Netflix – фильмдер мен сериалдарды ағымдық мультимедиа (стриминг) арқылы көрермен назарына ұсынып отырған америкалық компания. Бастапқы уақытта «Netflix» өзге студиялардың өнімдерін көрсетсе, 2013 жылдан бастап өз фильмі мен сериалын шығара бастады. Balbal.kz сайты «Netflix» компаниясының құрылуы жөнінде материал дайындады.
Netflix-тің құрылуы
Компания негізін 1997 жылы Рид Хастинг және Марк Рандольф қалады. Кәсіпкерлер бизнесті бірге бастаған. Алайда компанияның аяқтан тұрып кетуіне Хастинг көп үлес қосқан. Қос кәсіпкер де ІТ-саласының білікті мамандары және бизнесмендер еді. Бұған дейін Рид Хастинг «Pure Software» компаниясын құрған. 1997 жылы Хастингтің бұл кәсібі $700 млн сатылды.
Рид пен Марк фильмдерді жалға алу саласындағы бірнеше ыңғайсыздықтарды байқаған. Олардың мақсаты видео және фильм дискілерін ыңғайлы әдіспен жалға беруді қамтамасыз ету болды. Осылайша қос кәсіпкер «Netflix» компаниясын құруды қолға алды. Тұтынушыларға дискілерді алу үшін дүкенге немесе кеңсеге келудің қажеті жоқ еді. Барлық жұмыс пошта және банк төлемдері арқылы іске асып отырды. Ал клиенттерге бұрынғы алған дискіні қайтармай тұрып, жаңасы берілмейтін еді. Алғашқы уақытта апталық төлем 4 долларды құрады.
Компанияның дамуы
Хастинг алдыңғы компаниясының сатылымынан түскен қаржыны жаңа стартапына құйды. Бастапқыда сервис қолданушылары тек АҚШ азаматтары болды. «Netflix»-тің бәсекелестерінен артықшылығы – сайтта жаңа фильмдерге шолу және өзге де жаңалықтар жарияланып отыруында. Компания құрылған кезде барлығы 30 адам жұмыс істеп, 900-ге жуық дискіні жалға берді.
Компания жұмысшылары дискінің клиентке аман-есуін жетуін қаматамасыз ету үшін қалың қағаздан арнайы конверть те жасап шықты. Сонымен қатар өзге де бәсекелестерін озу мақсатында Хастинг жаңа әдіс ойлап тапты. Ол сервиске жазылушылар арасында Лос-Анджелеске жолдама ойнатты. Ал екі дискіден көп алғандарға 30 пайыздық жеңілдік ұсынылды.
Алғашқы табыстар
1999 жылы «Netflix» компаниясында 110 адам жұмыс істеп, 250 мың дискіні жалға берді. Дәл осы жылы сервис жұмыс жүйесін де өзгертті. Енді клиенттер бір аптаға емес, бір айға жазылуға мүмкіндік алды. Тапсырыс берушілердің көптігі сонша, 1999 жылы тек бір күннің ішінде 100 000-нан астап тапсырыс келіп түскен.
2000 жылдың басында «Netflix» «Cinematch» атты жаңа жүйені ұсынды. Аталмыш жүйе клиенттің қалауына қарай жақсы фильмдерді іріктеп беретін. Бұл іздеу уақытын азайтты әрі сайтқа жазылушылардың санын көбейтуге көмектесті. Дәл осы жылы компания ірі киностудиялармен келісім жасады. Шарт негізінде студияның жаңа фильмдерін «Netflix» алғаш болып көрермен назарына ұсынды.
Жаңа жүйе
Онлайн сервиске жазылушылар саны күннен күнге артты. Компания табысы еселеніп, жаңа инвестиция көздері де ашылды. 2005 жылдың өзінде сервис аудиториясы 4,2 миллион адамға жетті. 2007 жылдан бастап «Netflix» стриминг арқылы бейнежазба таратуды қолға алды.
2013 жылы «Netflix» сервиске жазылу топтамасының ішіне отбасы абонементін енгізді. 4 адамнан аспайтын отбасы 11 долларға жазылып, қалаған фильмдерін көруге мүмкіндік алды. Осы уақытта Еуропа елдеріндегі жазылу құны бірте-бірте арта түсті. 2014 жылы компания аудиториясы 50 миллион адамды құрап, табысы $266 миллионнан асты.
Әлемге таралуы
2017 жылы «Netflix» аударма және субтитр жасауға фрилансерлерді жұмысқа алды. Осылайша онлайн-кинотеатр өз өнімдерін әлемнің 20-дан астам тіліне аударды. 2020 жылдың 15 қазанында «Netflix» ТМД елдері аумағында ресми түрде орыс тілінде іске қосылды.