Біліп жүр

Нартай Аманғалиұлы: ұстаздардың жұмысын жеңілдеткім келеді

«Ustaz tilegi» – ұстаздарға арналған қазақ тіліндегі пайдалы платформа. Қашықтықтан әріптестерімен тәжірибе алмаса отырып, біліктілігін арттыратын ұстаздарға арналған онлайн сайт. Ust.kz сайтының дамуы жайлы негізін қалаушы Сембаев Нартай Аманғалиұлымен сұхбаттастық.

Нартай мырза, cәлеметсіз бе! Оқырманға өзіңізді таныстырып өтсеңіз?
Мен –  «Ustaz tilegi» ғылыми-әдістемелік орталығының  директоры және негізін қалаушыcымын. Шымкент қаласының тумасымын.  Отбасымызда әкем мен анамды қосқанда тоғыз адамбыз: бес қыз және екі ұл. Үйдің ең кенжесімін.

Ұстаздарға арналған орталықты ашуға не себеп болды?
Бала кезден IT және білім саласына қызығатынмын. Анам, әкем, әпкелерім – педагог мамандар. Негізгі арманым  педагогтардың жұмысын жеңілдету болатын. Анам жұмысында өте белсенді еді. Сондықтан ол кісіні таңертең және кешке ғана көретінбіз. Сол кезден бастап ұстаздардың жұмысын жеңілдететін орталық ашқым келетін. Ұстаздарға арналған әр түрлі сайттарда, салаларда жұмыс істегенмін. Нарықты зерттей келе Қазақстанда мұндай орталық жоқ екенін ұқтым.  Орталық пен ust.kz сайты 2017 жылы тіркелді. Содан бері  3 жыл бойы жұмыс істеп келеміз.
Негізгі мақсатымыз – ұстаздарға кез келген уақытта, кез келген жерде білім алуға мүмкіндік жасау және ұстаздарға бос уақыт сыйлау. Оқушылармен кері байланыс жасауды, тәжірибесін дамыту, тым болмағанда, үйіне, отбасына уақытты көбірек бөлу деген мақсат болды.

Ұжым қалай құрылды? Қызметкерлерді таңдаудағы басты талаптар қандай? Орталықта қанша қызметкер жұмыс істейді?
2017 жылы  Дәулет деген жігітпен  танысқан болатынмын. Ол – IT саласының маманы. Содан бастап бірге жұмыс істеп жүрміз. Басында көптеген қиыншылық болды. Өзіміз 0-ден бастадық. Әр түрлі адамдармен жұмыс жасадық. Қазіргі команда уақыттың тексерісінен өткен адамдар. Жұмыс жасау барысында, қанша қиын болса да, табыс таппасақ та, басынан бірге жүрген команда десем болады. Қазір ұжымда 25-тен аса адам жұмыс істейді. Өйткені біз енді  үлкейіп, жаңа мамандарды қабылдап жатырмыз. Қазір 5-6 маман тәжірибеден өтіп жатыр.
Қызметкерлерге қоятын басты талап – педагогикадан хабары болуы. Өйткені бұл сайт мұғалімдерге арналған. Жұмысына адал, тиянақты болуы керек. Берілген дедлайнды уақытылы орындай алуы қажет. Бізде сайтпен қатар курстарымыз бар. IT бағытында жасалған компания болғандықтан, программистерге жаңа бағдарламалау тілін үйрену қажет. Ал ұстаздарға келетін болсақ, 3 жылдан көп тәжірибесі бар, бұрын осындай ораталықтарда немесе offline түрде сабақ берген болуы керек.

Орталықтағы қызметкерлер білімін жетілдіре ме? Шетелдік тәжірибе алмасу бар ма?
Орталықта 3-4 менеджер маркетинг бөлімінде жұмыс істейді. Қуаныш Шонбайдың SMM мамандығы бойынша оқып жатыр. Жалпы командамыздың талаптарының бірі  әр ай сайын немесе әр екі ай сайын білімін толықтырып отыруы керек. Болашақта шетелге барып оқытуды  жоспарлап отырмыз. Біз жаңа бағыттағы компаниямыз.  Қазақстандағы білім саласына арналған үздік он сайттың қатарына кіреміз. Мысалы  кеше ғана біздің сайтқа 90 мыңға жуық Қазақстандық ұстаз кірген. Негізі тіркелген нақты ұстаз саны 140 мыңға жуық.

Материалдық база қанша уақытта жаңарып отырады?
Курстардағы материалдар жылына бір рет жаңарып отырады. Курсты оқыған ұстаздармен бір  жыл бойы  тұрақты түрде кері байланыстамыз. Жасаған жұмыстарын сұрап, бақылап отырамыз. Білім беру, біліктілікті арттыру курстарын өткізгендіктен білім және ғылым министірлігінің 95-ші бұйрығына сай, біз ұстаздарға бір жыл уақыт аралығында материалдарды сақтап отыра аламыз. Бір жылдан кейін өзгертіп, дамытып отырамыз.

Ашылған сәттен бастап онлайн форматта жұмыс істейсіздер. Биылғы жағдайға байланысты қашықтықта оқу жүйесі орталығыңызға қандай әсерін тигізді?
Карантин уақытынан бұрын, яғни көктемде, сайтты 30-50 мыңға жуық ұстаз қолданатын. Карантиннен кейін  20-30%- ға қолданушы саны көбейді. Ұстаздардың компьютерлік сауаты артты десек те болады. Бұрын сол жайлы сұрақтар көп қойылатын еді. Ал қазір бірден өзіміздің курстарға кіріп,  өзінің білімін алып, сабақтарын оқи береді.

Ұстаздар орталықтан білімін жетілдіру үшін не істеу керек?
Ұстаздарға жұмысты барынша жеңіл етуді қарастырғанбыз. Ол жерде ұстаздар сайтымызға кіріп,тіркеледі. Өз парақшасын ашып,  қалаған курсына кіріп, кез келген банк картасы арқылы бірден төлем жасайды. Курс сағат санына байланысты. Мысалы, 36 немесе 72 сағаттық курстар бар. Курс соңында тест тапсырып, нәтижесіне сай сертификатын алады. Егер 75 баллдан төмен жинаса,  қайтадан оқуына болады.

Әдістемелік жинақты енгізу ақылы ма?
Әдістемелік жинақты, яғни, еңбектерін, ашық сабақтарын, мақалаларын, баяндамаларын біздің сайтқа тегін жариялап, жарияланғанын растайтын  тегін сертификат алады. Біз БАҚ өкілі ретінде тіркелгенбіз. Біздегі жарияланған материалдардың барлығы БАҚ-та жарияланған болып есептеледі. Барлық педагог біліктілігін арттыру үшін баспаға өз материалдарын жіберуі қажет. Біз соны онлайн  басылымда жариялаймыз.

Материалдар қандай бағытта болуы керек? Белгілі бір ережесі бар ма?
Сайтқа кіріп, материал жариялау дегенді  немесе тегін сертификат алу дегенді басса ережесі шығады. Сол ережеге сай ұстаз қай пәннен сабақ береді, сол пәнді таңдайды. Грамматикалық қателіктер болмауы керек.

Конференция, вебинарға қатысушы ұстаздар қалай іріктеледі?
Ол жерде  спикер немесе лектор болады. Қазіргі уақытқа дейін 2 конференция өтті. Конференцияны бізде Назарбаев мектебінің ұстаздары немесе әр түрлі оқу орындарының ұстаздары, директорлары, білім бөлімінің қызметкерлері келіп,  конференцияларын өткізеді. Таңдаған кезде, бұрын тәжірибесі болған,  осы саланың эксперті болуы керек. Көрермендерге YouTube арнасына тегін доступ береміз. Ұстаз болсаңыз, біздің сайтқа тіркеліп, конференция басталған күні  тегін көре аласыз. Осы уақытқа дейін 70-ке жуық вебинар түсірдік. Біздің сайтқа тіркелген 140 мың ұстаз кез келген уақытта оны тегін көре алады.

Орталық өзін қалай жарнамалайды? Ұстаздар орталық жайлы қайдан, қалай ақпарат ала алады?
Жарнаманың негізгі көзі – сайт. Сол арқылы ұстаздар сайтқа кіріп, басқа  әріптестерінің мақаласын  тегін жүктеп алып, өзінің сабағы барысында қолдануына болады. Ұстаздар әлеуметтік желідегі парақшамыздан хабарландырулар алып отырады.

Жоспарларыңыз жайлы айтыңызшы?
Қазақстанда барлық ұстазды онлайн түрде оқытқымыз келеді. Ауылдық жердегі, қаладағы ұстаздарымыздың барлығы бірдей деңгейде білім алып, жастардың дамуына үлес қосып,  сапалы білім берсе деп ойлаймыз. Жалпы өз ойым бойынша, жүз оқушыға сабақ бергеннен гөрі, бір ұстазға жақсы білім берсек, елдің дамуына үлкен үлесімізді қосамыз. Ұстаздарға қызмет жасағандықтан «Мұғалімдер бөлмесі» деген жоба жасап жатырмыз. Жобаның авторы және продюсері – Әсем Мерекеқызы. YouTube арнасында өтеді. Ол жерде ұстаздарға арналған өте пайдалы, құнды ақпараттар шығарамыз деп үміттенеміз. Ең құнды мамандық иесі – ұстаздар. Ұстаздарды есімізге ала бермейміз. Сол үшін осы жобаны аштық. Әр дүйсенбі күні өтіп отырады.

Орталықта  оқушылар мен студенттерге арналған бағдарламалар бар ма? Әлде сайт тек ұстаздарға арналған ба?
Негізгі бағытымыз ұстаздарға арналған. Оқушыларға немесе студенттерге бізде  олимпиадалар, жарыстар ұйымдастырылып отырады. Біз жарыстарды әр түрлі мектептермен, орталықтармен бірге ұйымдастырамыз. Оған ұстаздар да, оқушылар да, студенттер де қатыса алады.

Жұмысыңызды қалай қорытындылайсыз?
Біздің компанияның дәстүрі бойынша, әр дүйсенбі күні қорытынды жасаймыз. Әр айдың соңында жалпы қорытынды шығарамыз. Қандай жұмыстар атқарылды, болашақта қандай жұмыстар істеуге болады, сайтты немесе орталықты қалай өзгерткен дұрыс  деген сияқты мәселелер қарастырылады. Команда тек  жастардан қүралғандықтан, өзгерістерге, дамуға ашықпыз.

Сұхбаттасқан: Медина Дүкенбаева

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!