Компас
Дания еліне сапар шегетін жолы болғыш көруі тиіс 6 локация
Дания туралы негізгі ақпарат біліңіз!
Дания – Солтүстік Еуропада орналасқан мемлекет. Керемет сәулет өнері, таңғажайып пейзаж, ерекше сарай туристерді бірден ғашық етеді.
Тиволи саябағы
Саябақ Дания астанасы Копенгагенде орналасқан. Еуропа бойынша 3-ші көне саябақтың бірі. Негізі 1843 жылы қаланды. Жыл сайын 4 миллионнан аса турист келеді. Саябақта 26 ойын-сауық аттракционы жұмыс істейді. Мейрамхана мен театрды да кездестіресіз. Жаз мезгілінде тегін концертті тамашалай аласыз.
Розенборг қамалы
1624 жылы король Кристианның бұйрығымен салынған. 1710 жылға дейін корольдік резиденция ретінде қолданды. 1838 жылдан бастап Розенборг барлық келушілерге есігін ашты. Даниялық мәдениеттің экспонаттарын, корольдік коллекцияны көре аласыз. Туристерді ерекше қызықтыратын қазына патша тәжі.
Эресунн көпірі
Дания мен Швеция елдерін байланыстырып тұрған көпір. 7845 метрден тұратын көпірді салу жұмысы 1995 жылы басталып 1999 жылы аяқталды. 2000 жылы көпір ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына Дания елінің королевасы Маргрете II мен Швеция корольі Карл XVI Густав қатысты.
Кронборг қамалы
Қамал 1420 жылы король Эриктің кезінде салынған. Уильям Шекспир «Гамлет» драмасында Кронборг қамалының сұлулығын дәріптеген. Ұзақ уақыт бойы қамал бос тұрады. 1569 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тарихи орынның біріне айналады.
Орхус өнер мұражайы
Шыны қабырға, ені үш метрлік дөңгелек дәліз, ғимараттың төбесі кемпірқосақ түстерімен боялған. 18-20 ғасырдағы суретшілердің туындыларын тамашалай аласыз. Басты туындылардың бірі – 5 метрлік алып баланың мүсіні. Мүсін өзінің шынайылығымен таңғалдырады.
Фарер аралы
Фарер аралы 1380 жылдан Дания корольдігіның құрамында, ал 1948 жылдан Данияның автономиялық облысы. Ең биік жері Слаттаратиндур тауы (882 метр). Аралдан сарқырама, көл, шатқалды кездестіре аласыз. Сонымен қатар дельфин, итбалық, теңіз құстарын тіпті китті кездестіресіз. Фарер аралына жаз айында келуді жоспарлаңыз. Себібі ауа температурасы 15-17 градусқа дейін көтеріледі.
Дайындаған: Гауһар Бердібек