Біліп жүр

Келіссөз жүргізу: Дайындық және нәтиже

Келіссөз жүргізуге дайынсыз ба?

Келіссөз кез келген кәсіпкер үшін өз кәсібін кеңейтудің оңтайлы жолы. Келіссөзді серіктеспен, ивестормен, тұтынушымен өтуі мүмкін. Бірақ бұлардың әрқайсысының өзіндік ережесі болады. Оларды білу сізге сенімділік пен келіссөз барысында бірнеше артықшылық береді.

Келіссөзге дайындық

Келіссөз нәтижесінде жететін мақсатты анықтап алыңыз. Бұл қосымша қаражат, жаңа келісімшарт, серіктестікке келісім болуы мүмкін. Келіссөз барысында мақсатыңыздан ауытқитын кері қадам жасамаңыз.

Келіссөздің дамуының бірнеше бағытын дайындаңыз. Келіссөз екі жақты жүргендіктен екі түрлі мақсаттың болатынын ұмытпаңыз. Өзіңіздің тығырққа тірелмеуіңіз үшін бірнеше жоспар құрып алыңыз.

Сырт келбетіңізге назар аударыңыз. Келіссөздің маңызына қарай киініңіз. Ешқандай қысқа шалбарлар мен футболкалар кимеңіз. Костюм мен таза аяқ киім сізді жақсы қырынан танытады.

Өзіңізге қажетті бірнеше заттарды алып жүріңіз: жазбалар үшін қалам мен күнделік, компанияны таныстыру үшін визит карта, буклет, презентациялық жобалардың болуы маңызды. Телефоныңызды сөндіруді ұмытпаңыз.

Кеңес: Келіссөзді өз алаңыңызда өткізуге тырысыңыз. Бұл сізге сенімділік береді. Серіктесіңіз кафе секілді жерді таңдаса, өзіңізге таныс мекемені ұсыныңыз.

Серіктеспен келіссөз

Сіздің серіктесіңіз жаңа жеткізуші, өзге кәсіпорын иесі немесе жай ғана қызыққан адам болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ойын тең өтеді. Өйткені екі жақтан да қызығушылық болса,  мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысады. Келіссөз барысында дәл әрі нақты сөйлеңіз. Сөзіңіздің астарында екі түрлі ой болмасын. Өз компанияңыз жайында жалған ақпарат бермеңіз. Бұл жағдайды ушықтырып жіберуі ықтимал. Кемшіл тұстары болса жасырмаңыз. Барлығын анықтап біліп алыңыз. Егер серіктесіңіз ұғынықты жеткізбесе, қайталап сұрап алыңыз. Келіссөз барысындағы маңызды жайттар мен келісімнің талаптарын жазып отырыңыз. Бұлар сізге кездесуден кейін көмегін тигізеді.

 Инвестормен келіссөз

Бұл мүлде бөлек жағдай. Себебі сіз инвесторға, дәлірек айтсақ, оның ақшасына тәуелдісіз. Келіссөз барысында мақтанудан аулақ болыңыз. Инвесторлар тәжірибелі адамдар. Олар сіздің сөзіңізден ненің өтірік, ненің шын екенін бірден біліп қоюы мүмкін. Оны шынайы ақпараттар мен өз кәсібіңіздің артықшылығын айтып, қызықтырыңыз.

Егер сізде капитал мен серіктес болмаса, инвесторға дәл солай айтыңыз. Сіздің әрбір сөзіңізді тексерместен инвестор бірден ақша бермейді. Фактілер мен ақпараттарды дәл беріңіз. Миллиондаған айналым емес, жылдық айналым мөлшерін айтыңыз. Ең үздік жеткізушілер емес, жеткізушілердің тізімін көрсетіңіз. Өз кәсібіңіздің өзгелерден артықшылығын көрсетіңіз. Бәсекелестікті жеңіп шығатын жолдар мен бағыттарды айтыңыз. Өзге бәсекелестерді жамандаудың қажеті жоқ. Бұл сіз жайлы кері ойды қалыптастырады. Егер нарықта озып шығатын кепілдігіңіз болса, соны айтыңыз және көрсетіңіз .

Тұтынушымен келіссөз

Сізге көтерме бағамен тауар алғысы келетін тұтынушы келді делік. Бұл үлкен пайда әкелетін жағдай болғандықтан келіссөз жүргізесіз. Егер тұтынушының тапсырысы көп болса, жіберіп алуға болмайды. Ол үшін алдымен сыпайылық танытыңыз. Сіздің іскерлік қарым-қатынасыңыз компанияңыздың сапалы жұмысын көрсетеді. Шындықты айтыңыз. Өз тауарыңызды асыра мақтаудың қажеті жоқ. Шындық бірден ашылады. Ал сіздің тауарыңыздың сапасы жайлы ақпарат бірден тарайды. Тұтынушының қажеттілігін анықтап, соған қарай ұсыныстар білдіріңіз. Өз дүкеніңіздің немесе кәсібіңіздің жұмыс принципін түсіндіріңіз. Осылайша ірі тұтынушыларды ұстап қалуға мүмкіндік аласыз.

Дайындаған: Назархан Уән

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!