Біліп жүр
Нұрбақыт Төреханов: Қала ұйқыға кеткенде инфобизнес оянады
Инфобизнес: Инфокәсіпкер, инфосыған және эксперт деген кім?
Ескерту! Танымдық мақала ішіңізді пыстырмас үшін криминал элементімен жазылды. Мұндағы инфомафия дегеніміз – инфобизнес.
Нұрбақыт Төреханов және оның командасы инфомафиямен айналысады. 1-ақ жылдық ішінде олар мектеп бітірген оқушылардан іскер жігіттерге айналды. Balbal.kz журналистік «тергеудің» протоколын жасады.
-Толық аты-жөніңіз?
-Нұрбақыт ….
-Сіз «Нұреке» деген лақап атпен танымалсыз ба?
-Иә.
-Айтқаныңыздың бәрі таспаланады. Өтірігіңіз үшін заңмен жауапқа тартылатыныңызды ескертеміз. Ал енді бұл мафияға қалай тап болғаныңызды айтыңыз:
Нұреке:
Инфомафияға қалай келдім?
Жасым 18-де. Тараздың тумасымын. Бүгінгі таңда студентпін. Оқу орным Нұр-Сұлтанда, өзім Алматыдамын. Оқу онлайн жүріп жатқандықтан уақытты тиімді пайдаланайын деп Алматыға келгенмін. Инфомафияға келгеніме 2 жыл. Ақшадан қатты қиналдым. Қалай да қаражат табу керек болды. Міне, осылайша бұл әлемге тап болдым.
Инфомафиядағы рөліңіз қандай?
Мен инфопродюсермін. Продюсер деген ұғым кино және музыка индустриясында қолданылады. Енді мен сияқты продюсерлер инфо саласында да бар. Білім алғысы келетіндер (клиент) мен білім бергісі келетіндердің (эксперт) ортасындағы көпірдің рөлін инфопродюсер атқарады. Біз кино мен музыканың орнына білім сатамыз.
Инфопродюсердің жазылмаған 4 заңы бар
«Білімді адамды байытып өзің байығың келсе, бізге кел»;
«Білімді адамның ниеті түзу болмаса, оның білімінің құны көк тиын»;
«Қалаға ұйқыға жатқанда инфомафия оянады. Бизнес жасайды»;
«Инфосыған болу оңай, инфокәсіпкер болып қалу қиын»;
Инфопродюсер нақты не немен айналысады?
Экспертке сенімділік ұялатады. Олар өз білімін сатқаннан ұялады, қысылады. Не эксперт деп кеуде керуге ерте деп артқа шегеді. Міне, сол кезде инфопродюсер уақыты келгенін түсіндіреді.
Инфоөнімнің қаңқасын жасайды. Идея, дизайн, атау, формат, ерекшелік – мұның бәрі қаңқа.
Жарнамасын ойластырады. Кез келген өнімге жарнама керек. Инфопродюсер қандай жолмен сату керегін ойластырады. Сызбасын сызып, стратегиясын құрып тастайды. Сол стратегия бойынша жұмыс істеу үшін қандай мамандар керегін шешеді. Ол мамандар дұрыс істемесе, инфопродюсер біліп қояды. Себебі инфопродюсер – әртүрлі қарым-қабілетке ие универсалды адам. Оның қолынан инфобизнестегі кез келген жұмыс келеді. Бірақ соның бәрін шебер ұйымдастырғанды жөн көреді.
Экспертке «жоқ» дейді. Инфобизнесті жасап көрмеген эксперт жарнамаға тым көп ақша салып жіберуі мүмкін. Болмаса біліктігін дұрыс паш ете алмай қалуы да ғажап емес. Мұндайда инфопродюсер «жоқ» деп дұрыс бағыт-бағдар беріп отырады. Нәтижесінде ақша үнемделеді, жүйкеге салмақ түспейді.
Тестілейді. Инфопродюсер қалай төлем жасалатынын, жалпы инфоөнімге қандай баға қойылатынын шешеді.
Болашақты болжайды. Әрі қарай эксперт қалай дамиды? Бұл бизнесті ресми түрде бекіту керек пе? Тағы басқа инфоөнім қосыла ма? Осы сұрақтарға инфопродюсер жауап іздейді.
Инфопродюсерге қандай білім керек?
Маркетингтің қағидасын білуі шарт. Бұл дегеніміз – клиенттің келбеті, оның басын ауыртатын мәселелердің шешімі, жан қалауын дөп басатын жарнама.
Стратег болу маңызды. Бүгінгі күнмен шектелмей, ертеңгіні жоспарлай беру керек. Жарты жылдық, бір, бес, он жылдық даму жоспарын жасай алуы міндет.
Кәсіпкерлік қабілет керек. Ақпаратты ақшаға айналдыра алуы қажет. Ненің қалай табыс алып келетінін мұрнымен сезіп, көзбен елестетіп, енді қолмен ұстауға дайын отырғаны игі.
Мықты ұйымдастырушылық қабілет талап етіледі. Бір мақсат үшін бәрінің басын біріктіре алса, жұмыс жүреді. Нәтиже де өзін ұзақ күттірмейді.
Ең бастысы, өзгеріске бейім болуы шарт. Өйткені инфобизнес ережесі тез өзгереді. Кешегі жүйе бүгін сатылым алып келмеуі ғажап емес. Міне, сонда инфопродюсер жаңа шешім ойлап табуы тиіс.
Экспертке қандай талап қойылады?
Білім беріп, бағыт-бағдар берсек, кез келген инфопродюсер бола алады. Бірақ кез келген эксперт бола алмайды. Себебі маман экспертке айналуы үшін ұзақ жылдар керек. Эксперт тәжірибелі, мықты маман болмаса, бәрі бекер. Инфопродюсер инфосығанмен жұмыс істегісі келмейді. Жалпы, инфосығандардан абайлау керек.
Инфосығанды инфокәсіпкерден қалай ажыратамыз?
Инфокәсіпкер – білім сату арқылы ақша тауып жүрген эксперт. Оның өз саласы бойынша кемінде 5-7 жылдық тәжірибесі болады. Ол инфоөнімі арқылы сапалы білім береді. Курсындағы әр сабақ құнды, еш жерден көшірілмеген, ұрланбаған ақпараттан тұрады. Сонымен қатар ол клиенттің кез келген сұрағына нақты жауап беріп, нәтижеге жетуіне көмектесе алады.
Ал инфосыған – инфокәсіпкерге қатты ұқсағысы келетін пысықай. Ол инфоөнімін тексерілмеген, көшірілген, ұрланған контенттен жасай салады. Шын мәнінде, оның бұл сала бойынша сондай терең білімі жоқ. Оны тек ақша қызықтырады.
Кім қанша ақша табады?
Мен айына 20 миллиондық айналым жасаймын. Табыс келісімге сай белгілі бір пайыз бойынша инфокәсіпкер мен инфопродюсер арасында бөлінеді.
Нақтырақ?
50/50, 70/30, 30/70 бойынша эксперт пен инфопродюсер арасында табыс бөлінеді. Егер жарнама, түсірілім бойынша барлық шығынды эксперт өз мойнына алса, ол табыстың 70%-на ие болады. Инфопродюсер 30%-ды місе тұтады. Шығынды инфопродюсер көтеріп алса, онда керісінше эксперт 30%-ды қанағат қылады. Әдетте таза табыстың 50%-ын эксперт, 50%-ын инфопродюсер алады. Өз басым осы жүйе бойынша жұмыс істеймін.
-Протоколға қол қойыңыз.
Пы/сы: Жастар арасында танымал «Мафия» ойыны «Қала ұйқыға кеткенде мафия оянады» деген сөздерден басталады. Ондағы мафиялардың мақсаты – бірігіп қала тұрғындарын қырып салу. Ал біздің инфомафиямыз керісінше білімнің сапасын арттырғысы келеді. Оның ойынша білім ұлтты қалың ұйқысынан оята алады. Міне, сол үшін күн сайын инфобизнес қала тұрғындарына қарағанда кешірек жатып, сәл ертерек оянады.
Журналистік тергеуді жүргізген: Жазира Байдалы