Біліп жүр

Акция және облигация: Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығы

Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығы

Акция және облигация әлем бойынша қосымша табыс табудың негізгі жолы болып отыр. Бағалы қағаздарға салынған инвестицияның өзін ақтауына көп уақыт керек болғанымен, сенімділігінің арқасында маңызын жоғалтқан емес. Қазақстанда да бағалы қағаздардың нарығы жылдан жылға дамып келеді. Balbal.kz назарыңызға еліміздегі акция және облигация айналымы жайлы материалды ұсынады.

Қазақстандағы қор биржалары

Акция (құнды қағаздар) акционерлік қоғамның табысының бір бөлігін алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар басқару ісіне араласып, ұйымның мүлкіне құқылы боласыз. 1990 жылдардың аяғынан бастап қағаз акциялар жойылып, толығымен электронды нұсқаға көшкен.

Акциясын сатылымға шығарған ұйым эмитент болып саналады. Ал сауда процесстері қор биржасында өтеді. Қазақстанда негізгі екі биржа бар. Біріншісі – KASE, 1993 жылы құрылған. Мұны «Қазақстан қор биржасы» деп те атайды. Екінші қор биржасы 2018 жылы өз жұмысын бастады. «Astana International Exchange» деп аталатын биржаның негізгі мақсаты – Орталық Азиядағы биржа орталығына айналу.

KASE қор биржасында бүгінгі таңда 175-тен астам эмитент ұсынылған. Бұлардың қатарында еліміздегі ірі компаниялар мен өндірушілер, акционерлік қоғамдар бар.

Еліміздегі акция және облигация нарығы 2003 жылы қабылданған №461 «Бағалы қағаздар нарығы» заңнамасы бойынша реттеледі.

         Қазақстанда акционер атанудың жолдары

Бағалы қағаздарға инвестиция жасағыңыз келсе, мұның бірнеше жолы бар. Алдымен брокер таңдауыңыз қажет. Ең басты талап – сенімділік. Брокерлік компанияның лицензиясы болу керек. Сонымен бірге сауда айналымы мен тұтынушылар саны жайлы біліп алыңыз. Кез келген брокерлік компания келісім барысында сізге 2 есепшот ашады. Бірінде ақшаңыз, екіншісінде акциялар сақталады.

Келісім барысында акцияны басқару мәселесін, уақыты мен компания өзіне алып қалатын комиссия мөлшерін анықтау қажет. Егер акцияны брокерлік қызмет негізінде алсаңыз, барлық шешімді өзіңіз қабылдайсыз. Брокер тек сіздің айтқаныңызды орындайды. Егер тәжірибеңіз болмаса, акцияны басқару, сату, қажетті құралдарды таңдау ісін компанияға қалдыруға болады.

Қазақстанда акционер атану үшін көп ақша қажет емес. 100 000 теңгемен де инвестор атанып, акцияға иелік етуге болады. Дегенмен елімізде таңдау аз. Ал шетелдік нарыққа аяқ басу үшін кем дегенде 1 000 000 теңге қажет.

Эмитент таңдау кезінде оның кірісі мен сенімділігіне назар аударған жөн. Сонымен қатар акция сатып алуға өзіңіздегі бар ақшаның барлығын салудың қажеті жоқ. Бағалы қағаздар нарығы өте қауіпті, мұнда кез келген уақытта баға өсіп не төмендеп отырады. Сол себепті қауіпке бас тігудің керегі шамалы.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!