Біліп жүр
Барбара Оакли – «Математик сияқты ойлан» бестселлерінің авторы
Барбара Оакли кітаптары мен өмірі
Барбара Оакли – Окленд университетінің профессоры. «A Mind For Numbers: How to Excel at Math and Science» бестселлерінің авторы. «Learning how to learn» онлайн курсының авторы. Курс «Coursera» платформасында 2,5 миллион қаралым жинаған.
Өмірбаяны
Барбара 1955 жылы Калифорниядағы Лодай қаласында дүниеге келген. Барбараның әкесі Альфред Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Американың әуе күштерінде бомбалаушы-ұшқыш қызметін атқарады. Соғыстан кейін Альфред ветеринар болып жұмыс жасайды. Кейінірек Массачусетс технологиялық институтында тамақ технологиясының магистр дәрежесін алады.
Барбара мектепті бітіргеннен кейін АҚШ армиясының қатарына алынады. Оны Вашингтон университетіне оқуға жібереді. Славян тілдері мен әдебиеті мамандығын оқиды. Оқуды аяқтағаннан кейін төрт жыл бойы Германияда офицер қызметін атқарып, капитан шенін алады.
Әскердегі қызметтен кейін математика мен әлем тілдерін оқуды қолға алады. 1986 жылы Барбара Вашингтон университетіндегі электротехника мамандығының бакалаврын тәмәмдайды. Антарктидағы полярлық станцияда радио оператор жұмысын істейді. Осы жерде болашақ күйеуі Филиппен кездеседі. Көп ұзамай 1984 жылы 1 ақпанда Филипке тұрмысқа шығады. 2 қызы және асыранды 2 ұлы болады. 1989 жылы Барбара отбасымен Детройт қаласына көшеді. «Ford» компаниясында жұмыс істейді. Одан кейін Окленд университетінде кеңесші қызметін атқарады. 1995 жылы электротехника мамандығының магистр дәрежесін, ал 1998 жылы инженер ғылымдарының докторы дәрежесін алады.
Жұмысы мен зерттеулері
Инженер ғылымдарының докторы дәрежесін алғаннан кейін Окленд университетінің профессоры болып жұмыс істейді. Бірнеше зерттеу жұмыстарымен айналысады. Оларға STEM білім беру, инженерлік білім, жалпы білім беру, онлайн-оқыту зерттеулері жатады.
«A Mind For Numbers: How to Excel at Math and Science» кітабының шығу тарихы
«Инженер-технолог болғаныммен, математиканы ұнатпайтынмын. 26 жасымда математика саласына басқаша қарай бастадым.
Бір студент маған сұрақ қойды. Сіз миыңыздың құрылымын қалай өзгерттіңіз? Математиканы қалай үйрендіңіз?
Осы кезде маған ой келді. Маған жазған ұнайды, әрі адам психологиясынан хабарым бар. Неге математика саласын түсінікті етіп жазып шықпасқа?! Тек ересек адамдар емес, балалар да түсінетіндей кітап жазып шыққым келді.
«Learning how to learn» онлайн курсының пайда болуы
«Адамдар жаңа білімді алуға құмар. Жастар ұзақ, қызықсыз дәрістерді оқымайды. Олар видео форматындағы сабақтарды қарайды.
Ғылыми терминдерді қолданбай, қарапайым түсінікті етіп видео сабақ жасап шықтым. Видео сабақ мен күтпеген танымалдылыққа ие болды.
Барбара Оакли ұсынатын «Помодоро» техникасы
«Помодоро» техникасын Франческо Чирилло ойлап тапқан. Кедергі келтіретін заттардың барлығын алдыңыздан алып тастаңыз. Сағат таймерін 25 минутқа қойыңыз. Ешкімге көңіл бөлместен тек ақпаратты оқып шығыңыз. 25 минуттан соң оятқышыңыз шырылдайды. Оқуды тоқтатыңыз. 5 минут үзіліс жасаңыз. Телефоныңызды тексеріп немесе кофе, шай ішіп алыңыз. Үзіліс кезінді ақпарат сіздің жадыңызға тереңінен енеді.
Еңбектері
«Hair of the dog: tales from aboard a Russian trawler» кітабының авторы.
«Математиканы қалай үйренуіміз керек» мақаласы «Wall Street Journal» басылымында жарияланды.
Дайындаған: Гаухар Бердібек