Біліп жүр

Генри Форд. Жеңіс жолындағы сәтсіздіктері мен жетістіктері

Генри Форд – машина құрылысында революция жасап, жеке автомобильді ойлап тапты.

Генри  Форд – адамдардың қиялындағы көлік туралы аңызды шындыққа айналдырды. Оның айтуынша, автокөліктің басты міндеті — адамдардың өмірін жеңілдету және жақсарту.  Ендеше өнертапқыштың жемісті жеңіс жолындағы жетістіктеріне аз-кем үңіліп көрейік.

Генри Фордтың табыс тарихы айтарлықтай жеңіл болмады. Фермада өскен Генридің ата-анасы оның бастамалары мен талапты талпынысын ешқашан қолдамаған еді. Бірақ ол берілмеді, керісінше арманы үшін күресуге бел буды. Осылайша, амал іздеп, ойлана келе жаңа дүние жасаудың жолын тапты. Соның арқасында американдық өнертапқыштың есімі тарих парағында  алтын әріппен қалды.

Бүгін біз Генри Форд және оның жетістіктері туралы ең жақсы фактілерді баяндаймыз!

Туа біткен талант

1863 жыл.  Мичиган штатының фермерлер отбасында дүниеге келген Генри, кішкентайынан түрлі механизмдер, сан алуан құрылғылармен әуестенді. Ал әкесінің шаруашылығы Генриді мүлдем қызықтырмады. 12 жасқа толғанда әкесі ұлына қалта сағатын сыйлады. Қолына қандай да бір дүние түссе, оның «ішкі құрылысын» ақтаруды әдетке айналдырған  Генри сол сәтте-ақ сағаттың механизмін көру үшін оны ашып қарайды және өзінше зерттей бастайды. Осылайша сағаттың тісті доңғалағының құрылғысын жылдам түсінеді. Сөйтіп ол аймақтағы сағаттарды жөндей бастады, сонымен қоса көрші-фермерлердің кофе ұсатқыштарын және басқа да механикалық аспаптарын жөндеп беретін. Әрине, тегін емес.

Генридің өмірден алған тәжірибесі

1879 жылы. Генри 16 жасқа келді. Өзін есейдім, үлкен жігіт болдым деп санаған ол ешкімге бірауыз сөз айтпастан Детройтқа жол тартады.   Алдымен ол ағайынды Флауэрлердің кеме салу зауытына көмекші шебер болып орналасты. Ал түнде сағат жөндеушінің көмекшісі болып қосымша ақша табатын. Сонда да Генриге өмір сүру ауырлап кетті, ақша тамаққа әзер жетуші еді. Дегенмен, ол мұңаймады, сынбады. Керісінше бұл қиындықтан шыңдалып жатырмын, тәжиребе жинап жүрмін деп жұбатты өзін.

Күндердің бір күні, әдеттегідей ауыр арбаны әзер тартып келе жатқан жас жігітті зауыт инженері көріп, оған ұзағырақ қадала қарады да: «аяқтарыңның саусақтарына тіреліп тырмыс, сонда бәрі де жақсы болады» деп айқайлады. Генри Форд үлкен кісінің оған аяқасты айтқан сөзін өмір бойы есінде сақтап қалды. Соңынан, Американың ірі авто өнеркәсіпшісіне айналғанда да ол бұл сөзді өзінің инженерлік зертханасының қабырғасына ойып жазады.

Фордтың жаңа бастамасы

Фордтың алғашқы қадамы сәтсіз аяқталды. «Вестингауз» фирмасының локомобильдерінде механик болып жұмысі степ, Генри фермаға қайта оралады. Әкесі енді машиналар туралы ұмытуын өтінді. Бірақ, тағы да олай болмады. Бір күні болашақ автоконструкторға көрші-фермер астық басатын шағын машинасын жөндеу үшін көмек сұрап келеді. Генри оған көмектесіп, астық басатын машинаны көршінің егісіне жұмыс істеуге шығарды. Сол уақытта Форд аймақтағы техника тілін білетін бірден бір адам еді. Ол оған қомақты ақша төлейтін басқа фермаларда жұмыс істей бастады.

Өмір бойы армандаған көлік

Бірде Генри қаптама зауыты орналасқан, көршілес фермада бумен емес, бензинмен жүретін машинаны көреді. Егер осы механизмді дөңгелектер және рөлмен жарақтаса, өзінің өмір бойы армандаған – автомобилі пайда болатынын елестетті және осы ойын жүзеге асыруды мақсат етті.

1893 жылы Форд түні бойы көз майын тауысып, өзінің бірінші моторын құрастырды. Сол сәтте Генри өзін бақытты сезінді. Ол моторды арбаға орнатады. Осылайша Детройтта бірінші автомобиль пайда болды.

«Детройт Автокөлік Компаниясы»

Генриге электр компаниясын басқару қызметтін ұсынады. Алайда, Форд өз арманын жүзеге асыру үшін өз бетімен жұмыс істеу қажет екенін сезді. Жас кәсіпкер қызметтен кетіп, жеке кәсіпорынына қаржы сала алатын серіктес іздей бастады. Бірінші жоба сәтсіз болды. Генри құрған «Детройт Автокөлік Компаниясы» алысқа бармады. Автомобильдерге сұраныс болған жоқ.

Өнертапқыш өз сәтсіздіктерінің себебін іздеуден жалыққан емес, күндердің күнінде оған ғажап ой келді: қарапайым және қолжетімді автомобиль жасау қажет деген. Тек бай адам ғана емес, қарапайым американдық сатып ала алатын болса тамаша ғой! Сән салтанатты өмірге арналған емес, қарапайым автомобиль болуы шарт. Генри осы ойын өзін байытатын және Америкада машинаны көбейтетін ой екенін бірден ұқты.

«Қаңылтыр Лизи»

Сонымен 1908 жылы дәл сол қоғамдық модель – халық арасында «Қаңылтыр Лизи» деген аяулы атқа ие болды.  Бұл автомобиль нарықты дүрсілкіндіріп, XX ғасырдың басындағы Американың нағыз символына айналды. Елеусіз өзгерістермен Ford Т моделі 1928 жылға дейін шығарылды. Оның алдында барлығы – бас иген екен.

Дайындаған: Дидар Орынғали

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!