорттық киім өндірумен шұғылданатын америкалық трансұлттық компания. Кәсіпорынның барлық өнімдері АҚШ аумағынан тыс жерде, өзге серіктес-компанияларда жасалынады. Ал «Nike» тауар маркасының құқығын иеленген. Спорттық киімдердің дизайнын дайындап, әлем бойынша 1150-ге жуық дүкенге иелік етеді. Balbal.kz «Nike» брендінің құрылуы және дамуы жайлы материалды назарыңызға ұсынады.
Компанияның негізін салушылар
1957 жылы Орегон штатының университетінде «Nike»-тың негізін салушылар алғаш кездеседі. Билл Бауэрман – жеңіл атлетика жаттықтырушысы, ал Фил Найт – орта қашықтыққа жүгіретін спортшы әрі бірінші курс студенті.
Билл Бауэрман көптеген олимпиада чемпиондарын жаттықтырған. Ол спортшыларды тек жаттықтырып қоймай, жан-жақты дамуына жол ашқан. 1972 жылы оны АҚШ-тың жеңіл атлетика бойынша олимпиада командасының жаттықтырушысы ретінде шақырған.
Билл бәсекелестік рухы мен топ болып жұмыс істеуге баулитын. Оның бұл принципі болашақ «Nike» компаниясының ұжымдық мәдениетінің негізіне айналды. Бауэрман спорттық кимідерді жетілдіруге қызығып, өзінің шәкірттері үшін жеңіл аяқ-киім жасаумен де шұғылданған.
Фил Найт Орегон университетіне Билл Бауэрманның шәкірті болу үшін түскен. Оқуын аяқтаған соң Стэнфорд университетінің қабырғасында «Жапониядағы өндіріс саласының артықшылықтары» тақырыбында курстық жұмысын қорғайды. Осы сәттен бастап ол жапониялық компаниялармен серіктес атануға қызыға бастаған.
Бәрі неден басталды?
1962 жылы бұрынғыны мақсатын іске асырып, Фил Жапонияға аттанады. «Tiger» кроссовкаларын АҚШ-қа импорттау үшін келісім жасап, жолда компанияның атауын ойластырады. Осылайша алғашқы «Blue Ribbon Sports» компаниясы құрылды.
1963 жылы алғашқы 300 дана аяқ-киім келіп жетеді. Қойма ретінде Фил ата-анасының киім жууға арналған бөлмесін қолданады. Қос серіктес кәсіптеріне 500 доллардан инвестиция жасайды. Тауарды таныс спортшылары мен жаттықтырушыларға сатып, 8 000 доллар табыс табады.
Алғашқы қызметкер
Бір жылдлан кейін компания кеңейе түсті. Алғашқы жұмысшы ретінде Филдың спорттағы бәсекелесі Джефф Джонсон қабылданды. Ол өзінің фургонымен жарыс өтетін жерлерге барып, «Tiger» кроссовкаларын сататын. Сауда барысында клиенттерінің қалауын біліп, нарықтағы сұранысты анықтайды.
1965 жылы Джонсон түсінде Ника – Жеңіс Құдайын көреді. Кейін компанияны Никаның құрметіне ауыстырды. 1966 жылы «Blue Ribbon Sports»-тың шағын шеберханасында Джефф алғашқы аяқ-киім үлгісін тігеді. Санта-Моникадағы бұл шеберхана кейін алғашқы дүкенге айналды.
Аяқ-киім жүгіру спортына арналып жасалды. Ол күн сәулесінен жарылып және қиылып кетпейтін. 1969 жылы кәсіпорын кеңейіп, 20 қызметкер жұмыс істеді. Айналым 300 000 долларды құрап, бірнеше дүкендер іске қосылды.
Алғашқы табыс пен сәтсіздіктер
1971 жылы Билл өзі жұмыс істейтін университетте Кэролайн Дэвид есімді студентпен танысады. Кэролайн кейін «Nike» компаниясының логотипін жасады. Өзінің жұмысы үшін ол бастапқыда 35 доллар алады. Уақыт өте компания оған алғысын білдіріп, акцияның бір бөлігі мен гауһар тасты сақинаны сыйға тартқан.
Кәсіп қарқынды түрде дамиды. Мұны байқаған Жапониялық өндіруші компания «Nike»-тың бір бөлігін иемденгісі келеді. Талабы орындалмаса өз өнімін АҚШ-қа тасымалдамайтынын жеткізеді. Іс сотқа дейін барған. Нәтижесінде, «Nike» «Tiger» кроссовкаларын 6 ай ғана саудалауға, одан кейін өз өнімін сатуға міндеттеледі.
Алғашқы кроссовка және жетістік
1972 жылы Олимпиада ойындарында «Nike» «Moon Shoe» кроссовка модельін таныстырды. Билл аяқ-киімді резеңкелерге тәжірибе жасай отырып тігіп шыққан. Табанын жасау үшін әйелінің вафель қалыбын қолданған. Модель өзінің таймайтындығымен және беріктігімен белгілі болды.
Компания танымалдылыққа ие болған соң, әлемге белгілі спортшылармен келісім жасайды. Олардың қатарында Роналдо, Майкл Джордан да бар еді. 1988 жылы «Just do It» жарнама компаниясын құрды. Мұнда көбіне спортшылармен бірлесе жұмыс істейді.
«Nike» бүгінгі таңда әлемдегі ең қымбат спорт бренді болып табылады. Айналымы $39,117 миллиард, ал жеке капиталы $9,04 миллиардқа тең.