Шетелде демалу бүгінде сәнге айналған. Дегенмен туристер жиі баратын елдерде алаяқтық деңгейі де өсіп келеді. Balbal.kz сайты осы елдердің тізімін ұсынады.
Болгария
Болгарияда ақша айырбастау орындарының қызметкерлері туристер жиі келетін уақытта қулыққа басады. Ақша айырбастайтын орындарға Еуроодақтың туын іліп, валюта бағамына ұқсас сандарды жазып қояды. Көрсетілген баға туристерге тиімді болып көрінеді. Осыған алданып ақшаны айырбастайды. Кейіннен өтірік ақша екеніне көздері жетіп жатады. Сондықтан ақшаңызды айырбастамас бұрын міндетті түрде валюта бағамынан хабардар болыңыз.
Түркия
Туристерді алдаудың тағы бір тәсілі Түркиядағы такси жүргізушілері. Такси жүргізушісі туристке артық ақшаны қайтару кезінде қулыққа салып, құны төмендеу басқа қағаз ақшаны береді. Көбісі оған мән бермейді. Қалтасына салып өз жөнімен кете береді. Кеңес: таксиден шықпас бұрын ақшаны міндетті түрде санап алыңыз. Мүмкіндік болса ірі ақша бермеуге тырысыңыз.
Үндістан
Туристер көбіне саяхатқа фотокамераларын алып шығады. Үндістанның музейі мен храмдарының көпшілігінде суретке түсіруге тыйым салынған. Ал қызметкерлер кірерде қолдағы камераны өткізуді талап етеді. Дегенмен оларға камераны табыстаудың қажеті жоқ. Себебі затыңызды қайтара алмай қалуыңыз мүмкін. Кеңес: егер қызметкерлер қатаң талап қойып жатса, камераңыздың қуаттағышын алып тастаңыз. Түсіре алмайтыныңызды дәлелдеңіз.
Мысыр
Әлем ғажайыптарының отаны Мысыр елінде түйеге мініп серуендеуден бас тартатындар жоқтың қасы. Ұшы-қиыры жоқ құм даланы астындағы сенімді көлігімен аралағанға не жетсін? Бірақ осыны арабтардың кейбірі өзінің пайдасына асырады. Түйеге мінгізіп алып, одан түсуі үшін туристен қосымша төлем сұрайды.
Шри-Ланка
Туристер арасында танымал демалыс орнына айналып келеді. Мұнда «тук-тук» деп аталатын үш дөңгелекті мотоцикл үлкен сұранысқа ие. Елдегі бағаны жөнді білмейтін туристі көргенде жүргізушілер екі есе қымбат баға айтады. Кейбірі төлемді көбейту үшін әдейі басқа бағытпен жүріп, жолды ұзартады. Сондықтан нақты ақша сомасын сұрап алыңыз. Мүмкіндік болса қолыңызға карта алып, жүргізушіге баратын орынды көрсетіңіз. Сіздің жолды білетіндігіне көзі жетсін.
Марокко
Халқы өте мейірімді әрі көмек беруге дайын. Бұл мейірімділіктің мақсаты – көрсетілген көмекке ақша сұрау. Тіпті сізге көрсетілген жақсылық өзіңізге қажетсіз болса да ақша төлеуге тура келеді.
Манила
Манила әуежайында қолданылатын «таним-бала» әдісінен туристерді полиция қызметкерлері де қорғай алмайды. Себебі бұл әдісті жергілікті қылмыстық синдикат тобы ұйымдастырады. Алданып қалатындардың көпшілігі – туристер. Айлакерлер туристің жанынан өтіп бара жатып, оның сөмкесіне оқ салып жібереді. Ал сөмке тексерістен өткенде нағыз шу басталады. Түбінде барлығы ақша берумен шешіледі. Тексерісте отыратын қызметкер мен айлакер алынған табысты теңдей бөліп алады. Осылайша алаяқтық әрекетпен қомақты қаржыны иемденіп отырады. Сондықтан адам көп жүретін орындарда сөмкенің барлық қалталары жабық екендігіне көз жеткізіңіз.