Бүгінде ер адамның жүгін арқалап алып, өзінің нәзік жаратылыс екенін ұмытып кететін қыз-келіншек көп. Бұл заман талабы шығар. Бірақ әлемді тербететін әйелдің «қолына қылыш алып, самурайға айналуы» оның өз жаратылысынан алыстауына себеп. Бұл туралы психолог Айжан Қадыр «Самурайдан гейшаға дейінгі жол» кітабында ашып жазады.
Айжан Қадыр кім?
Айжан Қадыр – практик психолог, әйелдер коучы, «Golden.WAY» клубының басшысы. Айжан «Нәзіктіктің 33 сабағы», «Самурайдан гейшаға дейінгі жол» кітаптарының авторы. Ол кітаптарында өзінің, клиенттерінің оқиғаларын бөліседі. Сондай-ақ әйелдердің нәзік құбылыс екенін түсіндіреді.
Басты кейіпкер – бүкіл әйелдердің жиынтық образы
Кітаптың басты кейіпкері Дамира – әйелдер қауымының жиынтық образы. Оның бейнесі, басындағы мәселелері заманауи әйел бейнесін ашып береді. Алғашында Дамира нағыз самурай болатын. Нәзіктіктен алыстаған ол нағыз самурайға айналған. Өз жаратылысынан алшақтаған әйелдің жеке өмірінде көп қиындық пайда болды.
Бұл мәселені өзі шеше алмаған соң Дамира психологтың көмегіне жүгінеді. Психолог Вера есімді әйел. Ол Дамираға гейшалардың құпиясын ашады.
Әйелдің қорқынышы
Әйел еркектің жеке шекарасын, кеңістігін сақтамай жатады. Автор бір сұхбатында клиентінің «ол мені футболымен шаршатты» деп шағымданғанын айтады. Бұл адамның шекарасын бұзу деп түсіндіреді автор. Егер сізге футбол ұнамаса, ол одан бас тарту керек деген сөз емес. Ол футболға кеткенде өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз. Бұлай шекараны бұзу – әйелдің қорқақтығы. Ол алданып қалудан, назарсыз қалудан қауіптенеді. Көбінде қорқынышы расқа айналып жатады. Өйткені әйел бейсанасында ол ойдан арылған жоқ.
Гейшалар қалай шабыт сыйлайды?
Ұлылардың музасына айналған әйелдердің құпиясы неде? Әрине, олар сыйлайтын шалқар шабытта. Әйелдер қауымы осыны түсіне отырып шабыттандырушы болуға тырысады. Сондай-ақ әр әрекетін ашық жасайды.
Бірақ бұл гейшаның ең бірінші құпиясына қарсы. Гейшалар «шабыттандырмай шабыт сыйлайды».
Яғни істеген ісін ашық көрсетпейді. Ал қазіргі әйелдердің «ал мен сені бүгін шабыттандырайын» деп білек сыбанып кірісіп кететін әдеті бар. Сосын соншама энергиясының неліктен босқа кеткенін түсінбей, түңіліп отырады. Сондықтан гейшаның осы ережесін сақтаған дұрыс.
Гейшалардың құпиясын толық ұғыну үшін кітапты оқуға кеңес береміз. Автор Айжан Қадыр айтқандай кітап оқымаған адам көп нәрседен қағылады.
Дайындаған: Дидар Сұлтанқызы