QR-код – қарапайым штрихкод. Оның штрихкодтан басты айырмашылығы – ақпарат көлемінде. Мұнда сіз үлкен көлемдегі мәліметті енгізе аласыз. QR-код арнайы орынды қажет етпейді. Ал бизнес әлемінде дұрыс пайдалана білген жанға алып келер пайдасы көп.
QR-код кәсіптің қандай түрлеріне жарайды?
QR-код қазіргі уақытта FMCG-бизнесте яғни күнделікті қажетті тауарлар саудасында кең қолданылады. Мұндай компаниялар үшін QR-код жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қарапайым механизм арқылы сатылым деңгейін өсіріп қана қоймай, тұтынушылармен арада оң байланыс орнатуға көмектеседі.
QR-кодты мейрамхана бизнесінде, жедел тамақтану орындарында, жекелей сауда дүкендерінде, сән салондарында, автокәсіпте қолдануға болады. Олардың көмегі арқылы сайттың сілтемесін немесе әлеуметтік желі парақшасын беруге болады.
QR-кодты бизнесте қалай пайдалануға болады?
Кодтың көпшілігі біле бермейтін қолданыс тәсілдері жетерлік. Солардың бір бөлігін назарларыңызға ұсынамыз.
Қонақтарды мерекелік шараға шақыру
Ұйымдастырушылар түрлі шаралар жайлы ақпарат беруі үшін арнайы алаңдарды қолданады. Ал QR-код арқылы шақыру билетін немесе ивенттің желідегі парақшасын қонақтар назарына жылдам ұсына аласыз.
Сонымен қатар кодтың көмегімен ұйымдастырушылармен байланысу жолдарын, музыкалық line-up, қатысушылар жайлы ақпаратты және жүктеуге арналған сілтемені де енгізуге мүмкіндік бар.
Визит картасы ретінде қолдану
Контакт нөмірі, мекенжай, желіге сілтемесі бар кодты визит картасына енгізуге болады. Мұндай кодты қарапайым стикер бетінде шығарып кез келген жерге жабыстыра аласыз. Жеке компанияңызды немесе өзіңізді таныстырудың жақсы әдісі болып табылады.
Адамдарды чатқа жинау
Бұл клиенттермен байланыс орнату керек кез келген бизнес үшін пайдалы. Мысалы, ұйымдастырушылар іс-шараға қатысушыларды бір чатқа біріктіре алады. Осы жерде олар сұрақтарын қойып, ой бөлісе алады. Ал сән салондары үшін чат-ботқа сілтеме беруге болады. Мұнда клиенттер жазылу уақытын белгілейді. Шағын дүкендерде киімнің өлшемі немесе жеткізу уақыты секілді ақпараттармен еркін алмасуға мүмкіндік бар.
Сауданы төлеу
Кәсіпкер өзі сауда соммасы енгізілген QR-кодты жасай алады. Ал тұтынушы тек кодты сканерлеп, сауданы аяқтайды.
Сауданы төлеудің мұндай әдісін америкалық белгілі телеарна NBC жиі қолданады. Олар трансляция кезінде кадрда көрсетілген тауарды диваннан тұрмай-ақ сатып алуға ұсыныс жасайды. Көрермен тек кодты сканерлейді.
Петербургтегі «Библиотека» мейрамханасы арнайы жоба енгізген. Жоба бойынша клиент даяшының визит картасында көрсетілген QR-кодты сканерлеп, оған шайлық қалдыра алады.
Тауар жайлы ақпарат беру
QR-кодқа тауардың өндірілген мерзімі, құрамы, қолданылуындағы ерекшеліктер секілді ақпаратты енгізуге болады. Мысалы, McDonald’s өнімнің сыртындағы QR-кодқа бургердің немесе сусынның құрамын енгізеді.
QR-кодты қалай орналастыруға болады?
QR-кодпен жұмыс кезінде бірнеше техникалық ережелерді естен шығармаңыз. Мысалы, кодты басып шығарғанда оның мөлшері тым кішкентай болмауы керек. Себебі камера оны көрмей қалады. Парақтағы және буклеттегі кодтың мөлшері 2*2 см болуы қажет. Ал афишадағы мөлшер 5*5 см-ден кіші болмауы тиіс.
Орналыстыру орнына да мән берген жөн. Код немесе стикер адам көзінің мөлшерінде орналасқаны жөн. QR-кодтың өзін ғана ұсыну тұтынушының қызығушылығын оятпауы мүмкін. Сол үшін «QR-кодты сканерлеп, 1 шыны кофені сыйлыққа ал» секілді жарнамалық мәтінді қосыңыз.
Дайындаған: Назархан Уән