Корей тілі – әлемдегі ең сыпайы тіл. Әңгімелесушінің мәртебесін ескеру үшін тиісті сөздер мен жалғауларды пайдалану қажет. Бұл тек тілді ғана емес, мәдениетті де жақсы білуді көздейді. Бүгінгі таңда корей тілінде шамамен 80 миллион адам сөйлейді.
Корей және қазақ тілдерінің тамыры бір яғни екеуі де алтайлық тілдік топтан шыққан деген болжам бар. Лингвистердің пікірінше, корей мен қазақ тілдерінде 300-ге жуық сөз ұқсас болып келеді. Шынында, бұл тілдерде дауыс үндестігі, жалғамалылығы, сөйлем мүшелерінің орналасуы секілді ұқсастықтар бар. Ал сіз елімізде корей тілін тегін оқытатын орталық барынан хабардарсыз ба?
Оңтүстік Корея елшілігінің білім беру орталығы
Алматыдағы «Оңтүстік Корея елшілігінің білім беру орталығы» 1991 жылдың 22 тамызынан бастап қызмет етеді. Орталықтың мақсаты – корей тілін 8 деңгейде оқыту. Орталық мамандары корей тілін оқитын мектептерге қолдау көрсетеді. Оларды оқулықтармен қамтамасыз етеді. Корея Республикасынан келген тіл мамандарымен жұмыс істейді. Мұнда корей тілін оқитын студенттер саны жылына 2000-нан асады.
Global Korea Scholarship
Орталық Корея Республикасы Үкіметінің Қаулысымен тағайындалған «Global Korea Scholarship» шәкіртақы қорына басшылық ете отырып, Оңтүстік Кореяда білім алып жатқан қазақстандық жас таланттарды ынталандыруда. Корея Республикасының Үкіметі жыл сайын шетелдік отандастарын туған елінің бүгінгі тұрмыс-тіршілігімен таныстыру мақсатында түрлі бағдарламалар дайындап, Кореяға шақырады. Бұл бағдарламалар математика, корей тілі курстарын және арнайы демалыс курстарын қамтиды. Оңтүстік Корея елшілігінің білім беру орталығында әр жылы оқу жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Жәрмеңкеге республикадағы жетекші университеттерден келген профессорлар қатысып, шетелде білім алуға байланысты ақпараттарға жеңіл қол жеткізуге мүмкіндік береді. Институт Қазақстанның 30-дан астам оқу орындарымен жұмыс жасайды. Олардың қатарында мектеп-лицейлері, гимназия, коллежд және университтер бар.
Әлемдік білім беру деңгейінің рейтінгіне сәйкес, Оңтүстік Корея 2014 жылы көш басына шығып, бірнеше жылдар аралығында үздік ондықтан түскен емес. Демек, жастардың болашағы үшін, еліміздің болашағы үшін әлемнің үздік білім ордаларымен тәжірибе алмасу аса маңызды екенін ескеру қажет. Бұл орайда институт басшылығы мемлекеттер арасындағы алтын көпір болып отыр десек те болады.
Оқу бағдарламасының жоспары
Жылына 2 семестр: көктемгі семестр – ақпаннан мамырға дейін / күзгі семестр – қыркүйектен желтоқсанға дейін
Семестр ұзақтығы: 15 апта
Деңгейлер: 1-ден 8-ге дейін
Сабақтың өткізілу тілі: орыс немесе кәріс тілі
Сертификат алу шарттары
Барлығы 100 балл (қатысу 20 балл + емтихан 80 балл) өту балы – 70 балл. 7 рет сабаққа қатыспаған жағдайда сертификат берілмейді және 1 жыл бойы курстарға тіркелуге тыйым салынады. Егер сіз қатарынан алғашқы 4 сабақты жіберіп алсаңыз, сіздің тіркелуіңіз жойылады және 1 жыл бойы курсқа тіркелуге тыйым салынады.
Курсқа жазылу тек белгіленген күндері ғана жүргізіледі. Орталық жеке сайтын жүргізе отырып, түрлі әлеуметтік желілер арқылы қоғаммен тығыз байланыс орнатуда.