Біліп жүр

Дилтс пирамидасы – өз-өзіңе есеп беру әдісі

Дилтс пирамидасы деген не?

Дилтс пирамидасы адам өміріндегі мәселелерді шешу және себебін анықтауға көмектеседі. Кез келген адам өз болашағына алаңдайды. Ал бағытының дұрыс-бұрыстығына қол жеткізу үшін өзін түсінуі шарт. Balbal.kz мотивациялық сайты өз оқырмандары үшін Дилтс пирамидасы туралы материал дайындады.

Роберт Дилтс

Роберт Дилтс 1955 жылы 21 наурызда АҚШ-та дүниеге келді. Дилтс нейро-лингвистикалық бағдарламалау саласына (NLP) қомақты үлес қосқан  жан. Ол онда әзірлеуші, автор, тренер және кеңесші болып жұмыс істейді.

Роберт Дилтс 40-тан астам кітаптың авторы. Дилтс пирамидасын ойлап табу арқылы атағы шықты. Одан бөлек IBM Europe фирмасының жобасын жасаған.

Дилтс пирамидасы

Дилтс пирамидасы 6 деңгейден тұрады. Сол деңгейдегі сұрақтарға жауап беру арқылы сіз қай жерде тығырыққа тіреліп, қателескеніңізді білесіз. Ал оның жауабы мәселеден бір деңгей жоғары тұрады.

Пирамида екі бағытта жұмыс істейді. Төменнен жоғарыға – қазір өміріңізде болып жатқан жағдайларды талдағыңыз келсе, осы әдіске жүгінесіз. Жоғарыдан төменге – алда сізді не күтіп тұрғанын білгіңіз келсе, пирамидаға осы бағытта қарайсыз.

1-деңгей. Айнала — Менде не бар?

Бұл сұрақ сіздің моральдық, материалдық құндылығыңыз, таныс, дос, отбасы және барлық қоршаған ортаңызға қатысты. Осы жерде сізде шүкіршілік пайда болады. Екіншіден, «Ол менде неге бар, қалай алдым?» деген сұрақ қоюға итермелейді. Ол сұрақтың жауабын біз 2-деңгей арқылы білеміз.

2-деңгей. Әрекет — Мен не істеп жатырмын?
Бұл жерде сіздің әрекеттеріңіз туралы айтылады. Сізде бар нәрселер – әрекетіңіздің нәтижесі. Қоршаған ортада болып жатқан нәрселер сізге байланысты екенін түсінесіз. Енді «Оны неге істеп жүрмін?» деп сұраған орынды. Оның жауабын келесі деңгейден білеміз.

3-деңгей. Қабілет — Мен қалай таңдау жасаймын?
Жынысыңыз, ұлтыңыздан бөлек өміріңіз таңдауыңызға байланысты болады. Мақсат, мамандық, өмір сүру салты, қызығушылық, дос, жар және т.б. Бұл сұрақ арқылы адам өз өміріндегі сәтсіздіктердің себебін түсінеді. Осы кезде «Менің таңдауым неге байланысты?» деген сұрақ пайда болады.

4-деңгей. Сенім мен құндылық — Мен неге сенемін?
Бұл жерде ішкі сенім туралы айтылады. Кей кезде адамның санасында қалыптасқан стереотиптер жетістікке жетуге кедергі жасайды. Мысалы, сіз үздік университетке тек ақша беріп, жемқорлық арқылы түсуге болады деп ойласаңыз, талпынысыңыз азаяды. Өзіңізді тежеп тастадыңыз. Осы сұраққа жауап беру арқылы адам саналы ойлауды және  кез келген нәрсеге позитивті қарауды үйренеді. Ал «Мен неге дәл осыған сенемін?» деген сұрақтың жауабы келесі деңгейде айтылады.

5-деңгей. Сәйкестік — Мен кіммін?
Осы сұрақта сіздің өзіңізді қалай бағалайтыныңызды байқауға болады. Өз психологияңызды түсіну керек. Өзіңіздің кемшіл және артық тұстарыңызды саралап, шынайы бағалауға тырысыңыз. Ол өміріңізге қатты әсер етеді.

6-деңгей. Миссия — Бұл өмірге не үшін келдім?
Бұл жерде өмірдің мәні туралы сыр шертіңіз. Сіздей индивидтің әлемдегі миссиясы қандай, не өзгеріс әкеледі? Жапондық компаниялар жетістікке жету үшін 100-200 жылға жоспар құрып қояды екен. Ал сіздің оқу орнын бітіру, жұмысқа орналасу, үйлену дегеннен бөлек мақсатыңыз бар ма?

Пирамиданы іс жүзінде қолдану:
Табысыңыз не отбасыңызбен қарым-қатынас қалағаныңыздай болмай жатса, өзіңізді түсінгіңіз келсе, ұялмай осы қағиданы орындаңыз. Ол үшін қағаз бен қалам алып, сұрақтарға жауап беріңіз. Оны ешкімнен сұрамаңыз және көрсетпеңіз. Өзіңізбен барынша шынайы болыңыз.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!