Біліп жүр

Штадель үңгірінен табылған «арыстан-адам»

Ең алғашқы өнер туындысы

Адамзаттың жаратылуы ғылым үшін әлі күнге дейін шешімі табылмаған жұмбақ десек те, оның қалай дамып, өркендегі уақыт өткен сайын түсінікті болып келеді. Бұған, әлбетте, археология саласының сіңірген еңбегі орасан. Бүгін біз осы археологияның ең ерекше олжаларының бірі жайында сөз қозғамақпыз.

Тарихшылар қазір өздерін «Homo sapiens» деп атайтын адамзат Африкада пайда болған дейді. Олар мыңдаған жылдар бойы түрлі эволюциялық кезеңдерден өтіп, ақыры Африкадан басқа құрлықтарға көшуді ұйғарады. Бірақ алғашқы талпыныс сәтсіз аяқталған. Тек 70 мың жыл бұрын болған екінші талпыныс кезінде ғана homo sapiens-тердің кей мүшелеріне «қара құрлықты» тастап, Жердің басқа бөліктерін бағындыру бұйырған екен. Ғалымдардың айтуынша, дәл осы жағдай адамның ары қарай дамуына зор ықпал тигізген. Алдымен аса қысқа уақытта Таяу Шығыс, Еуропа мен Шығыс Азия алқаптары бағындырылады. Ал, араға 30 мың жыл салып, яғни 45 мың жыл бұрын адам аяғы Аустралияға жетеді. Осы кезеңде адамдар қайықты, майшамды, ине мен садақты ойлап тапты. Алғашқы өнер туындысы да, шамамен, осы уақытта пайда болды.

Бұл бізге белгілісі ғана. Белгісізі қаншама. Бірақ оған бойлап, болжам жасамайық. Әзірге археологтар тапқан деректерге сүйенейік. Ендеше, «алғашқы өнер туындысы» деген тіркеске тоқталайық. Бүгінгі тақырып та сол жайында. Алғашқы өнер туындысы дегеніміз, Шатедль үңгірінен табылған «арыстан-адам» еді. Бұл әзірге Жер бетіндегі ең көне мүсін болып есептеледі.

Мүсіннің «арыстан-адам» деп аталуы бекер емес. Ол денесі адам, басы арыстан тәрізді жаратылыс иесін бейнелейді. Ғалымдар мамонттың азуынан жасалған бұл өнер туындысын зерттей келе оның осыдан 32 мың жыл бұрын (кейінгі деректерде 40 мың жыл) жасалғанын айтуда. Сондай-ақ, ол өнер туындысы емес, діни табынушылық зат деген болжам да бар.

Мүсіннің табылу оқиғасы да ерекше. 1930 жылдары неміс археологтары Швабдтық Альб тауларындағы Холенштайн шатқалдарынан көне жәдігерлер сақталған үңгірлер жүйесіне тап болады. 1937 жылдан профессор Роберт Ветцельдің басшылығымен Штадель үңгірінде қазба жұмыстары жүргізіле бастайды. Араға екі жыл салып, 1939 жылдың 25 тамызында Отто Фельцинг мамонт азуының жүздеген сынықтарын тауып алады. Алайда, Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткеннен кейін бұл олжалар еш зерттеусіз қоймаға жіберіледі. Арада тағы отыз жыл өткеннен кейін, 1969 жылы жәдігерлер тізімін жасап жүрген профессор Йоахим Хан сынықтардың бір-біріне ұқсайтындығын байқап, олардың бүтін бір мүсіннің жаңғышақтары екенін түсінеді. Сөйтіп, басы жоқ адам тектес мүсінді құрап шығады. Ал, мүсіннің басқа бөліктері 1987 жылы табылып, тарихшы Элизабета Шмидт пен реставратор Уте Вольфтің арқасында қалпына келген. О басында Йоахим Хан «арыстан-адамды» еркек деп топшылаған. Бірақ Элизабета Шмидт оның әйел екенін алға тартты. Ғалымдар қазіргі күні «арыстан-адам» деген атаумен қатар, «арыстан-әйел» деген атауды да қолданады.

Айта кетерлігі, мүсіннің биіктігі 29,6 см, ені 5,6 см, ал қалыңдығы 5,9 см-ді құрайды. Оның сол қолында қатар жатқан жеті сызық бар. Мүсін қазіргі күні Германияның Ульм қаласындағы музейге қойылған.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!