Біліп жүр

Айым Жекенова: Жеке бренд әр маман үшін маңызды

Жеке брендті қалай дамыту керек?

Айым Жекенова – журналист, маркетолог, жеке бренд маманы. «Екінші болма», «Бізге айтылмаған құпия» бестселлер кітаптарының редакторы.

Жеке брендке дейінгі жол

Менің екі мамандығым бар: журналистика және юриспруденция яғни заң саласы. Негізі жүрегім журналистика саласына тартты. 2014 жылдан бастап Hit TV арнасында журналист, редактор болып жұмыс істедім. Кастингтен өтіп, тележүргізушілікке бет  бұрдым. Бірнеше бағдарламада продюсер қызметін атқардым. 24 жасымда «Ризамын» атты авторлық  бағдарламам болды. Дегенмен бір салада белгілі бір еңгейге жетіп, әрі қарай өсу болмағаннан кейін еріксіз іздене бастайды екенсің. Дәл осындай периодта маған режиссер құрбым хабарласып, жақсы ұсыныс жасады.

Қуаныш Шонбаймен кездесу

Қазақстандағы алғашқы бизнес реалити-шоуға шақырды. Бұл 2017 жыл болатын. Бағдарламаның жүргізушісі, жалпы жоба жетекшісі Қуаныш  Шонбай екенін білдім. Сондықтан кедергілерге көзімді жұмып қарадым да жоба қатысушылары қатарына қосылдым. Үміткерлермен бірге бір үйде тұрасың, 24 сағат түсірілім, монтаж жұмыстары бар. Бизнес жасалады, сауда, сабақ, түрлі  шым-шытырық жағдайлар  болады. Қайнап жатқан қазанның ортасына түстік десем де болады. Осы жобада жүріп, Қуаныш Шонбай мырзамен таныстық. Содан бір күні Мейірбек мырза мені шақырып алды да «Айым ханым, біз сізді өз командамызда көргіміз келеді. Бірақ әлі нақты қай орында, кім ретінде болатыныңыз белгісіз» деп айтты.

Содан  кейін «SMM маманы боласыз» деп бұрын мен естімеген  жаңа терминді айтып, жаңа салаға бағыттады. SMM маманының  жұмысын маған «дәл телеарнада істейтін ісіңізді әлеуметтік желіде атқарасыз» деп түсіндірді.

Қуаныш Шонбай «Екінші болма» кітабында қызметкерлерді резюмесіне қарап  емес, әлеуметтік  желідегі парақшасына қарап таңдайтынын жазған. Мүмкін, сол кезде инстаграмдағы парақшама қарап, «осы қыздан SMM маманы шығады-ау» деп үміттенген болар. Cолай маркетингті, SMM-ді маған  практика жүзінде Қуаныш пен Мейірбек мырза үйретті.

Таргетингті, қалай  сайт жасау керек  екенін меңгердім. Тіпті, мен практика арқылы теорияны меңгердім деп  айтсам болады. Контент-план жасаудың  өзін  алдымен  практикада үйрендім. Содан кейін білімге де көп инвестиция  салдым. Мария Солодардан оқыдым, Питерге барып білім алып келдім. Жалпы, маркетингке, SMM саласына осылай келдім.

Айым Жекенова
Айым Жекенованың жеке мұрағатынан

Қазір бізде маркетологтардың да, интернет-маркетологтардың  да саны  артты. Дегенмен әр  салада неғұрлым нақты бір бағытта даму маңызды. Маған келіп, қызметіме жүгінетін жандардың барлығы дерлік эксперттер. Ал, эксперттер үшін жеке брендті дамыту аса маңызды. Кәсіпкер болса да, эксперт болса да, журналист, тіпті мұғалім болса да жеке бренд керек. Содан осы бағыт бойынша ізденіп, оқып, қарқынды жұмыс істей бастадым. Қазір Алматы Әйелдер орталығының бренд-менеджерімін. Жеке брендті дамытуға осылай саналы түрде таңдау жасап, келдім.

Жеке бренд барлық адамға бірдей керек пе?

Белгілі бір саланың экспертіне өзінің құндылығын, чекті көтеру үшін жеке бренд маңызды. «150 000 теңге жалақы алатын заңгер мен 500 000 теңге жалақы алатын заңгердің айырмашылығы ақылында емес. Айырмашылығы – бренд болып қалыптасуында ғана» деп Әлішер Елікбаевтың бір айтқаны бар еді.

Жеке бренд танымалдылықты арттыру, чекті өсіру, клиенттік базаны қалыптастыру, өз саласында № 1 екенін көрсету үшін керек.

Бір саладан бір салаға ауысу – норма!

Статистика бойынша, қазір адамдар орта есеппен 2-3 жыл сайын жұмыс орнын ауыстырып отырады екен. Барлығы қарқынды дамып жатқан тұста сенің бір саладан екінші салаға ауысуың қалыпты жағдай. Адамдардың көбі «бір саланы таңдасам, сол  саламен өмір бойы айналысып өтемін» деп қорқақтайды. «Сала таңдай алмау, өзін таба алмау» деген  мәселенің барлығы осы қорқыныштың  артында жатыр. Мысалы, мен  журналистикада үш жыл жұмыс істеп, маркетингке ауыстым. Қазір жеке брендингке бет бұрдым. Сен өсіп жетілген сайын сенімен бірге блогың, парақшаң мен жеке брендің де жетіліп дамуы, өзгеруі – қалыпты жағдай.

Мықты блог жүргізу үшін жай ғана бастау керек

«Қазір блог бастау үшін менің бір мықты кейсім болу керек» деп миға шаблон орнатып алу дұрыс емес. Ең бастысы – бастау, істеу. Кей адам маркетингке, SMM-ге, блог жүргізуге жай ғана «табыс көзі осында, адамдар осы жерден жақсы қаржы тауып жатыр» деп келеді. Ал, Икигайға салғанда бұл оның жақсы көретін ісі, бейімі бар саласы болмауы мүмкін. Шын мәнінде, блог жүргізіп, парақшасын дамытқысы келген адам «халыққа не жеткізгім келеді, не айтқым келеді?» деген сұраққа жауап беруден бастаса  болады. Біз бірден ақылды, күшті болып көрінгіміз келеді. Бірден белсенді кері байланысты күтеміз.

Мықты пост жазу, блог жүргізу – бәрі практикамен келеді. Ал, тәжірибе жинау үшін жай ғана бастау керек. Бастаған соң тұрақты түрде көңіл бөліп, дамыту керек. Сапалы контент осылай қалыптасады.

Адам танымал болса, жеке бренді қалыптасқан деу – қате түсінік

Көбісі «жеке бренд = танымалдылық» деп ойлайды. Негізі, танымалдылық – жеке брендті құраушы факторлардың бірі ғана. «Егер адамның 1 млн, 2 млн жазылушысы болса, оның жеке бренді дамыған» деп ойламаңыз. Ол – тек  жазылушының саны ғана. Гивпен немесе таргетпен жинаған болуы да мүмкін. Жеке бренд болып қалыптасу үшін белгілі бір саланың  эксперті болу керек. Оған қосымша танымалдылық және репутациямен жұмыс яғни PR әсер етеді. Біздің қоғамда өз ісінің нағыз мамандары көп. Бірақ оларды табу қиын. Олар эксперттілігінің арқасында жақсы табыс тауып отырған шығар. Бірақ оған танымалдылық қосылып, жеке бренді қалыптасса, оның табысы бірнеше есе өсетіні анық. Ал, кей адамның жазылушылары көп болуы мүмкін. Бұл кісілер танымал болғанымен, эксперт емес.

Жеке бренд = эксперттілік + танымалдылық + PR

Брендті дамыту үшін барлық маркетингтік құралдарды қолдана аламыз. Ол онлайн және оффлайн форматта болуы мүмкін. Онлайн дегеніміз – instargam, youtube немесе telegram. Нетуоркинг өте маңызды. Автор ретінде кітап жазу, шәкірт тәрбиелеу, әлеуметтік жобаларға қатысу, бағдарламаларға қонаққа бару, сұхбат  беру секілді дүниелер оффлайн негізде жасалады. Осының барлығын қолданып, жұмыс істегенде ғана жеке бренд дамиды.

Жеке бренд дегенді инстаграммен ғана шектеп қоюға болмайды. Инстаграм парақшаң блокқа түссе, құрығаның. Ал, егер  жеке бренд дұрыс қалыптасқан болса, басқа каналдар арқылы сол жазылушыларды қайтарып алуға болады.

Брендті қалыптастыру – жұмыс

Эксперт жеке брендті дамытуды маманға тапсырып қоя салуына болмайды. Қызметіме жүгінген жандарға мен «сіз менен үйреніңіз, одан  кейін осының  барлығын менсіз-ақ жасай аласыз» деп ұсыныс жасаймын. Себебі жеке бренд болғандықтан оны адамның өзі түсініп істегені дұрыс.

Қандай  мықты копирайтер болса да, дәл сіз секілді ойлап, сезініп мәтін жаза алмайды. Немесе сіз өзіңіз бұл саладан хабарыңыз болмаса, ол  маманның қаншалықты дұрыс жасап жатқанын қайдан білесіз? Сондықтан эксперттің өзінде базалық білім болғаны дұрыс.

Сын да, мақтау сөз де экспертке қаратылып айтылады. Брендті қалыптастыру – өз алдына бөлек жұмыс. Жүрдім-бардым қарамай, оған жауапкершілікпен қарау қажет. Бірақ бұл бәрін таста да, тек жеке брендпен айналыс дегенді білдірмейді.

Айым Жекенова
Айым Жекенованың жеке мұрағатынан

Инстаграмда ГИВСІЗ, конкурссыз таза оқырман жинау жолы

Қашан да сан емес, сапа маңызды. Эксперттілікке, сапалы контентке негізделе отырып сапалы аудитория жинап алуға болады. Өзімнің практикамда ешқандай таргетсіз, ГИВсіз 320 000 таза оқырман, сапалы аудитория жиналған жоба болды. Парақшаның өзінде арасында көңілді контент жасап, белсенділікті арттыратын посттар салып тұруға болады. Негізгі күш – аудиторияға беретін  сапалы контентіңіз. Аудиторияның қажеттілігін тауып, соны бере алған кезде адамдар өздігінен  тартылады. Сапалы контент арқылы сапалы аудитория жинайсыз.

Эксперттер публикамен арадағы барьерді қалай бұза алады?

Көп адам жеке брендті дамытуды бастауына бастап, бірақ ортадағы психологиялық қысымға шыдамай, өзін жоғалтып алуы мүмкін. Публикаға, танымалдылыққа дайын болмайды. Кішкентай кезінен санасында жатталған ұстаным, түсінік болуы мүмкін.

Фрипаблиситидің негізін қалаушылардың бірі Екатерина Иноземцеваның «мен білмеймін деген адам – ең көп білетін адам» деген сөзі бар.

Бұл бастаған істі орта жолда қалдырмай, нәтижеге жетуге көп әсерін тигізеді. Жеке бренд бір ізге түсіп кетуі үшін шамамен 3-6 ай уақыт керек.

М&М: мақсат және миссия

Жеке брендті қалыптастырған кезде «2 М-ге» назар  аудару керек. Ол – мақсат және миссия. Мақсат – материалдық және материалдық  емес мақсат. Жеке брендті дамыту арқылы кәсібіңді үлкейтіп, табысыңды арттыруыңыз мүмкін. Сонымен қатар кәсібің үлкейсе, командаңа тағы 3 адамды жұмысқа аласыз. Осы арқылы сіз тағы үш адамның жұмыспен қамтылып, үш отбасының жақсы өмір сүруіне ықпал жасайсыз.

Миссия – жай  ғана жұмыс істеп, ақша жасау емес. Жеке брендті қалыптастыру жолында ұлы, үлкен мақсат болған кезде процесс жеңіл жүреді.

Сторителлинг пен дұрыс мақсат миссиямен ұштасқан  кезде  ғана дұрыс жеке бренд құрылады. «Қай салада мен эксперт болғым келеді? Эксперттілігім жеткілікті ме?» деген сұраққа жауап беріп, маңыздылығын түсінген дұрыс. Сонымен қатар жеке брендпен айналысатын адам маркетолог та, психолог та, сату маманы да, менеджер де, PR  маманы да болу керек. Сала мен нысанадағы аудиторияны анықтап, стратегияны анықтау алу керек.

Жеке бренд – ішкі потенциалды ашу

Мықты маркетолог мықты жеке бренд маманы бола алмауы мүмкін. Жеке брендпен айналысқысы келетін маман үшін ең маңыздысы – сезіне білу. Алдына келген адамның қарым-қабілетін  байқап, шынайы менін шығара білу. Ол басқа сұраныспен келуі мүмкін. Бірақ мүлде басқа саланың адамы болуы ғажап емес. Жеке бренд қалыптастырғысы келген тұлғаның жеке потенциалын аша алу керек.

Траблшутер деген мамандық бар. Кәсіпке, жобаға сырттай бақылап, негізгі мәселелерін анықтап береді.

Ішкі процесте жүрген адам біржақты көзқараспен қарайды. Осы тұста сырттан анализ жасап, біреудің баға бергені маңызды. Жеке брендті дамыту үшін осындай анализ жасалынады. Осылайша жобаның негізгі стратегиясы құрылады. Бренд-менеджер бүкіл компанияға бір стратегия жасаса, ол жобаны құрайтын эксперттерге бөлек стратегия жасайды.

Сұхбаттасқан: Сымбат Еркінбек

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!