Біліп жүр

ABC players: қандай қызметкерден құтылған дұрыс?

ABC players деген не?

Адам бір істі бастап, оны соңына дейін жеткізу үшін міндетті түрде қолдау мен көмек керек. «Жалғыздың  үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген мақал осындайда дәл келеді. Ұжымның немесе компанияның жетістікке жетуінің кепілі – мықты команда. Кез келген басшы ойындағы ұжымды құру үшін әртүрлі әдіс-тәсілді қолданады. Соның бірі – «ABC-players» матрицасы.

ABC-players деген не?

General Electric компаниясын 20 жыл бойы басқарған Джек Уэлч қызметкерлерін үш санатқа бөлген. Осы арқылы компанияға 28 есе көп табыс әкелген. «20-70-10» санатына бөлінген қызметкерлердің: 20%-табыстылар, 70%-орташа және 10%-жұмыстан шығуға тиіс адамдар. Тәжірибеде қолданылып оң нәтиже көрсеткеннен кейін бұл жүйе «ABC-players» матрицасы деп аталады.

Деңгейлері қандай?

С-players – бұл санаттағы қызметкерден тезірек құтылған дұрыс. Себебі с-players сізге пайда әкелмейді, керісінше шығынға батырады. Құдды бір вирус секілді. Олар жұмыстың сапасына мән бермейді. Уақытында орындамайды, ерінеді. Өз қалауымен жұмыс істемейді. Бұл санаттағы қызметкердің сылтауы мен шағымы көп. Бір сөзбен айтқанда айлыққа, ақшаға ғана қызығып амалсыз жүрген адамдар.

В-players – берілген тапсырманы уақытында және сапалы орындайды. Жақсы көрсеткіштерге ие. Алайда олар тұрақтап қалған адамдар. Басынан бастап командада болған, барлық жұмыстың негізін білгенімен ешқашан алдыңызға компанияны дамыту жөнінде жаңа идеямен келмейді. Кей кезде оларды жаңа бастамаға көндіруге тура келеді. Белгіленген жұмыс жоспарымен жүреді, таңғы 9-да келіп кешкі 6-да шығып кетеді. Бірақ b-players сіздің командаңызда болуы керек. Мүмкіндігінше көп болғаны дұрыс. Себебі компанияның табысты болуына әсер ететін осы санаттағы жұмысшылар.

Уэлч жүйесіне сүйенсек, В-players пен С-players ешқашан жоғары санатқа көтерілмейді. Олар «қанағат қарын тойдырады» ұстанымындағы мамандар.

В + -players – өтпелі кезеңде тұрған қызметкер. Командаға жаңадан қосылған маман, студенттер жатады. Тәжірибесі болмаса да көзінде от, жұмыс істеуге құлшынысы бар. Олардың басы мыңдаған идеяға толы, қиындықты көтеруге дайын. Егер бұл қызметкерге жетекші тағайындап,  қолдау көрсетсе, болашақта олардан (А-players) санатындағы маман шығады. Ал ынта болмаса, бұл қызметкер С-players санатына түсті деп түсіне беріңіз.

А-players – компанияның қазынасы. Олар идеямен жүреді, компаниямен бірге өмір сүреді. А-players жаңа нәрсе іздеуден, оқудан, тыңдаудан шаршамайды. Жұмысты орындай алмау деген түсінік олардың бастарына кіріп-шықпайды. Барлығын жоғары деңгейде жасайды. Бәсекелестіктен қорықпайды, керісінше маңайына өзі секілді таланттарды жинағанды жөн көреді. А-players-ге ешқашан шектеу қоймаған дұрыс, қайта жолындағы кедергілерді алып, оларға барынша жағдай жасау керек. Сонда олар компанияға керемет нәтиже әкеледі.

А-players командада аз болады. Егер дәл қазір компанияда сәйкес адамды байқасаңыз, оған жағдай жасаңыз. Әйтпесе, бұл санаттағы адамды табу, оны өз ұжымыңызда ұстап қалу оңай болмайды.

Дайындаған: Гауһар Бердібек

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!