Брендбук – компанияның мақсаты, концециясы, бағыты жазылатын құжат. Брендті сіз жасап дамытасыз. Ал брендбукке бұл бренд жайлы ақпарат жазылады. Басқару ережесі мен негізгі стандарттардың барлығы мұнда болады. Назарыңызға брендбуктың маңызы мен жасау жолдарын ұсынамыз.
Брендбук не үшін қажет
Компанияңызда белгілі ережелер жиынтығы болмаса, дизайнер мен маркетолог мәселені шешу үшін өз бетінше әрекет етеді. Әрине, әр түрлі нұсқаның болуы жаңа идеяларды тудыруға көмектеседі. Дегенмен бірліктің болмауы компанияны құрдымға жіберуі мүмкін. Егер сіз түрлі дизайнерлік стиль мен маркетингтік әдісті қолдансаңыз, мықты бренд жасап шыға алмайсыз.
Фирмалық стиль жайлы нұсқаулық жұмысқа жаңадан орналасқан қызметкерлер үшін өте пайдалы. Ережелермен алдын-ала танысқан жұмысшы бренд жүйесін бірден түсінеді. Бұл ұзақ уақыт үйретіп, қателікті түзеткеннен жақсы.
Брендбук бірнеше жүздеген беттен тұруы мүмкін. Мұндай құжат бірнеше команда және серіктестермен жұмыс істегенде ортақ келісімге келуге көмектеседі.
Алғашқы брендбук
1956 жылы ІВМ компаниясының директоры Томас Уотсон-кіші архитектор әрі дизайнер Элиот Нойсты жұмысқа алады. Жобада компанияның архиткетураға, дизайнға, интерьерге деген қарым-қатынасы толығымен қаралады. Нойс ІВМ компаниясының өнімдерін таныстыру жүйесін жасап шығады. Дизайн компанияның ұжымдық миссиясын көрсетіп тұрды.
«Бренд – тірі нәрсе. Сондықтан оның нарықта ерекшеленуін, мақсатты топтарды қызықтыруын тексеріп отыру керек».
Клэй Таймен. «Landor» компаниясының директоры
Брендбуктың құрамына не кіреді
Бренд
Бұл бөлімде миссия, құндылық, компанияның мақсатты аудиториясы жайлы айтылады. Бөлім көлемі мақсаттың егжей-тегжейлігіне қарай өсе береді. Кейбір кәсіпорындар бизнес-жоспардан қажетті ақпаратты қайта көшіруге ерініп, толтырмай кетеді.
Фирмалық стиль
Логотиптің түсі, нұсқалары, көлемі мен қолданылуы жазылады. Тауарлық белгісі қандай болатыны белгіленеді. Брендтің слоганы қай жерде орналасатыны нақтыланады. Бренд қай түстермен байланыстырылып, қандай түстер колданылатыны, қаріптің мөлшері мен түрі, фотосуретке қойылатын талаптар айқындалады.
Қарым-қатынас ережесі
Бұл бөлімде бренд және қызметкерлердің қай тілде қарым-қатынас орнататыны, аббревиатуралар мен қолданылатын негізгі сөйлемдер, қарым-қатынас стилі (ресми, әзіл аралас және т.б.), блогтағы жазбаларға қойылатын талаптар, әлеуметтік желіде жазба жариялау реті жазылады.
Брендбук дизайны
Брендбук жасау үшін мықты маманның көмегіне жүгінуіңіз керек. Жобаны іске асырмас бұрын дизайнермен ақылдасып алыңыз. Дизайнерден бұрын жасалған жұмыстарын сұраңыз. Осылайша өзіңіздің болашақ брендбугіңізді жасауда қателеспейсіз. Жобаның алғашқы нұсқасы дайын болғанда қызметкерлеріңізге көрсетіп шығыңыз. Олардың пікірін білу артықшылық етпейді.
Бұл кезеңде асығудың қажеті жоқ. Түзетулер мен қатені жөндеуге уақытты аямаңыз.