Миллионер

Ақшақар мен 7 дағды

Ақшақар жайлы ертегінің заманауи нұсқасы

Бұл ертегі ой-қиялдың жемісі емес. Керісінше шынайы өмірде болған оқиға.

Баяғы өткен заманда, инстаграм өрлеп тұрған уақытта Ақшақар есімді қыз өмір сүріпті. Бұл Ақшақар сіз білетін Ақшақардан ерекше. Себебі оны тағдыр орманға емес, инфобизнеске қарай қуды. Күндердің бір күнінде Ақшақар әке-шешесі тұратын Қарағанды деген қаладан қашып, білім алу үшін Алматы шаһарына бет алады.

Бұрын-соңды көрмеген шаһары оны таңқалдырды. Әдемілігімен, үлкендігімен ғана емес. Мұнда арманшыл жандар көп еді. Соның әсері ме Ақшақар арманға ерік берді. Ол «диплом» деген қағаз маған керек емес» деп шешті. Мұнысымен ата-анасын, туысқанын шошытты. Арманға жету жолында «диплом» емес, дағды керек деп әрекетке көшті. Сөйтіп инфобизнеске қалай тап болғанын білмей қалды. Оған 7 ергежейлінің орнына 7 дағды көмектесті.

Әрі қарай Ақшақар әңгімелейді:

Ақшақар
Кәусария Сағадатқызы @Yernar Almabek

Фото Ақшақар – Кәусария Сағадатқызы

Сауатты жазу

Сауатты жазуды мектеп қабырғасында меңгердім. Соның арқасында контент-менеджер ретінде тез жұмыс тауып кеттім. Алматыда жұмысым болғандықтан да ата-анам «қашуыма» қарсы шықпады, солайша өзім қалаған оқу орнына түстім. Сондықтан сауатты жазуға көңіл бөлуге кеңес беремін.

Әр адам ой-пікірін сауатты түрде қағазға түсіре алса, ол кәсіпке де, өмір сүру стиліне айнала алады. Бұл — дағды атаулысының адамға сыйлайтын шексіз мүмкіндігі.

Тайм-менеджмент

Тайм-менеджментпен мен инфобизнеске келмей тұрып таныстым. 11-сыныпта оқып жүргенімде осы дағдының арқасында ҰБТ-ға жақсы дайындалып, грант жеңіп алдым. Жалпы, өмірімдегі үлкен өзгерістер де осы дағдымен байланысты.

Брайан Моранның «The 12 weeks year» («Бір жыл = 12 апта») және Дэвид Алленның «Getting things done» («Шаруаларды реттейік») кітаптары тайм-менеджментті түсінуге көмектесті.

Әсіресе, дағдыларды жүйелі түрде меңгеріп, оларға күнделікті уақыт таба алуым осы дағдының арқасы. Жоспарлау жүйем бойынша әр 6 апта сайын 1 дағдыны меңгеремін. Осы дағдылардың алғашқыларының бірі – жылдам оқу, тіпті, менің салама айналады деп кім ойлаған?!

Кәусария Сағадатқызы
Кәусария Сағадатқызы @Yernar Almabek

Жылдам оқу

Инфобизнеске келуіме осы дағды түрткі болды. Мен қалың көпшіліктің жылдам оқығанын қаладым. Жылдам оқытуға уәде беріп, нәтиже бермейтін тренерлерді көріп, нарықтағы бұл жағдайды түзегім де келді. Сондықтан мастер-кластар өткізіп, халықты жинай бастадым. Неге? Кітапты 2-3 идея алу үшін оқимыз. Ал оған 8, 24, 72 сағат жұмсауымыз мүмкін. Бір кітапты айлап оқитындар да бар.

Неге керек кітапты 2 сағатта (мысалы) оқып бітіре салмасқа? Ал қалған уақытты керісінше идеяны іске асыруға жұмсауға болады.

Бұл жерде де уақыт үнемдеу мәселесі тұр. Ал уақыт – өміріміз. Неге оқығанды ұмытып қала беріп, өте баяу оқып, іш пысып, қиналып оқуға «сау бол» демеске? XXI ғасыр ақпарат заманы болғандықтан күніміздің көп бөлігі ақпарат пен жұмысқа кетеді. Ендеше неге осы үрдісті рақатқа айналдырмасқа?

Кәусария Сағадатқызы
Кәусария Сағадатқызы @Yernar Almabek

Есте сақтау

Жылдам оқу курсына қатысқанда еске сақтау бойынша сұрақ қоя бастады. Бұл менің еске сақтау дағдысын меңгеруіме себепкер болды. Нәтижесінде тіпті «Жадыңды жаттықтар» деген кітап та жазып шықтым. Бірақ осы жылдам оқу мен есте сақтаудың қажеттілігі мен кереметтілігін түсіндіру үшін тек құрғақ сөз емес, дұрыс көңіл-күйде берілген сөз керек болды. Ол үшін актерлікті меңгере бастадым.

Актерлік

Мақсат әртіске айналу емес еді. Мақсат әртістіктен арылып, шынайы болмысымды білдіруден қысылмау болды. Бұрын дұрыс эмоция көрсетіп жатырмын ба деп уайымдайтынмын. Бүгінгі таңда мен инстаграмдағы стористерде шынайымын. Қарқылдап күлуден, еңіреп жылаудан, өз ойымды еркін білдіруден қорықпаймын.

Егер сөз саптауың эмоциялық күймен әрленіп отырса, тыңдаушы әсерге бөленеді.

Ал эмоция бар жерде жеке бренд те дамиды, табыс та артады.

Мен жылдам оқу курсына жазылған шәкірттеріме жаным ашитын. Олардың бұл дағдыны тез меңгеріп алғанын қалайтынмын. Сондықтан бұл білімнің маңыздылығын күйіп-пісіп түсіндіретінмін. Мұным сырт көзге ұрысқандай, қысым көрсеткендей сезілетін. Актерлік дағдының арқасында ым-ишаратты пайдалана бастадым. Эфирде өзімді еркін, сенімді ұстауым нәтижесінде табысымды арттырды.

Ораторлық

Инфобизнесте курс сату дегеніміз – өзіңді «сату».

Сізге қызыққан, сенген адам ғана инфоөніміңізді сатып алады. Маған өзімнің білімді, тәжірибелі эксперт екенімді эмоциямен ғана емес, енді жүйелі сөзбен дәлелдеу қажет болды. Сондықтан ораторлық өнер бойынша жеке тренермен жаттыға бастадым. Бүгін даусыма байланысты көп комплимент естимін. Ойды жүйелі, әсерлі жеткізе алуым да абыройымды асқақтатты.

Сату

Презентация жасау, аргумент келтіру, құндылыққа сай құн бекіту, білімді порциялап ұсыну – мұның бәрі сату. Жоғарыда айтқан 6 дағды бола тұра сата алмаса, инфобизнесте жүру қиын. Энергия сарқылады, көңіл қалады.

7 дағдысын дос еткен Ақшақар – 1500-ақ оқырманмен 20 жасында айына 1,5 миллион табатын инфокәсіпкер. Ақшақар жайлы ертегіміз мұнымен аяқталмайды. Balbal.kz Ақшақарға ұзақ әрі бақытты өмір тілейді.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!