Біліп жүр

Сторителлинг – оқиға арқылы ақпаратты жеткізу әдісі

Сторителлинг арқылы бизнесті дамытуға болады

Сторителлинг яғни «storytelling» ағылшын тілінен аударғанда «хикаялату»  деген мағына береді.  Заманауи тілмен айтқанда сторителлинг деп оқиға/хикая арқылы ақпаратты жеткізу білу әдісін айтамыз. Balbal.kz арнайы оқырмандары үшін сторителлинг туралы көп сериялы материалдау дайындауды қолға алды. 

Сторителлинг қалай пайда болды?

Сторителлинг әдісі пайда болмақ-ай адамзат баласы басынан өткен оқиғалармен бөлісе білген. Мұның тәрбиелік маңызы зор болатын. Алайда оқиғалар айту арқылы қалаған ақпаратыңды қалың көпшілікке әрі түсінікті, әрі өтімді жеткізуге болатындығына ешкім мән бермеген.

1992 жылы «Armstrong International» америкалық компаниясының жетекшісі Дэвид Армстронг өзінің «MBSA: Жан-жақтан оқиғаларды жинай отырып қалайша басқаруға болады» кітабында осы терминді алғаш рет қолданды.

Дэвид Армстронг сторителлингті компанияның жұмысын жақсартатын әрі жаңадан келген қызметкерлерді оқытып-тоқытуға көмектесетін құрал деп қарастырды.

Ол бастапқы кезде оқиғалардың «күш-қуатын» өзі сынап көрген. Күтпеген нәтиже алған Армстронг тәжірибесімен бөлісуді жөн санайды. Бүгінде Дэвид Армстронг кітабымен қатар Аннет Симмонстың «Оқиғалардың күшін қалай пайдалануға болады?» кітабы да үлкен сұранысқа ие.

Негізінен сторителлинг әдісін жазушылар қауымы көп қолданады. Алайда мұнымен сторителлингтің мүмкіндігін шектеуге болмайды. Себебі оқиғалар арқылы аудиторияның қызығушылығын оятып, рухын көтеріп, жылатып, күлдіріп, ең бастысы ақпаратты миларына құю жеңілірек. Кез келген адам көп білетін емес, көпті көргеннің таң қалдырарлық оқиғасын тыңдағысы келеді. Сондықтан қызметкерлерді басқару, сауда-саттық, жұрт алдында сөз сөйлеу, саясатпен айналысу барысында сторителлингті қолдану тиімді. 

Сторителлинг несімен әсерлі? 

Тыңдарманның, көрерменнің, оқырманның түпсанасына және ойлау жүйесіне әсер етеді;

Ақпарат пен ойды барынша «шайнап» береді;

Балаларды, жасөспірімдерді, студенттерді және ересектерді оқытуға, белгілі бір дүниеге баулуға болады;

Кәсіби тұрғыда дайындауға және дайындықтан қайта өткізе мүмкіндік бар;

Ұжымдағы, белгілі бір ортадағы адамдар арасындағы өкпе-реніш, қызғаныш, қысқасы бар дау-дамауды азайта алады;

Адамдар арасындағы қарым-қатынасты жұмсартады, бір-біріне жақындатады;

Мақсатқа қарай қол созып, нақты бір әрекетке көшуге шабыт сыйлайды;

Беделді нығайтады;

Сатылымды көбейтеді.

Сторителлинг және бизнес

Бизнес пен маркетингте сторителлингтің алатын орны ерекше. Кез келген тауарды жарнамалау барысында біз бұл өнімді сатып алған соң тұтынушының өмірі қалай өзгеретініне мән береміз. Тұтынушының тауар алғанға дейінгі өмірі мен одан кейінгі өмірін сипаттаймыз. Ал оның бәрі оқиғалар арқылы іске асады.

Қызметкерлерінің басын қосып, бірнеше сағаттық іш пыстырарлық жиналыс жасайтын бастық енді жүйкесін жұқартпай-ақ қызметкерлерін тәртіпке сала алады. Ол енді өз өмірінен сыр шертеді. Оқиғаларды әсерлі етіп жеткізеді. Нәтижесінде береке мен бірлік артып, мотивация пайда болады. Көп нәрсе қызметкердің ниеті мен пейіліне байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен жүректердің жібитіні шындық

Сторителлинг және бала тәрбиесі

Сабақ оқығысы келмейтін балаға ата-анасы ұрсуды қойып, сторителлинг әдісін қолданғаны жақсы. Алған білімінің арқасында өмірде бағы жанған кейіпкер (кино актері, әнші, спортшы дегендей) туралы әсерлі әңгіме айтуларына рұқсат. Белгілі бір ережені жаттату, формуланы түсіндіру үшін соларды ойлап тапқан ғалымдардың өмірімен таныстырса игі. Өйткені кез келген ғылыми жаңалықтың пайда болуының оқиғасы бары анық.

Сторителлинг – мамандық

Сторителлинг арқылы ақпаратты жеткізетін кәсіби мамандарға деген сұраныс артып келеді. Олардың ассоциациялары да бар. АҚШ-та мұны заманауи мамандық түрі деңгейінде қарастырады.

Америкалық психотерапевтер сторителлинг көмегімен қатты сырқат науқастардың өмір сүруге деген құштарлығын оятып, ауруымен күресуіне түрткі болады екен. Демек сторителлинггтің арқасында жеке брендті қалыптастырып, бизнесті дамытып, ақша тауып қана қоймай, көптеген психологиялық түйткілдерді шешіп, қоғамның дамуына атсалысып, адам өміріне араша бола аламыз.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!